Атырауда жоғалған отбасы мәйіттері сот-медициналық сараптамаға жіберілді
Алдын ала мәлімет бойынша, оларды Сұлтан Сәрсемалиев пышақтау арқылы өлтірген.
Қаза тапқандардың туыстарының айтуынша, кешке Атырау облыстық полиция департаментінің қызметкерлері отбасына мәйіттердің Геолог шағынауданы маңынан табылғанын хабарлаған. Күдікті осы ауданда айына шамамен 50 мың теңгеге уақытша үй жалдап тұрған.
Олардың туысы Шалқар Мұқанғалиев:
«Әрине, біз үшін бұл өте ауыр. Оның ұсталғанын естігенде Мирамгүл мен Наурыз тірі шығар деп үміттендік. Бірақ кеше олардың да өлтірілгенін хабарлады. Қазір мәйіттер мәйітханаға жеткізілді, сараптама жүргізіледі. Кешке дейін бізге беретіндерін айтты, сонда жерлей аламыз», – деді.
Отбасының айтуынша, жерлеу рәсімі Жангелдин ауылында, ата-аналарының қабірінің қасында өтеді.
Бұған дейін хабарланғандай, олардың ата-анасын да Сұлтан Сәрсемалиев өлтірген, кейін олардың сүйегін қораның ішіне көміп тастаған.
Туыстарының мәліметінше, Сұлтанның әйелі Ақбаян Мұқанғалиева қазір Атыраудағы Авангард шағынауданындағы психологиялық қолдау орталығында болып, медициналық-психологиялық көмек алып жатыр. Бұған дейін ІІМ оның іс бойынша күдікті ретінде қарастырылып жатқанын хабарлаған.
Қазір тергеу жалғасып жатыр, құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтауда.