Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:22

Атырауда LETS School мектебіне қатысты сот процесі аяқталды

мектеп
Фото: moscowchanges

Атырауда қызметі жүздеген отбасыға қаржылық шығын келтірген жекеменшік LETS School мектебіне қатысты сот процесі аяқталды. 

Сот жоба жетекшісін аса ірі көлемдегі алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Бұл Halyqstan телеграм арнасы жазды.

Тергеу анықтағандай, білім беру мекемесі лицензиясыз жұмысын бастаған. Соған қарамастан мектеп өз қызметін белсенді жарнамалап, ата-аналармен бір жылдық оқу ақысын алдын ала төлеу шартымен келісімшарттар жасаған.

Отбасыларға тереңдетілген бағдарлама, сабақтардың кешкі сағат 18:00-ге дейін өтуі, НЗМ-ге түсуге дайындық, ҰБТ-дан жоғары нәтиже, сондай-ақ тамақ пен балаларды тасымалдау қызметі уәде етілген. Оқу орны 2024 жылғы 1 қыркүйекте салтанатты түрде ашылғанымен, 2025 жылдың ақпанында жұмысын тоқтатқан.

Алғашқы айларда сабақтар кесте бойынша өткен. Алайда қыс мезгіліне қарай жалақы кешіктіріле бастаған. Мұғалімдер жұмысқа шықпай, сабақтар жиі тоқтатылған. Соның салдарынан ата-аналар балаларын оқу жылының ортасында басқа мектептерге ауыстыруға мәжбүр болған.

Отбасылардың басым бөлігі оқу ақысын 12 айға бірден төлеген — бір балаға орта есеппен шамамен 1 миллион теңге. Кейбір жағдайларда бір отбасының төлеген сомасы бірнеше миллион теңгеге жеткен.

Жәбірленуші ретінде жүзден астам ата-ана танылды. Келтірілген жалпы шығын көлемі шамамен 120 миллион теңгені құрады.

Мектеп басшысы кінәсін мойындаған жоқ. Ол алдау ниеті болмағанын, жиналған қаражат жалға алу, жөндеу, жабдықтау және жалақы төлеуге жұмсалғанын айтты. Оның сөзінше, жоба қаржылық жүктемені көтере алмаған. Алайда сот бұл уәждерді қабылдамады.

Сот айыпталушыны аса ірі көлемдегі алаяқтық бабы бойынша кінәлі деп танып, орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеумен алты жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар оған алты жыл мерзімге коммерциялық және қаржылық ұйымдарда басшылық қызмет атқаруға тыйым салынды.

Үкім шыққан сәтте жәбірленушілерге келтірілген шығын өтелмеген.

Тегтер: