Атырауда жоғалған отбасы: екі адамның мәйіті табылды
Атырау облысында бірнеше күн бойы ел назарын аударған жоғалған отбасыға қатысты жаңа дерек анықталды.
Облыстық полиция департаменті жоғалып кеткен ерлі-зайыптының мәйіттері табылғанын ресми түрде мәлімдеді. Қазіргі таңда тағы екі адамды іздеу жұмыстары жалғасып жатыр, ал қылмыстық іс «Кісі өлтіру» бабы бойынша тергеліп жатыр.
Полицияның хабарлауынша, оқиға Атырау облысының Қызылқоға ауданы аумағында тіркелген. Бұған дейін бір отбасымен байланыс үзілгені туралы ақпарат тараған еді. Іздестіру жұмыстары барысында алдымен ерлі-зайыптының мәйіттері табылған.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, күдіктінің жеке басы анықталған, алайда ол әзірге қолға түспеген. Полиция оны ұстау бағытында жедел-іздестіру шараларын күшейткенін хабарлады. Тергеу мүддесіне байланысты басқа деректер әзірге жария етілмей отыр.
Сонымен қатар, тағы екі адам – отбасының басқа мүшелері әлі табылған жоқ. Оларды іздеу жұмыстарына полициямен қатар төтенше жағдайлар қызметі, еріктілер және арнайы техникалар тартылған. Аумағы кең әрі күрделі болғандықтан, іздеу шаралары тәулік бойы жүргізіліп жатыр.
Еске салайық, 2025 жылдың қазан айынан бері Жангелдин ауылының тұрғындары – Мақсот Қарабалин, жұбайы Насип Утешкалиева және балалары Мирагүл мен Наурыз туралы ешқандай ақпарат жоқ. Туыстарының айтуынша, отбасы еш түсініктемесіз жоғалып, байланысқа шықпаған.
Кейіннен бұл оқиғаға байланысты жаңа жайттар айтыла бастады.
Әлеуметтік желілерде өзін «Атыраудан шыққан хакермін» деп таныстырған белгісіз адам жоғалған отбасының ұлы Наурызға тиесілі SIM-карталардың әлі күнге дейін мезгіл-мезгіл қолданылып отырғанын мәлімдеген. Оның айтуынша, аталған нөмірлердің геолокациясы Өзбекстан аумағында тіркелген, сондай-ақ тәулігіне бірнеше рет WhatsApp мессенджеріне кіру әрекеттері байқалады.
Жоғалған отбасының туыстарының сөзінше, қараша және желтоқсан айларындағы зейнетақы төлемдері белгісіз біреулер тарапынан шешіп алынған, сондай-ақ үйдегі мал басы WhatsApp арқылы сатылып кеткен. Бұған дейін хат-хабар алмасу отбасының ұлының атынан жүргізілгені хабарланған еді.
Алайда, өзін хакер деп атаған адам мемлекеттік органдардың ресми деректеріне сүйенсек, жоғалғандардың ешқайсысы Қазақстан шекарасын ресми түрде кесіп өтпегенін, тиісті базаларда мұндай белгілер жоқ екенін айтады. Сонымен бірге ол Түркістан облысында Өзбекстанға өтетін бейресми жолдар бар екенін, белгісіз тұлғалар соларды пайдалануы мүмкін екенін алға тартады.
Бұдан бөлек, әлеуметтік желілерде отбасының күйеу баласы жоғалған әйелдің банк картасын шетелде, соның ішінде Бали аралында пайдаланған деген ақпарат та тарады. Алайда бұл мәлімет ресми түрде расталмаған.
Ақпарат таратушы өзі мемлекеттік жүйелерді бұзбағанын, тек «ашық деректерге, SIM-карталардың техникалық талдауына және байланыс операторларынан алынған мәліметтерге» сүйенгенін айтады. Сондай-ақ оның күдікті тұлғаға қатысты болжамы барын мәлімдеген.