Атырауда арнайы жасақ қызметкерлері басшылыққа шағымданды
Атырау облысында арнайы жасақ қызметкерлері өз басшыларының әрекетіне наразылық білдіріп, шағым түсірді. Олардың айтуынша, бөлім басшысы қарамағындағы қызметкерлерді қорлап, күш қолданған. Бұл туралы Нalyqstan телеграм арнасы хабарлады.
Шағымда полиция майоры Еркебұлан Сапановтың аты аталып, оның жеке басқа тиетін сөздер айтқаны көрсетілген. Сонымен қатар рота командирлері — полиция майорлары Ерік Қарабаев пен Нұрбақыт Басаровқа да қатысты айыптар келтірілген.
Видеода бейнеленген оқиға ақпан айының ортасында болған. Өтініш иелерінің сөзінше, қызметкерлердің бірі басынан соққы алған. Алдын ала мәлімет бойынша, соққы бронежилетпен жасалған.
Полиция бұл жағдайға қатысты қызметтік тәртіпті бұзу фактілерінің бірі расталғанын мәлімдеді. Қазіргі таңда тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.