Атыраудағы жоғалған отбасы: күдіктінің анасы келінінің психикалық дерті болғанын мәлімдеді
Атырау облысының Махамбет ауданында болған бір отбасының жантүршігерлік қазасына қатысты істің айналасында жаңа мәліметтер пайда болды.
Журналистердің оқиға орнына баруынан кейін күдіктінің туыстары алғаш рет түсініктеме берді.
Кісі өлтіру ісі бойынша басты күдікті саналатын Сұлтан Сәрсемәлиевтің анасы Гүлнар Азмұқанованың айтуынша, оның келіні Ақбаян Мұқанғалиева ұзақ уақыт бойы дәрігерлердің бақылауында болған.
«Бесінші баладан кейін жағдайы күрт нашарлады»
Күдіктінің анасы келінінің психологиялық жағдайы бесінші баласын дүниеге әкелгеннен кейін күрт нашарлағанын айтады. Осыған байланысты оған арнайы ем-дом қажет болған.
Оның сөзінше, ерлі-зайыптылардың шетелге шығуын да осы жағдаймен байланыстыруға болады. Бұған дейін олар дәл осы мақсатта Түркияға барған. Соңғы шетелге сапар да — ем іздеумен байланысты болған.
Шетелге шығу шығынын қаза тапқандардың малын сатып өтеген
Гүлнар Азмұқанованың айтуынша, шетелге баруға кеткен қаржы Ақбаянның әкесі — Мақсот Қарабалинге тиесілі малды сатудан түскен қаражат есебінен төленген.
Еске салсақ, Мақсот Қарабалин мен оның жұбайының мәйіті 6 қаңтар күні Жангелдин ауылындағы өз үйлерінің қорасынан табылған. Бұл қанды оқиғадан кейін күйеу бала — Сұлтан Сәрсемәлиев негізгі күдікті ретінде танылды.
Күдікті — шетелде, тағы екі адам іздестіріліп жатыр
Тергеу деректеріне сәйкес, Сұлтан Сәрсемәлиев алдын ала мәлімет бойынша Индонезия аумағында болуы мүмкін. Ол мәйіттер табылған күні-ақ ресми түрде халықаралық іздеуге жарияланған.
Сонымен қатар, Мақсот пен Нәсіптің тағы екі баласы — Наурыз бен Мейрамгүл де іздеу жарияланды. Олардың қайда екені әлі күнге дейін белгісіз.
Айта кетерлігі, Ақбаян Мұқанғалиеваның есімі ресми іздеу тізімінде жоқ.
Құзырлы органдар істің барлық нұсқасын тексеріп жатқанын хабарлады. Тергеу жалғасып жатыр.