Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 16:47

Атыраудың экс-әкімі сакураның гүлдеуін тамашалап жүрген видеосын жариялады

Бергей
Фото: azh.kz

Бұрынғы Атырау облысының әкімі, халықаралық іздеуде жүрген Бергей Рысқалиев әлеуметтік желідегі парақшаларында сакураның гүлдеуін тамашалап тұрған сәтін көрсететін видео жариялады.

Алайда, Рысқалиевтің сакураны Жапонияда тамашалап жүргені күмәнді. Өйткені видеоға жасалған кері іздеу нәтижесі кадрлардың Бруклин ботаникалық бағында (Нью-Йорк) немесе Лондондағы Кенсингтон бағындағы Альберт мемориалы маңында түсірілгенін көрсетті. Яғни ол Жапонияда емес, осы қалалардың бірінде болуы мүмкін, деп жазды бұл туралы bes.media.

Еске сала кетейік, 2019 жылы Бергей Рысқалиев сырттай 17 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Ол бөтеннің мүлкін жымқыру, алаяқтық жасау, қылмыстық топ құру және басқару, қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану және пара алу баптары бойынша кінәлі деп танылды. Тергеу барысында экс-әкімнің мемлекеттік қаржыны аса ірі көлемде жымқыру схемасын ұйымдастырғаны дәлелденген. Оның інісі, бұрынғы мәжілісмен Аманжан Рысқалиев те 16 жылға сотталған.

Аталған қылмыстық іс 754 томнан тұрған. Бергей Рысқалиевтің әрекеті мемлекетке 72 миллиард теңге көлемінде залал келтірген. Іс олардың сот отырысына қатыспауына байланысты сырттай қаралды.

Бергей Рысқалиев соңғы рет Лондонда жүргені туралы мәлімет тараған болатын. Әлеуметтік желілерде оның бұрынғы Президент әкімшілігінің басшысы Аслан Мусинмен бірге түскен суреті жарияланды.

Айта кетейік, жуырда Алматы қаласының экс-әкімі Бауыржан Байбек те сакура гүлдеуін тамашалап жүрген суретін жариялаған еді. Бірақ Байбектің Жапонияда болғаны анықталды. Ал Рысқалиев, жоғарыда айтылғандай, басқа елде жүрген болуы мүмкін.