Атырауда болған жол апатынан екі кішкентай бала көз жұмды
26 наурыз күні Доссор елді мекенінде Toyota Estima және Opel автокөліктері соғысқан.
Апат салдарынан 2023 жылы туған қыз бала оқиға орнында көз жұмды. Ал 2021 жылы туған ұл бала облыстық ауруханаға жеткізілгенімен, 30 наурыз күні қайтыс болды.
Балалардың анасы қазіргі уақытта ауруханада жатыр.
Полицияның мәліметінше, жол апатына қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.
Бейресми ақпаратқа сәйкес, қарсы бағыттағы көлікті жасөспірім басқарған.
Орталық Азиядағы ең қауіпті жолдардың бірі – Қазақстанда. Мәселен, 2024 жылы жол-көлік апаттарынан 2 579 адам опат болды, бұл – кейінгі он жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Бұл тенденция жол қауіпсіздігі бағытында ілгерілеу жоқтығын, керісінше, жағдай күрделеніп жатқанының дәлелі.
ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ғалым Сарғұловтың айтуынша, былтыр жыл басынан бері 12 миллионнан астам жол ережесін бұзу дерегі тіркелген. Мұның барлығы полиция қызметінің осы бағытта нәтижесі мардымсыз екенін аңғартады. Қаншама ресми есепте «жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету» шаралары атқарылып жатқаны айтылса да, көрсеткіштер көңіл көншітпейді.
2025 жылдың алғашқы жартысында Қазақстанда жол-көлік оқиғаларының саны ғана емес, олардың салдарының ауырлығы да айтарлықтай күшейген. Сақтандыру компанияларының дерегіне қарағанда, қаңтар-маусым айларында міндетті автосақтандыру аясында 74 мыңнан астам сақтандыру төлемі жасалған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 11,6 пайызға көп. Сонымен қатар адамның өмірі мен денсаулығына зиян келген ауыр жол апаттарының саны бір жылда 54 пайызға өсіп, 15 698 дерекке жеткен. Мұндай мәліметтерді «Евразия» сақтандыру компаниясының сарапшылары Мемлекеттік несие бюросының, Бас прокуратура жанындағы Құқықтық статистика комитетінің және сақтандыру төлемдері статистикасының негізінде келтіреді.
Сарапшылардың есебінше, республика бойынша әр бесінші жол апатының салдары ауыр болған. Орта есеппен алғанда, Қазақстанда болған барлық жол апатының 21,3 пайызы адамдардың ауыр жарақат алуымен аяқталады. Мысалы, 2025 жылғы дерек бойынша, жол апаттарынан 51,6 мың адам жарақат алған, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 18,6 пайызға көп. Ал 2025 жылы жол апаттарынан көз жұмғандар саны 2,3 мың адамға жеткен. Яғни Қазақстанда күніне шамамен 6-7 адам жол апаты салдарынан көз жұмады деген сөз!