Атырауда баскетбол залында 13 жастағы бала көз жұмды
Атырау қаласындағы спорт залдарының бірінде 13 жастағы жасөспірім кенеттен есінен танып, оқиға орнында қайтыс болды.
Бұл ақпаратты Атырау облыстық білім басқармасы растаған.
Ресми мәліметке сәйкес, жасөспірім жедел жәрдем бригадасы келгенге дейін көз жұмған. Ол AiRom баскетбол академиясының тәрбиеленушісі болған.
Облыстық білім басқармасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға болған сәтте жаттықтырушылар алғашқы медициналық көмекті дереу көрсетіп, жедел жәрдем шақырған және баланың ата-анасына хабар берген. Дәрігерлер қысқа уақыт ішінде жеткенімен, жасөспірімді аман алып қалу мүмкін болмаған.
"Ол 2024 жылдан бері осы спорт залында тұрақты түрде жаттығып жүрген. 2025 жылғы 9 қазанда берілген №027/у медициналық анықтамаға сәйкес, оның баскетболмен айналысуына рұқсат болған, ешқандай қарсы көрсетілім тіркелмеген. Жаттығулар қолданыстағы ваучерлік қаржыландыру аясында, штаттық режимде өткізілген", - деп мәлімдеді ведомство өкілдері.
Атырау облыстық білім басқармасының ресми ақпаратына сәйкес, Атырау қалалық полиция басқармасы аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғап, сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын бастады. Қайғылы оқиғаның нақты себептері анықталып жатыр.