Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:35

Атыраудағы бассейнде 14 бала хлор буынан уланып қалды

Бассейн
Фото: Serena Repice Lentini / Unsplash

Атырау қаласында бассейнге барғаннан кейін 14 адам медициналық көмекке жүгінді. Барлығында химиялық улану белгілері байқалған.

Атырау облыстық коммуникациялар қызметінің мәліметінше, үш адам ауруханаға жатқызылып, олардың жағдайы тұрақты деп бағалануда. Қалғандары дәрігерлердің бақылауында.

«Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, зардап шеккендер облыстық денсаулық сақтау басқармасының бақылауында. Сондай-ақ барлық бассейн мен аквапаркке санитарлық талаптардың сақталуын тексеру тапсырылды», – делінген әкімдік хабарламасында.

Оқиға орнында эпидемияға қарсы шаралар жүргізіліп, су мен ауа сынамалары алынған. Алдын ала деректер бойынша, ауадағы хлор мөлшері шектен аспаған. Алайда нақты қорытындыны зертханалық талдаулар анықтайды.

Полиция бұл оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғады. Қазір өңірдегі барлық су нысандарында тексеріс басталды.

Айта кетейік, осындай жағдай 2021 жылы Алматыда да болған. Ол кезде синхронды жүзу үйірмесіне қатысқан 11 бала хлор буынан уланып, ауруханаға түскен. Себебі — жаңадан орнатылған хлорлау құрылғысының істен шығуы болған.

Тегтер: