Атырауда автобус жүргізушілері уәде етілген 530 мың теңге жалақының толық төленбейтініне шағымданды
Атырау қаласында автобус жүргізушілері уәде етілген 530 мың теңге жалақының толық берілмей жатқанын айтып шағымданды.
Жүргізушілердің айтуынша, шамамен екі жылға жуық уақыт өтсе де, олардың ешқайсысы бекітілген жалақыны толық көлемде ала алмаған.
Сонымен қатар, олар биыл жылдың басынан бері өздері үшін міндетті әлеуметтік төлемдер — зейнетақы жарналары мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аударымдары төленбей жатқанын мәлімдеді.
Жүргізушілердің бейнеүндеуі әлеуметтік желілерде тарады. Онда жұмысшылар 2024 жылы қалалық мәслихат автопарктер қызметкерлерінің жалақысын 530 мың теңге деңгейінде бекіткенін, алайда іс жүзінде бұл соманың төленбей отырғанын айтады.
Олардың сөзінше, бағаның өсуі мен өмір сүру құнының қымбаттауы жағдайында жалақы мәселесі тіпті өткір болып отыр. Егер мәселе шешілмесе, жүргізушілер жоғары тұрған органдарға, тіпті президентке дейін жүгінуге дайын екенін жеткізген.
Бұл жағдайға Атырау қаласының әкімдігі түсініктеме берді. Әкімдік мәліметінше, 2024 жылдан бастап қоғамдық көлік жүргізушілерінің жалақысы кезең-кезеңімен өсіріліп жатыр, ал төлемдер жолаушылар тасымалына бөлінетін субсидиялар құрамында автопарктерге қарастырылған.
Қала билігінің дерегінше, Атырауда жолаушылар тасымалымен жеті автопарк айналысады, ал әлеуметтік желілерде айтылып жатқан жағдай «Atyrau-Avtopark» және «Algabus» компанияларына қатысты болуы мүмкін.
Әкімдікте жалақы төлеудегі қиындықтар автопарктер ішіндегі есеп айырысу жүйесіне байланысты болуы мүмкін екенін де айтты. Сонымен қатар, мәселені тексеру үшін материалдар бақылаушы органдарға жолдануы мүмкін.
Бұдан бөлек, қала билігі автопарк иелерімен кездесіп, жүргізушілерге жалақының уақытында және толық төленуін қамтамасыз ету үшін жұмыс жүргізетінін мәлімдеді.
Автопарктердің бірінің өкілдері жүргізушілермен кездесіп, қалыптасқан жағдай бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізген.