Атырауда ауада тағы да күкірт сутегінің шекті мөлшері асып кеткен

17 шілдеге қараған түні, сағат 00:00-ден 09:00-ге дейін Атырау қаласының бірнеше ауданында ауадағы күкіртті сутегінің (H₂S) шекті рұқсат етілген концентрациясы 1-5,2 есе артық болған. Бұл туралы Экология департаменті мәлімдеді.
Қауіпті газ тіркелген нүктелер тізімі:
-
№103 «Шағала» – 7 рет;
-
№109 «Шығыс» – 7 рет;
-
№110 «Привокзальный» – 11 рет;
-
№111 «Жилгородок» – 6 рет;
-
№112 «Әкімдік» – 12 рет;
-
№113 «Авангард» – 4 рет;
-
№114 «Загородная» – 11 рет;
-
«Химпоселок» – 1 рет.
Тұрғындардың жағымсыз иіс бойынша жаппай шағымдануына байланысты облыстық экология департаменті мен «Қазгидромет» мамандары 17 шілде күні ауа құрамын жедел тексеріп шыққан.
Тексеру нәтижесі алаңдаушылық тудырды:
-
«Квадрат» булану алаңында күкіртті сутегі мөлшері нормадан 22 есе,
-
Кәріздік бас сорғы станциясы (КОС) маңында 5 есе артқаны анықталған.
Аталған заңбұзушылыққа байланысты «Атырау Су Арнасы» коммуналдық кәсіпорнына қатысты экологиялық тексеру жүргізіліп, мекеме ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 425-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Айта кетейік, бұл – Атырау халқы алғаш рет экологиялық жағдайға байланысты дабыл қағып отырған кез емес. Бұған дейін, маусымда «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватында болған ірі өрт те өңір экологиясына зор зиян келтірген еді. Мың гектарға жуық аумақ өртеніп, қаланы бірнеше күн түтін басып қалған. Сол кезде де ауадағы күкіртті сутегінің мөлшері шекті деңгейден 11 есеге артқаны тіркелген. Сол оқиғадан кейін тұрғындар биліктен нақты әрі жүйелі шараларды талап еткен болатын.