Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 13:21

Атырауда жоғалған отбасы ісінде жаңа мәліметтер пайда болды

1
Фото: ЖИ / Жас алаш

Атырау облысы Қызылқоға ауданына қарасты Жангелдин ауылынан тұтас бір отбасының із-түзсіз жоғалуына байланысты істің айналасында жаңа жайттар айтыла бастады. 

Әлеуметтік желілерде өзін «Атыраудан шыққан хакермін» деп таныстырған белгісіз адам жоғалған отбасының ұлы Наурызға тиесілі SIM-карталардың әлі күнге дейін мезгіл-мезгіл қолданылып отырғанын мәлімдеген. Оның айтуынша, аталған нөмірлердің геолокациясы Өзбекстан аумағында тіркелген, сондай-ақ тәулігіне бірнеше рет WhatsApp мессенджеріне кіру әрекеттері байқалады.

Жоғалған отбасының туыстарының сөзінше, қараша және желтоқсан айларындағы зейнетақы төлемдері белгісіз біреулер тарапынан шешіп алынған, сондай-ақ үйдегі мал басы WhatsApp арқылы сатылып кеткен. Бұған дейін хат-хабар алмасу отбасының ұлының атынан жүргізілгені хабарланған еді.

Алайда, өзін хакер деп атаған адам мемлекеттік органдардың ресми деректеріне сүйенсек, жоғалғандардың ешқайсысы Қазақстан шекарасын ресми түрде кесіп өтпегенін, тиісті базаларда мұндай белгілер жоқ екенін айтады. Сонымен бірге ол Түркістан облысында Өзбекстанға өтетін бейресми жолдар бар екенін, белгісіз тұлғалар соларды пайдалануы мүмкін екенін алға тартады.

Бұдан бөлек, әлеуметтік желілерде отбасының күйеу баласы жоғалған әйелдің банк картасын шетелде, соның ішінде Бали аралында пайдаланған деген ақпарат та тарады. Алайда бұл мәлімет ресми түрде расталмаған.

Ақпарат таратушы өзі мемлекеттік жүйелерді бұзбағанын, тек «ашық деректерге, SIM-карталардың техникалық талдауына және байланыс операторларынан алынған мәліметтерге» сүйенгенін айтады. Сондай-ақ оның күдікті тұлғаға қатысты болжамы барын мәлімдеген.

«Мен ешқандай жүйені бұзған жоқпын. Ашық деректер мен техникалық мәліметтерді ғана талдадым. SIM-карталар қолданылып жатыр, бұл – өте күмәнді жағдай», – делінген оның мәлімдемесінде.

Еске салайық, 2025 жылдың қазан айынан бері Жангелдин ауылының тұрғындары – Мақсот Қарабалин, жұбайы Насип Утешкалиева және балалары Мирагүл мен Наурыз туралы ешқандай ақпарат жоқ. Туыстарының айтуынша, отбасы еш түсініктемесіз жоғалып, байланысқа шықпаған.

Атырау облыстық полиция департаменті отбасының төрт мүшесін де ресми түрде іздеуге жариялаған.