Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 16:47

Атырауда 23 жастағы Яна Легкодимованың өліміне қатысты сот өтіп жатыр

Яна Легкодимова
Фото: ашық дереккөз

Атырауда 23 жастағы Яна Легкодимованың өлімі бойынша өтіп жатқан сот процесі қоғам назарын аударуда.

 Іс соңына таяған сайын оқиғаның егжей-тегжейі бұрынғыдан да қорқынышты сипат ала бастады.

 Соттағы басты дәлел – айыпталушылардың хат алмасуы

Сот отырысында басты айғақтардың бірі ретінде күдіктілер — 24 жастағы Ризуан Хайржанов пен 25 жастағы Алтынбек Катимовтың арасындағы хат алмасу жария етілді.

Хат алмасудың мазмұны бойынша, олар қылмысты алдын ала жоспарлап, тіпті мәйіттен қалай құтылу жолдарын да талқылаған.

 Қылмыс қалай жасалған?

Тергеу мәліметінше, 2024 жылғы 18 қазанда Янаны Хайржановтың көлігінің артқы орындығында тұншықтырып өлтірген. Осы кезде оның сыбайласы Алтынбек Катимов бойжеткен қашып кетпеуі үшін есікті ұстап тұрған. Кейін күдіктілер мәйіттен құтылу үшін оны Талдықұл ауылына жақын жердегі өзенге тастаған.

Қыздың сүйегі тек 2025 жылғы маусым айында, яғни сегіз айдан кейін табылған.

Тергеу болжамы бойынша, қылмыстың себебі – қыздың күдіктілердің екіжүзді әрекетін әшкерелемек болуы. Хайржанов Янадан басқа тағы бір қызбен кездесіп жүрген. Ал Яна бәрін айтып беруге бел буған.

Осыдан кейін Хайржанов пен оның досы Янаны өлтіруге шешім қабылдаған.

Хат алмасудағы кейбір жазбаларға қарағанда, айыпталушылардың бірі Янаның мәйітін қорламақ болған. Ол ойы іске асты ма, жоқ па — әзірге белгісіз.

Тағы бір жайт — хат алмасуда  Хайржанов «Білесің ғой, біз одан да сұмдық нәрселер жасағанбыз...» деп жазған.

Бұл жолдар тергеу мен қоғам арасында Яна ісі жалғыз емес болуы мүмкін деген күмән тудырды.

Қазір екі күдіктіге де алдын ала сөз байласу арқылы кісі өлтіру және жәбірленушінің телефонын ұрлау баптары бойынша айып тағылған.

Белгілі болғандай, Алтынбек Катимовтың әкесі – Құрманғазы ауылынан шыққан отставкадағы полицей, ал Ризуан Хайржановтың туыстарының бірі – Құрманғазы ауданы әкімдігінде қызмет етеді.

Яна Легкодимова кім?

Яна – бір отбасының жалғыз перзенті, оқу озаты әрі аймақтың ең үздік түлектерінің бірі болған.
Ол мектепті қызыл аттестатпен бітіріп, Атырау мұнай және газ университетіне грантқа түскен, кейін магистратураға қабылданған.

Жас зерттеуші дипломын үздік қорғап, ғылыми-зерттеу институтында жұмыс істеген.
Қайғылы оқиғадан бірнеше күн бұрын ғана ол қазақ және ағылшын тілдерінен тестті жоғары балмен тапсырған, ғылыми мансап туралы армандап жүрген.

Сот барысы

Іс судья Зарема Хамидуллинаның төрағалығымен қаралуда. Ол бұған дейін NCOC компаниясы қызметкерін өлтірген қылмыскерге өмір бойғы жаза тағайындаған болатын.