Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 18:21

Атыраулық тұрғын жоғалған отбасыға қатысты танымал болған «хакердің» құрбаны болғанын мәлімдеді

1
Фото: Динараның Threads парақшасынан скриншот

Атырау қаласының тұрғыны Динара өзін әлеуметтік желілерде «атыраулық хакер» ретінде танылған пайдаланушының алдауына түстім деп отыр.

Оның айтуынша, ол әлеуметтік желідегі аккаунтына қайта қол жеткізу қызметі үшін ақша төлегенімен, толық соманы алғаннан кейін орындаушы байланысқа шықпай қойған. Бұл туралы "Ақ Жайық" басылымы жазды. 

Ол өз сөзін дәлелдеу үшін Threads платформасындағы парақшасында төлем түбіртектері, хат алмасу скриншоттары мен ақша аударымдарының деректерін жариялаған.

Динараның айтуынша, ол аккаунтын өз бетінше қалпына келтіре алмаған соң, 2025 жылғы 23 сәуірде @hacker.atyrau никімен тіркелген қолданушымен байланысқа шыққан. Ол аккаунтқа қайта қол жеткізіп беретінін айтып, қызметі үшін 150 мың теңге сұраған.

Ақшаны жәбірленуші бөліп-бөліп аударғанын айтады: алдымен 75 мың теңге, кейін 15 мың теңге, соңында тағы 60 мың теңге. Жарияланған материалдарда бұл аударымдарды растайтын чектер мен хат алмасу үзінділері көрсетілген.

Алайда, Динараның сөзінше, барлық сома төленгеннен кейін «хакер» байланысқа шықпай қалған. Кейінірек оның жұбайы хабарласқан телефон нөмірінің Қазақстан аумағынан тыс жерде тіркелгенін анықтаған. Осыдан соң пайдаланушы қайта байланысқа шығып, шетелде жүргенін айтқан.

Сонымен қатар, Динара үшінші тұлғалар арқылы алған мәліметтерге сүйене отырып, @hacker.atyrau есімді қолданушының жергілікті блогерлердің біріне шамамен бес миллион теңге қарызы бар екенін және бұған дейін де өзге клиенттермен осыған ұқсас дауларға іліккенін жазады.

Жәбірленушінің айтуынша, қазіргі таңда бұл адам өзін жапа шеккен тарап ретінде көрсетіп, әлеуметтік желілерде қаражат жинауды бастап, жазылушыларынан қолдау алып отыр.

Басылым Instagram арқылы @hacker.atyrau қолданушысымен байланысуға тырысқанымен, материал жарияланған сәтке дейін жауап ала алмаған.