Атыраудағы саябақта қаза болған 7 жастағы қыз ісінде мүсінші кінәлі болып шықты

Атырау қалалық соты 2024 жылғы маусымда "Жеңіс" саябағы аумағында 7 жасар қыздың қаза табуына байланысты істі қарады.
Сот Орал қаласының мүсіншісі Дмитрий Баймукашевті кінәлі деп танып, оған 1 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасын және жәбірленушілерге өтемақы төлеуді міндеттеді.
Апелляциялық сот та бұл үкімді өзгеріссіз қалдырды – әкімдік пен мердігерлердің жауапкершілігі дәлелденбеді.
Оқиға қалай болды?
Оқиға 2024 жылдың маусым айында Атыраудағы "Жеңіс" саябағында болған. Екінші дүниежүзілік соғыстың қаһармандарына арналған бюстердің бірі қатты жел кезінде құлап, 7 жасар Айяру Сабырованы басып қалған. Нәтижесінде ол ауыр жарақат алып, ауруханада көз жұмды. Оның әкесі Айдос Сабыров пен ағасы да жарақаттанған.
Құлаған мүсіннің салмағы шамамен 200 килограмм болған. Ресми нұсқа бойынша, себеп — жел екпіні.
Бюст 2020 жылы пандемия кезінде Атырау әкімдігінің бастамасымен және демеушілер есебінен орнатылған. Жоба ресми бекітілмеген: рұқсат құжаттары, жобалық-сметалық есеп, техникалық қадағалау, баланс ұстаушы ұйым болмаған. Сондықтан бұл ескерткіштер төрт жыл бойы саябақта «иесіз» нысан ретінде тұрған.
Мүсінші кінәлі
Мүсінші Дмитрий Баймукашев — кәсіби мүсінші, атақты шебер Юрий Баймукашевтің ұлы. Ол Оралда өз шеберханасында бюстерді дайындаған, бірақ карантин кезінде Атырауға өзі бара алмаған. Монтаж жұмыстарын жергілікті «Далас» жеке кәсіпкерлігіне тапсырған.
Сотта ол:
«Мен орнатуға қатысқан жоқпын, қандай цемент немесе қоспа пайдаланылғанын да білмеймін. Локдаун кезінде жол жабық болды», — деп түсіндірді.
Дегенмен сот оны кінәлі деп тапты: «құрылыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті болған» деп есептеді.
Қорғау тарапының уәжі
Адвокат Талғат Даулетов сотта:
«Бұл бюстер — ғимарат емес, кіші архитектуралық форма. Ондай нысандарға құрылыс нормалары мен жобалық құжат қажет емес. Сондықтан "құрылыс ережесін бұзу" деген айып мүлде орынсыз. Ол — суретші, құрылысшы емес», — деді.
Ол сонымен қатар монтажды орындаған жергілікті кәсіпкерлердің лицензиясы болмағанын, ал әкімдік нысанды балансқа алмағанын атап өтті.
Кім орнатты, кім бақыламады?
Жобаны сол кездегі қала әкімі Қайрат Уразбаев бастаған, ал жұмысты оның орынбасары Ринат Жанқылышов қадағалаған. Кейін Жанқылышов облыстық мемлекеттік архитектура-құрылыс бақылауының (ГАСК) басшысы болып тағайындалған — яғни, өзі орнатқан нысандарды өзі бақылауға тиіс еді. Бірақ ешқандай тексеріс жүргізілмеген.
Бюстердің орнатылуы ресми қабылдау актісіз, тек фотосурет пен әкімнің нұсқауы негізінде аяқталған. 2024 жылғы трагедиядан кейін жаңа әкімдік «объект қала балансына алынбаған» деп мәлімдеді.
Нәтижесінде — жауапсыз шенеуніктер қызметінен кетті, бірақ жауапқа тартылмады.
Мүсінді орнатқан «Далас» және «Жақсылықова Н.Б.» жеке кәсіпкерлері мүлде құрылыс саласына қатысы жоқ — олардың қызмет түрі сауда және тұрмыстық қызмет көрсету болған.
Лицензиясыз бұл компаниялар ауыр бетон конструкцияларын орнатқан, бірақ қылмыстық істе куәгер ретінде ғана қаралды.
Қорғау тарапы апелляцияда сот үкімін жоюды сұрап, барлық дәлелдерді ұсынғанымен, сот шешімді өзгеріссіз қалдырды.
«Бір де бір әкім жауап бермеді. Ал орнатуға қатыспаған суретші түрмеге кетті», — деді адвокат Даулетов.