«Атыраулық қанішердің» қандай құпиясы бар?
Былтыр жыл аяғында Атырау облысында бүкіл Қазақстанды дүрліктірген сұмдық оқиға болды. Желтоқсанның аяғына қарай «Атырау облысының Жангелдин ауылында бір отбасының төрт мүшесі түгел жоғалып кетті» деген ақпарат тарады.
Ең өкініштісі, олар 2025 жылы қазан айынан бастап көзден таса болған, ал іздеу жұмыстары желтоқсанның аяғында ғана басталды. Яғни айдың-күннің аманында бір үйдің төрт адамы түгел жоғалып кетсе де, ешкім ештеңе білмей қалған. Құқық қорғау органдары да, жергілікті билік те есігінде қара құлып тұрған үйге екі ай бойы назар аудармаған. Қоғам мұндай бейқамдыққа қатты наразы болды.
Одан бері де екі айдан аса уақыт өтті. Барлық қорқынышты күдік расталды. Жоғалған төрт адамның бәрінің көз жұмғаны белгілі болды. 6 қаңтарда ерлі-зайыптының, 9 наурызда олардың екі баласының мәйіті табылды. Басты күдікті – отбасының туған күйеубаласы және кіші қызы! Әрине, қыздың психикалық жағдайына қатысты сұрақтар бар. Ол қазір психиатриялық орталықта жатыр. Қылмысқа қатысы бар-жоғы сараптама және тергеуден кейін анықталады.

Қайғылы оқиғаның хронологиясына шолу жасайық. Марқұм болған ерлі-зайыпты Мақсот Қарабалин (66 жаста) мен Насип Өтешқалиеваның (64 жаста) бір ұл, екі қызы болған. 32 жастағы ұлы Наурыз Мұқанғалиев жазда аудан орталығына жұмысқа кетіп, содан қайта оралмаған. Отбасының 35 жастағы үлкен қызы Мейрамгүл Қарабалина ата-анасымен бірге тұрған. Ал кіші қызы Ақбаян Мұқанғалиева Сұлтан Сәрсемалиев (күдікті) есімді азаматқа тұрмысқа шыққан. Туыстарының айтуынша, ерлі-зайыпты үшінші топтағы мүгедек болған, мал бағады, ауылдан көп ешқайда шықпайды. Сондай-ақ Мейрамгүл мен Наурыз да үшінші топтағы мүгедек ретінде тіркелген.
Хронологияға көз салсақ, алдымен Наурыз жоғалғанға ұқсайды. Өйткені қалаға жұмыс істеуге кеткен беті ауылға қайта оралмаған. Жақындарымен WhatsApp мессенджері арқылы ғана байланысып отырыпты. Бірақ қоңырау шалмай, аудио-хат жібермей, тек хабарлама жазатын болған. Тіпті отбасына тиесілі малды сату туралы тапсырма да Наурыздың мессенджерінен хат түрінде келген. Полиция марқұмдарды іздей бастағанша Наурыздың телефон нөмірі үнемі қосулы болған, соңғы рет 6 наурыз күні Өзбекстанда қосылыпты. Сондықтан көпшілік Наурыздың телефон нөмірін күдіктілер пайдаланған болуы мүмкін деп болжайды. Туыстарының айтуынша, Наурыз жездесі С.Сәрсемалиевпен жақын аралас-құралас болған.
Наурыздан кейін Мейрамгүл жоғалған. Жергілікті тұрғындар оны ауылдан қалаға емдету үшін алып кеткенін айтады, сол кезде рөлде Сұлтан Сәрсемалиев отырған көрінеді. Ол соңғы рет Индер ауданындағы жанармай құю бекетіндегі бейнебақылау камерасына түскен, одан кейін оны ешкім көрмеген. Мейрамгүлдің де телефоны біраз уақыт бойы қосулы тұрыпты.
