Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:49, 07 Желтоқсан 2022

Атом электр стансасын салу – өзекті мәселе

None
None

Ресейлік «Росатом» компаниясы өткізген «АТОМЭКСПО – 2022» форумына әлемнің 67 елінен 3500-ге жуық делегат қатысқан болатын.

Екі күнге созылған жиында атом электр стансаларының рөлі кең ауқымда талқыланды.

Халықаралық форумның ашылуы барысында «МАГАТЭ» ядролық энергиясының бас директоры Михаил Чудаков пен Африка «Атом» ұйымының негізін қалаушы Принцесс Мтомбени қатысып, Латын Америкасы, Азия, Африка, Еуропа елдерінің Ресеймен атом энеретикасы саласындағы халықаралық ынтымақтастығын дамытуға қатысты ортақ меморандумға қол қойылды.

Жалпы «Атом» дегеннен елдің бірден шошитыны анық. Шошынуына себеп те аз емес. Мәселен, осы уақытқа дейін халық Семей полигоны мен Чернобыль жарылыстарынан қатты үркіп қалған. Енді, елде АЭС салынса, тағы да сондай апат болады ма деген күдіктері де жоқ емес. Бірақ қазіргі табиғи қайнар көздер мен күн энергиясы, жел энергияларының АЭС-ке қарағанда тиімділігі аз екендігі де көп айтылып жүр. Бұл туралы Ресейде өткен «АТОМЭКСПО – 2022» форумында «Росатом» мемлекеттік корпорациясының күрделі салымдар, мемлекеттік құрылыс және сараптама жөніндегі директоры Геннадий Сахаров «Жел энергетикасы мен күн энергиясы электр қуатының шығындарын азайтып, табиғаттың оттек қорын сақтауы, желдің кинетикалық энергиясын электр қуатына тегін айналдыратындығы жағынан тиімді болғанымен, атом стансасына қарағанда тиімділігі өте аз. Оның себебі, біріншіден, пайда болатын шу адамның және жануарлар әлемінің денсаулығына кері әсерін тигізеді. Екіншіден, жұмыстың тұрақсыздығы, энергияның берілуі бір қалыпты емес, әрі үлкен аумақты қажет етеді. Сондықтан бағасы да арзан емес. Үшіншіден, жел энергетикасы тек жел есіп тұрғанда ғана жұмыс жасайды, ал күн энергетикасы жұмыс жасауы үшін әрдайым күн шығып тұруы қажет. Ал атом энергия стансасы үнемі жұмыс жасап тұрғандықтан, энергияның тапшылығы болмайды.  Сол үшін де атом энергия стансаларын салу қазіргі таңда ең тиімді тәсіл деп танимыз» деп баяндамасында мысалдар келтіре, айтып өтті.

«АтомЭкспо – 2022» форумы аясында өзге де елдерден келген делегаттар «жасыл энергияның» үнемі тиімді бола бермейтіндігін, керісінше, атом энергиясына сұраныстың жоғарылағанын айтады. Мәселен, Түркияның Энергетика және табиғи ресурстар министрлігі Ядролық энергетика және халықаралық жобалар департаментінің директоры Афшин Бостанжы Түркия Республикасының 2053 жылға дейін жарияланған көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жолындағы мақсаттарымен таныстырып, нақты қадамдары туралы айтты. Осы бағытта қолға алынған, оның ішінде «жасыл» жобалар мен бастамалардың ұлттық таксономиясын әзірлеу басты мақсат саналады. Сондай-ақ ол баяндамасында тұрақты қаржыландыруды тарту бойынша Мемлекеттік корпорацияның флагмандық жобаларының біріне айналған Түркияда «Росатом» компаниясы салып жатқан бірінші атом электр стансасы «Ақкую АЭС» жобасына ерекше тоқталды.

Ал «Қазақстан атом энергия стансасына қаншалықты зәру?» деген сұраққа келсек, сарапшылардың болжауынша, электр энергиясының тапшылығы әзір байқалмағанымен, 5 жылдан кейін едәуір азаятындығын айтады. Себебі, дүниежүзі бойынша әлем халқының артуы мен техника мен заманның даму үрдісіне қарай электр энергиясына деген сұраныс күннен-күнге артатыны анық. Содан кейін электр энергиясы мүлдем тапшы жағдайға жететіндігі айтылады. Сол себептен, «Росатом» мемлекеттік корпорациясының басшысы Алексей Лихачевтің түсіндіруінше, «атом электр энергия стансаларын салу аса қауіпті емес саналады. Атом энергиясының қолданыс аясын кеңейтуде қиындықтарды бірге жеңеміз деп сенемін. Форум атомды бейбіт мақсатта пайдалану үшін маңызды қадам болмақ» деп пікір білдірді. Одан бөлек, Египеттің Ядролық және радиологиялық реттеу басқармасы «Эль-Дабаа» атом электр стансасының екінші энергоблогын салуға келісімге қол қойды. Бұл туралы Алексей Лихачев ««Эль-Дабаа» атом электр стансасының екінші энергоблогын салудың басталуы жобаның қарқын алып жатқанын көрсетеді. «Росатом» шетелде белсенді жұмыс жасауды жалғастыруда: біз 11 елде 34 энергия блоктарын салып жатырмыз. Бірақ Египеттегі жоба біз үшін ерекше маңызға ие. Өйткені «Эль-Дабаа» Африка континентіндегі ресейлік технология бойынша салынған алғашқы атом стансасы болады. Бұл Асуан бөгеті салынғаннан бергі Ресей – Египет ынтымақтастығының ең ірі жобасы. Атом электр стансасын іске қосу – Египеттің әлеуметтік-экономикалық және технологиялық өмірінде маңызды рөл атқарады және елдің өнеркәсібі мен экономикасының төмен көміртекті көздерге біртіндеп көшуіне серпін береді. Бұл Египеттің ондаған жылдар бойы сенімді және тұрақты дамуы үшін берік негіз құрайды. Біздің Египеттегі әріптестеріміз бен серіктестерімізді бүгінгі маңызды оқиғамен құттықтаймын!» – деді.

