Атыраудағы жоғалған отбасы: ауылда ағасы мен әпкесін ақтық сапарға шығарып салды
11 наурыз күні Атырау облысында ұзақ уақыт іздестірілгеннен кейін мәйіттері табылған Наурыз Мұқанғалиев пен Мирамгүл Қарабилинаның жерлеу рәсімі өтті. Бұл туралы Tengrinews.kz жазды.
Туыстардың жаназасы Атырау облысы Қызылқоға ауданына қарасты Жангелдин ауылында өтті. Олармен қоштасуға ауылдың көптеген тұрғыны келген.
Қаза тапқандардың туыстары журналистерге әзірге пікір беруге дайын емес екенін айтып, бұл отбасы үшін орны толмас қайғы екенін жеткізген.
Туыстарының бірі:
«Аға мен қарындас өте қарапайым, мейірімді адамдар еді. Қолындағысын бөлісуге әрқашан дайын болатын. Ешкімге жамандық жасамады. Екеуін де ата-анасының жанына жерледік», — деген.
Наурыз бен Мирамгүлдің мәйіттері қалай табылды
9 наурыз кешке Наурыз Мұқанғалиев пен Мирамгүл Қарабилинаның мәйіттері Атырау қаласының Геолог шағынауданынан табылғаны белгілі болды.
Оларды бұған дейін күдікті Сұлтан Сарсемалиев жалға алған үйдің ауласынан тапқан.
«Ақ Жайық» басылымының мәліметінше, Индонезиядан Алматыға жеткізілгеннен кейін Сәрсемалиев қылмысын мойындап, мәйіттер көмілген орынды өзі көрсеткен.
Бұған дейін тергеуде тек ата-анасының өлтірілгені белгілі болған еді – олардың мәйіттері қаңтар айында Жангелдин ауылындағы қорадан табылған.
Осылайша, туыстары төрт отбасы мүшесінің бірдей өлтірілгенін растады.
Отбасы туралы мәлімет
66 жастағы Мақсот Қарабалин мен 64 жастағы Нәсіп Өтешқалиева Атырау облысындағы Жангелдин ауылында тұрған.
Туыстарының айтуынша, екеуінде де III топ мүгедектігі болған, мал шаруашылығымен айналысқан және ауылдан сирек шығатын болған.
Отбасында үш бала – екі қыз және бір ұл бар еді.
Отбасының жоғалуы
2025 жылғы 25 желтоқсанда полицияға туыстары хабарласып, отбасының байланысқа шықпай кеткенін айтқан.
Туыстарының мәліметінше, қараша айынан бері, әкесі, анасы, 32 жастағы ұлы Наурыз, 35 жастағы қызы Мирамгүл хабарсыз кеткен.
Сол кезде отбасы үйден белгісіз бағытта шығып кеткені хабарланған.
Алдымен ата-анасының сүйегі табылған
2026 жылғы 6 қаңтарда полицейлер зейнеткер ерлі-зайыптылардың мәйітін тапқан.
Әлеуметтік желілерде олар қорадан табылды деген ақпарат тараған.
Ерлі-зайыптылар 8 қаңтар күні Жангелдин ауылында жерленген.

Негізгі күдікті кім
8 қаңтар күні полиция Атырау облысының Махамбет ауданында тұратын 29 жастағы азаматқа ресми түрде іздеу жариялады. Тергеу нұсқасы бойынша, ол қылмысқа қатысы бар болуы мүмкін.
Іс бойынша тағы бір күдікті
25 ақпанда Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов брифингте отбасының кіші қызы Ақбаян Мұқанғалиева да күдікті ретінде танылғанын хабарлаған.

Күдіктілердің Индонезияда ұсталу
29 жастағы Сұлтан Сәрсемалиевке Интерпол бойынша халықаралық іздеу жарияланған. Ол 24 ақпанда Индонезиядағы Сенару ауылындағы қонақүйден ұсталған.
Операция Индонезия полициясының халықаралық бөлімімен бірлесіп жүргізілген. Сол жерде Ақбаян Мұқанғалиева да ұсталған.
5 наурызда күдіктілердің Қазақстанға жеткізілетіні белгілі болды.
Туыстарының айтуынша, Қазақстанға жеткізілгеннен кейін Ақбаян Мұқанғалиева Атыраудағы психиатриялық мекемеге орналастырылған.