Атырауда түрмеде өрт шықты: бір адам зардап шекті
24 қаңтар күні кешкі уақытта Атырау қаласындағы ерлерге арналған түзеу колониясының барактарында өрт шықты.
Алдын ала мәліметке сәйкес, өрт шамамен сағат 17:20-да ғимараттардың бірінің шатырынан тұтанған. Бұл туралы "Ақ Жайық" басылымы хабарлады.
Қауіпсіздік мақсатында сотталғандар өзге барактарға эвакуацияланды, мекемеге кіреберіс жолдар уақытша жабылды. Өрт салдарынан бір сотталған адам күйік жарақатын алған.
Оқиға орнында өрт сөндіру бөлімшелері, полиция қызметкерлері және Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің өкілдері жұмыс істеді. Қазір өрттің шығу себептері мен мән-жайы анықталып жатыр.
Кейінірек Атырау облысының ТЖД жағдайға қатысты ресми пікір білдірді:
«Бүгін Атырау облысы ТЖД-ның 112 пультіне Атырау қаласының Тасқала ауылы аумағында орналасқан түзеу мекемесінің ғимаратының шатырынан түтін шыққаны туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына ТЖД күштері мен құралдары жедел түрде жіберілді. Бөлімшелер жеткен кезде екі қабатты ғимараттың шатыры ашық жалынмен жанып жатқаны анықталды. Өрт шыққан сәтте ғимаратта адамдар болмаған, олар кешкі серуенге шығарылған. Қаза тапқандар жоқ. ТЖД күштерімен өрт толықтай сөндірілді. Өрттің шығу себептері нақтылануда».
Оқиға бойынша тиісті тексеру жүргізіліп жатыр.