Атырауда жоғалған отбасы: қаза тапқан ерлі-зайыптылар туған ауылында жерленеді
Атырау облысында қоғамды дүр сілкіндірген қайғылы оқиғаға қатысты жаңа мәліметтер белгілі болды.
Бұған дейін «дәрігерге барамыз» деп үйден шығып кеткен бір отбасының хабар-ошарсыз жоғалуы көпшіліктің алаңдатқан еді. Кейінірек Атырау облысы аумағында сол отбасының ерлі-зайыпты мүшелерінің мәйіті табылғаны хабарланды.
Қайтыс болған ер мен әйел Жангелдин ауылында жерленбек. Жерлеу рәсімі бүгін олардың туған-туыстарының үйінің ауласында өтеді деп жоспарланған. Мәйіттер Миялы елді мекенінен жеткізіледі. Бұл ақпаратты Жангелдин ауылдық округінің әкімі Қанат Ғайса растады.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша кісі өлтіру фактісімен қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жалғасып жатыр. Негізгі күдікті ретінде олардың 29 жастағы күйеу баласы — Сұлтан Сәрсемәлиев аталып отыр.
Сонымен қатар, тергеу органдары олардың үлкен қызы — Ақбаянның да жоғалуына ерекше назар аударып отыр. Ол Сұлтан Сәрсемәлиевтің жұбайы, бес баланың анасы. Қазіргі таңда оның қайда екені белгісіз.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, бұл отбасы жабық өмір салтын ұстанған. Көрші-қолаңмен де, тіпті туыстарымен де сирек араласқан.
Сондай-ақ, қаза тапқан ерлі-зайыптылардың ресми түрде еш жерде жұмыс істемегені белгілі болды.
Әлеуметтік желілерде күдіктінің шетелге шығып кетуі мүмкін деген түрлі болжамдар таралуда. Кей деректерде оның Бали аралында болуы ықтимал деген ақпарат айтылғанымен, бұл мәліметтер ресми түрде расталған жоқ. Құқық қорғау органдары аталған нұсқаларды тексеріп жатқанын мәлімдеді.