Осыдан кейін ерлі-зайыптылар да хабарсыз кеткен. Олар 17 қазаннан бастап жұрт көзіне түспеген деген ақпарат бар. Марқұмдардың туыстары арызды 25 желтоқсанда жазды. Оған дейін жергілікті әкімдік пен полиция еш назар аудармаған. Біз облыстық полиция департаментінен мұның мәнін сұраған едік. Мекеме өкілі Мейірім Ердәулет отбасы мүшелері ешқандай есепте тұрмайтынын, сондықтан арыз түскенге дейін олардың жоғалғанын ешкім білмегенін айтты.
Айтпақшы, биыл қаңтарда Қарабалиндер отбасының туыстары БАҚ-қа сұхбат бергенде көпке дейін Наурызбен WhatsApp мессенджері арқылы сөйлесіп отырғанын мәлімдеген. Ол туыстарына анасын дәрігерге апаратынын айтқан екен, бірақ қоңырау шалмай, тек хабарлама жазыпты. Күдіктілер 25 желтоқсанға дейін шетелге шығып кеткенін ескерсек, Наурыздың нөмірін солар пайдаланған болуы әбден мүмкін. Күдіктілер телефон арқылы ауылдағы малды сатып, марқұм болған ерлі-зайыптының қараша мен желтоқсандағы зейнетақысын шешіп алған. Мұнда да бейқамдық көзге ұрып тұр. Мал сатылып жатқанына ауылдың ветеринарлық дәрігері мен әкімдік назар аудармаған, ал туыстар WhatsApp-пен сөйлескен адамның қоңырауға жауап бермейтініне, дауысын естіртпейтініне мән бермеген.
Ресми арыз жазылып, полиция іздеуді бастаған соң 6 қаңтарда үй маңындағы қорадан ерлі-зайыптылардың мәйіті табылды. Күдікті оларды өлтіріп, 1,5 метр терең шұңқыр қазып, көміп тастаған. Шұңқыр үстін топырақпен жауып, диван қойыпты. Осыдан кейін полиция «адам өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғап, 8 қаңтарда Сұлтан Сәрсемалиевке халықаралық іздеу жариялады. Ал Ақбаян Мұқанғалиеваны әу баста хабар-ошарсыз кету дерегі бойынша іздеген. Бірақ 25 ақпанда оны да қылмысқа күдікті ретінде қосты.

Күдіктілер 24 ақпан күні Индонезияның Сенару ауылындағы қонақүйде қолға түсіп, 8 наурызда Алматыға, кейін Атырауға жеткізілді. «Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері индонезиялық әріптестерімен бірлесіп, аталған елдің аралдарының бірінде Атырау облысындағы қылмысқа күдіктіні ұстады. Қазір ол Қазақстанға депортацияланып, уақытша ұстау изоляторына қамалды», – деп хабарлады ІІМ.
Полиция дерегінше, тұтқындалған соң ер адам кінәсін мойындап, хабарсыз кеткендер тізімінде тұрған Наурыз бен Мейрамгүлдің денесін қайда көмгенін айтып берген. Оның көрсетуімен полицейлер қосымша тексеру жүргізіп, Атырау қаласы маңындағы Геолог ықшамауданындағы үй ауласынан марқұмдардың сүйегін тапты. Бұл үйді Сәрсемалиев жалға алып тұрған.
Ең қызығы, желтоқсанда іздеу жұмыстары басталған соң Атырау полициясы мен Ұлттық ұлан қызметкерлері бұл үйді арнайы техниканың көмегімен тексеріп, ештеңе таба алмаған еді. 17 қаңтарда полиция «іздеуге болатын барлық жерді қарадық, ештеңе таба алмадық» деп іздеу жұмыстарын тоқтатқан. Көпшілік полицейлердің күдікті жалға алып тұрған үйдің шағын ауласынан екі бірдей мәйітті таба алмағанына таңғалып отыр. Біз облыстық полиция департаментіне хабарласып, мұның мән-жайын сұраған едік, Атырау облысы полиция департаменті Ақпараттық саясат бөлімінің бастығы Мейірім Ердәулет сұрағымызға тіке жауап бермей, ІІМ-нің БАҚ-та жарияланған ресми хабарламасын жіберумен шектелді.

