Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:15

Атырауда 46 млрд жымқырды деп айыпталған экс-полицей Аслан Дүйсенов ұсталды

Дүйсенов
Фото: ашық дереккөз

Атырау облысындағы жалған стоматологиялық клиникалар арқылы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) қаржы шығару ісінің басты күдіктісі — бұрынғы полиция қызметкері Аслан Дүйсенов ұсталды.

Бұл туралы Қаржы мониторингі агенттігі (ҚМА) төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов мәлімдеді.

«Біріншіден, оның процесстік мәртебесі — күдікті. Сот оған сырттай айып тағу және қамауда ұстау бұлтартпау шарасын бекіткен. Ол іздеуде жүрген болатын. Қазір ұсталды, сот санкциясын растады»,- деді Елемесов бейсенбі күні Сенат кулуарында журналистерге берген сұхбатында.

Төрт клиника құрылғаны дәлелденді

Қаржы мониторингі агенттігі тергеу барысында Дүйсеновтің төрт жалған стоматологиялық клиника құрғанын анықтаған.

«Қазіргі таңда тергеу бұл клиникаларды оның өзі ұйымдастырғанын толық дәлелдеді. Сол арқылы алынған барлық қаражат көлемі де анықталды», - деді Елемесов.

Еске салайық Бұрынғы УБОП қызметкері Аслан Дүйсенов бұған дейін әлеуметтік желіде бейнеүндеу жариялап, өзін кінәсіз деп мәлімдеген болатын. Ол 46 миллиард теңге көлемінде БЖЗҚ қаржысын ұрлады деген айыпты жоққа шығарған.

«Мен ешкімді алдаған жоқпын, көрсетілген сома — ойдан шығарылған. Мені әділетсіз айыптап жатыр»,- деген еді ол сол видеоүндеуде.

Қаржы мониторингі агенттігі бұл істі «зейнетақы қаражатын жалған медициналық қызметтер арқылы жымқыру схемасы» ретінде тергеп жатыр.