Бүгін, 14:12
Атыраудағы екі ауылды тышқан қаптап кетті: індет тарауы мүмкін бе?
Атырау облысы, Махамбет ауданы, Бейбарыс, Талдыкөл ауылдарында кеміргіш қаптаған. Тұрғындар күні-түні өз күштерімен тышқандарды ұстап, дереу өртеп жатыр.
«Бейбарыс ауыл округінде кеміргіш көбейіп кетуіне байланысты округтегі екі мектеп қашықтан оқытуға көшірілді, екі балабақша жұмысын уақытша тоқтатты», - дейді Махамбет ауданы білім беру бөлімінің басшысы Венера Қабышова.
Тұрғындардың айтуынша, тышқанның жағымсыз иісімен тыныстау да мүмкін емес.
«Індетке қарсы қызмет арнайы дәрі жасақтап берді. Бүгін ғана қолымызға берді. Оны біз тұрғындарға таратамыз. Қазір ауру шыққан жоқ. Сондықтан ауыл айналасын улай алмаймыз. Егер улайтын жағдайда ауыл түгел карантинге жабылу керек», - деді Бейбарыс ауыл окуругінің әкімі Сейілбек Зұлхашов.
Мамандар тышқандардан алынған сынамаларда қауіпті аурудың белгілері анықталмағанын хабарлады. Тұрғындарға дәрі-дәрмектер жеткізілді, тышқандарға қарсы іс-шараларды өздері жүзеге асырып жатыр.