Айтпақшы, қаңтарда Қарабалин мен Өтешқалиеваның мәйітін табуға байланысты да дау шыққан. «Мәйітті ауыл азаматтары өздері тапқан» деген ақпарат тарады. Мәйіт табылған үй аумағын алдымен полиция қарап, ештеңе таба алмаған, кейін көрші азамат қорадағы жиһаздың орнынан жылжытылғанын байқап, сол жерді қазуды ұсынған көрінеді. Бірақ Атырау облыстық полиция департаменті бұл ақпаратты да жоққа шығарған. Олардың айтуынша, мәйітті тапқан кезде оқиға орнында полиция қызметкерлері болған.
Екі жағдайда да сақшылардың жұмысына сын айтылып отыр. Олар бір отбасыны аман алып қала алмағаны аздай, марқұмдардың денесін де дер кезінде таба алмай қиналды. Көпшілік мұндайда полиция қызметкерлерінің жұмысты тиімді істейтініне күмән келтіруі мүмкін. Ал департамент өкілдері нақты жағдайды түсіндіріп, полиция қылмыс жасалуы ықтимал үй ауласынан мәйітті неге таба алмағанын айтпай отыр.
Күдіктілер елге жеткізілді, тергеу жүріп жатыр. Қылмыстың барлық жай-жапсары алда белгілі болады. Қолда бар ақпаратқа сүйенсек, кісі өлтіруге тұрмыстық жанжал себеп болған. «Қылмысқа ұзақ уақытқа созылған тұрмыстық жанжалдар себеп болған. Тергеу екі және одан да көп адамды өлтіру бабы бойынша жүргізіліп жатыр, іс министрліктің бақылауында», – дейді ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов.
Қ.Нұрмағамбетов қылмыстық істі министрлік бақылап отырғанын айтады, бірақ ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің назар аударғанына сенім аз. Өйткені министрліктің ресми сайты мен әлеуметтік желідегі парақшаларында бұл оқиғаға қатысты ақпарат жоқтың қасы. Біз министрліктің баспасөз қызметіне хабарласқанымызда олар бәрін Атырау облыстық полиция департаментіне сілтеген. Негізі мұндай ауыр қылмыс кезінде министрлік сәт сайын ақпарат таратып, тіпті министрдің өзі жұрт алдына шығып, есеп берсе жөн болар еді. Бірақ халық шулап жатқанда, Сәденов үнсіз қалуды жөн көрді.

11 наурыз күні Наурыз Мұқанғалиев пен Мейрамгүл Қарабалина Қызылқоға ауданының Жангелдин ауылында ата-анасының қасына жерленді. Біз марқұмдардың туыстарына хабарласқан едік, олар әзірше ешқандай түсініктеме бере алмайтынын айтты. Жерлеу рәсіміне ауыл тұрғындарының көбі қатысып, марқұмдармен қоштасты. Осының өзі қарапайым халықтың бұл қанды қылмысты ауыр қабылдағанын аңғартады. Көпшілік құқық қорғау органдары нәтижелі жұмыс істеп, мұндай қылмыстардың алдын алса дейді.
Бір отбасының шаңырағын ортасына түсірген осы оқиға қазақ қоғамының қауіпсіздік деңгейі қай дәрежеде екенін анық көрсетіп бергендей. Шенділер мұндайда азаматтардың бас амандығына кепілдік бере алмай отырғанын мойындамай, істі «тұрмыстық кикілжің» деп жылы жабуға тырысады. Төрт адамның өмірін жалмаған ауыр қылмыстың астарында тұрмыстық кикілжің ғана жатпаған шығар, кім білсін. Кем дегенде бейқамдық, салғырттық және тәрбие мәселесі тұрғаны анық. Тіпті отбасы құндылығының бұзылуы немесе көзқарас қайшылығы да себеп болуы мүмкін. Тергеу нені анықтайтынын күтейік...
Қуаныш Қаппас