Атыраулық құқық қорғаушы Әсел Нұрғазиева өмірден өтті
Атырау облысынан шыққан белгілі құқық қорғаушы, азаматтық белсенді Әсел Нұрғазиева дүниеден өтті. Оның қайтыс болғаны туралы ақпаратты жақындары мен әріптестері растады.
Әсел Нұрғазиева қоғамдық маңызы бар істерге белсене араласқан құқық қорғаушы белгілі еді. Ол, әсіресе, 2011-2012 жылдардағы Жаңаөзен оқиғаларынан кейін зардап шеккен азаматтардың құқықтарын қорғау ісіне қатысып, сол кезеңде кеңінен таныла бастады. Бірқатар жарияланымдарда оның ЕҚЫҰ (ОБСЕ) бақылаушысы ретінде де қызмет атқарғаны айтылып, есімі өңірден тыс жерлерге де мәлім болды.
2012 жылы Әсел Нұрғазиева Ақтау қаласында ұсталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сот оны қоғамдық тәртіпті бұзды және полиция талаптарына бағынбады деген айыппен 12 тәулікке әкімшілік қамауға алған. Бұл оқиға Қазақстандағы және халықаралық құқық қорғау ұйымдары тарапынан сынға ұшырап, азаматтық белсендіге жасалған қысым ретінде бағаланған еді.
Кейінгі жылдары ол 2016 жылғы жер мәселесіне байланысты митингілерге қатысқан азаматтардың да құқықтарын қорғаумен айналысты. Әсел Нұрғазиева өз ұстанымынан айнымай, қоғамдық өмірден шет қалған жоқ.
Әсел Нұрғазиеваның ұзаққа созылған аурудан кейін көз жұмғаны туралы БАҚ беттерінде ақпарат тарады.