Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 17:52

Атырауда үшінші тәуліктен бері емделуге кеткен ер адам әлі табылмай жатыр

1
Фото: ашық дереккөз

Атырау қаласында үшінші тәулік қатарынан 59 жастағы Талғат Назаровты іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Ол қалаға ем алу үшін ауылдан келген, алайда ауруханаға бет алғаннан кейін байланысқа шықпаған.

Туыстарының айтуынша, ер адам Атырауды нашар біледі, бұған дейін бұл қалада сирек болған. Осы жайт іздеу жұмыстарын едәуір қиындатып отыр.

Алғашқы нақты белгі тек кеше ғана табылған. Жайық өзені жағасынан оның ұялы телефоны мен бас киімі анықталған. Заттарды туыстары таныған. Алайда сол маңнан өзге ешқандай із табылмаған. Осыдан кейін іздеу жұмыстары күшейтілгенімен, әзірге нәтиже жоқ.

Жоғалған адамның денсаулығы жақындарын алаңдатып отыр. Ұлының айтуынша, Талғат Назаров эпилепсия дертімен ауырады. Талма ұстаса, ол бағдарынан адасып, шұғыл медициналық көмекке мұқтаж болуы мүмкін.

«Әкем қаланы дұрыс білмейді, мекенжайды немесе бағытты шатастырып алуы мүмкін. Оның эпилепсиясы бар, жағдайы үшін қатты алаңдап отырмыз. Үш күн болды, әлі таба алмай келеміз», - дейді ұлы Мақсат Таубаев.

Отбасы іздеу жұмыстарына тартылған күш жеткіліксіз деп есептейді. Олардың сөзінше, аз ғана полиция қызметкері жұмылдырылған, ал құтқарушылар мен төтенше жағдай қызметі өкілдері жеткіліксіз. Жақындары іздеуге қосымша адам күші мен техниканы тартуды сұрап отыр.

Айта кетейік, бұл оқиға жақында ғана Жангелдин ауданында жоғалып кеткен отбасыға қатысты резонансты жағдаймен тұспа-тұс келіп, өңір тұрғындарының алаңдаушылығын күшейткен.