Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 14:40

Атырауда жоғалған отбасы ісі: полиция «атыраулық хакерді» іздеп жатыр

хакер
Фото: ашық дереккөз

Әлеуметтік желілерде Атырау облысында жоғалып кеткен отбасы ісін «хакер ашты» деген ақпарат тарады. Алайда полиция бұл мәліметтердің шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.

Instagram желісінде өзін «Атыраудан шыққан хакер» деп таныстырған белгісіз адам видео жариялап, жоғалған отбасы ісіне қатысты «жеке тергеу жүргізгенін» айтқан. Оның сөзінше, ол мемлекеттік деректер базасына кірмей-ақ, ашық дереккөздер мен SIM-карталардың белсенділігін талдау арқылы белгілі бір қорытындыларға келген.

Аталған адам күдікті ретінде қаза тапқан ерлі-зайыптылардың қызының күйеуін атаған. Ол 5 қарашадан бастап оқиғалар хронологиясын зерттегенін, ал 14 қарашадан кейін отбасы басшысының телефоны тұрақты түрде қосылмай қалғанын мәлімдеген.

«Хакердің» айтуынша, қараша айында күдікті шамамен екі аптаға Түркияға барып, сол жерде жоғалған отбасы мүшелерінің біріне тиесілі банк картасы пайдаланылған. Кейін ол Ақтауға оралып, Қазақстан аумағында жүрген.

Сондай-ақ, оның мәлімдеуінше, 9 желтоқсанда күдікті мен оның жұбайының SIM-карталары Шымкент вокзалында тіркеліп, одан кейін Өзбекстан аумағында белсенділік танытқан. Кейін олар Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің біріне, нақтырақ айтқанда Индонезияға ұшып кеткен болуы мүмкін.

Бұл мәлімдемелер әлеуметтік желілерде кең таралып, кейбір қолданушылар арасында қызу талқылауға себеп болды. 

Полиция не дейді?

Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл ақпаратқа қатысты ресми түсініктеме берді.

Полицияның хабарлауынша, интернетте тараған «хакер SIM-карталарды талдап, жоғалған адамдардың орналасқан жерін анықтады» деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді.

«Аталған деректердің барлығы құқық қорғау органдары тарапынан заңды жедел-іздестіру және тергеу шаралары барысында, әлеуметтік желілерде қандай да бір хабар шықпай тұрып-ақ анықталған. Кейін олар ресми бағдарлау материалдары ретінде рәсімделді», – делінген хабарламада.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, «хакер» ешқандай жаңа дерек алмаған және дербес техникалық талдау жүргізбеген. Ол таратқан мәліметтер полицияның ресми бағдарлау құжаттарындағы ақпаратпен толық сәйкес келеді және сол материалдар жарияланғаннан кейін ғана алынған.

Сондай-ақ полиция оған қысым көрсетілгені немесе қорқытылғаны туралы мәлімдемелерді де жоққа шығарды.

Құқық қорғау органдары азаматтарды тек ресми дереккөздерге сенуге шақырып, жалған ақпарат таратқаны үшін заңнамаға сәйкес жауапкершілік қарастырылғанын ескертті.

Айта кетейік, полиция мәліметінше, өзін «хакер» деп таныстырған бұл азаматқа қатысты бұрын алаяқтық деректері бойынша төрт қылмыстық іс тіркелген. Қазіргі таңда ол істер бойынша тергеу жалғасып жатыр, ал күдіктіге заң аясында іздеу жарияланған.

Тергеу әлі де жүріп жатыр.