Енді қайтадан «Қазақстанға АЭС қаншалықты қажет?» деген сұраққа келсек, елімізде халықтың пікірі екі жаққа бөлінеді. Яғни бірі –  «АЭС қажет емес» десе, бірі – «қажет» дейді. Ал кешегі Ресейде өткен «АТОМЭКСПО – 2022» форумына эксперт ретінде қатысып келген делегат, кезіндегі «ҚР инженер-энергетик одағы» ММ бас директоры Марат Дулқайыров форумнан қандай ой түйіп келгенін бөлісті. Оның ойынша, атом электр стансасы елімізге ауадай қажет саналады.

— Елімізге бөтен елдің емес, өзіміздің атом электр стансасы қажет. Біздегі баламалы энергетикалар дәстүрлі қазба көздерінен (көмірмұнайгаз) емес, күнненгеотермиялық көздерден энергия алу тиімсіз. Табиғи көздерден алынатын жаңартылған энергиялар уақытымен қалады. Тек атом электр стансасын салу біз үшін маңызды. Жаңартылған энергия көздері де энергия өндіргенімен, атом электр стансасымен салыстыруға келмейді. Себебі, балама энергия көздері тек ауа райына, мезгілге ғана қатысты жұмыс жасайды. Мысалы, бір энергияны алу үшін күннің шыққанын, не желдің тұрғанын күтіп отырмаймыз ғой. Сол үшін де атом электр стансасынан пайдалы ештеңе жоқ деп ойлаймын. Енді ғалымдар одан бөлек басқа тиімді жағын ойлап тапса, қарсы емеспіз. Бізде тек балама табиғи энергиялар мен атом энергиясынан бөлек, жаңа литий-ионды батареялар ғана бар. Бірақ ол тек бір сағат не жарты сағат қана жұмыс жасайды. Ал бізге күндіз-түні энергия бөліп, жұмыс жасап тұратын электр стансасы қажет. Ал АЭС-ті салу үшін кемінде 10 жыл керек. Біріншіден, оның жоспарын жасап, құрылысын салғанша 5-6 жыл кетеді. Ал АЭС-ті салмасақ, бізге 50 пайыз электр энергиясы жетпей жатыр. Қарағандыдан жоғары Солтүстік – Шығыс өңірлерде энергия жеткілікті болғанымен, Балқаштан төмен жақтарда, яғни Алматы, Шымкент, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда өңірлерінде энергия жеткіліксіз.

Ал АЭС-ті салу үшін сенімді елмен келісімге келіп, салуымыз керек. Не болмаса, ешкімге тәуелді болмас үшін консорцуим арқылы салсақ та болады. Мәселен, француздар мен немістердің турбогенераторын, ресейдің реакторын алып, байланыстырып салуға болады. Тәуелділік болмау керек дегенге келсек, халқымыз ерінбей, жаңа техникаларды білуге ұмтылып, еңбектенуіміз қажет, – дейді Марат Дулқайыров.

Энергетик Жақып Қайрушев болса, «Қазақстанда АЭС салу үшін басынан бастап, нақтылап, тексеріп барып салу қажет. Ал оны салу үшін кемінде 10 жыл кетеді. Мүмкін, 8 жылда 1200 мБт-тық бір блогын салуға болады. Одан кейін екінші блокты салу жеңілірек әрі тез. Яғни 5-6 жыл кетеді. Екінші блокты өзіміздің мамандар сала алады. Ал бірінші блокты тек шетелдіктердің көмегімен ғана сала аламыз. Сол үшін де, бізде биылдан бастап, осыған арнайы мамандарды дайындау үшін оқу орындарына жіберіліп жатыр. «АЭС-ті қай ел салу керек?» деген сұраққа келсек, оның жауабын айту өте қиын. Сол үшін де біз АЭС-ті консорциум арқылы салуымыз керек деп ойлаймын, – дейді Жақып Ғалиұлы.

Тегтер: