Атырауда оққа ұшқан фельдшерді ақтық сапарға шығарып салды

Атырауда 23 жастағы фельдшерді жер қойнына тапсырды. Жас медқызметкер тойдағы төбелес кезінде оққа ұшып, қаза тапқан еді.
Әріптестері марқұмды ерекше құрметпен шығарып салды. Жедел жәрдем көлігінің салонына оның суреті қойылып, медициналық қызметкерлер қаралы процеске бірге қатысты.
Қайғылы оқиға қалай болды?
Оқыс оқиға досының тойында болған. Қонақтар арасында төбелес шығып, жағдай ушығып кеткен. Қақтығысты тоқтатуға шақырылған фельдшерге оқ тиген. Ол оқиға орнында көз жұмған.
Белгілі болғандай, қаза тапқан жігіт 30 шілдеден бері еңбек демалысында болған. Ол алдағы уақытта Ақтауда өтетін медицина қызметкерлерінің спартакиадасына дайындалып жүрген, тіпті жолға билеттерін алып қойған екен.
Полиция күдіктілердің ұсталғанын хабарлады. Олар қамауға алынды. Қылмыстық іс «Адам өлтіру» бабы бойынша тергеліп жатыр.