Аттестациядан не қайыр?

Жақында Алматыда ұстаздарға арналған біліктілік тестін тапсыру кезінде аяқ астынан жағдайы нашарлаған 49 жастағы ер адам қайтыс болды.
Осыдан соң, қоғам пікірі екіге жарылды. Бірі –«Педагогтардың біліктілігін жетілдіруге арналған осындай тестілеу түбімізге жететін болды» десе, енді бірі – «білікті ұстазға біліктілік тестісінің еш қиындығы жоқ» деуде.
Бір анығы, аяқ асты жағдайы нашарлаған ұстазға дер кезінде медициналық көмек көрсетілмеген. Жедел жәрдем кеш келген. Ал ұстаздарға сынақ ұйымдастырылған жерде медициналық көмек көрсететін маман тұрмақ, дәрі қобдишасы да болмаған. Жылына екі рет мұғалімдердің біліктілігін анықтайтын мұндай шарада жедел медициналық көмек көрсететін мүмкіндік алдын ала неге ойластырылмағаны түсініксіз.
Бүгін Бас ұстаз аттестацияның жалғаса беретінін мәлімдеді. Ендеше, ұстаздарды күйзеліске түсіріп, тіпті, о дүниелік етіп жатқан аттестацияның олқылықтарын неге жөндемеске?
Осы оқиғадан соң, әлеуметтік желідегі парақшасында түсініктеме берген Білім және ғылым министрлігінің бірінші вице-министрі Шолпан Каринова: «Аттестация — педагогтың біліктілігін растаудың ұзақ уақыттан бері жұмыс істеп келе жатқан рәсімі. Басқа елдердегідей, оны жүзеге асыру тәртібі уақыт талабына қарай өзгеріп келеді. Жыл сайын білімін жетілдіретін педагог маманға 5 жыл сайын біліктілігін растау қиындық тудырмайды. Оның үстіне, мұғалім аттестациядан өтпесе де жұмысын жалғастыра береді. Аттестация мұғалімге қосымша ақы алуға қажет. Мұғалімнің біліктілігі балаларды оқыту мен білім сапасына тікелей әсер етеді. Мұғалімдердің жалақысы жыл сайын өсіп отыр. Онымен қоса, ата-аналар қауымының талабы да артып келеді. Сол себепті мұғалімдердің құзыреттілігін тексеру құралдары үнемі жетілдіруді қажет етеді. 2018 жылға дейін аттестаттау жүйесі басқаша болатын. Ол кезде екінші, бірінші және жоғары санаттар болды. Ал қосымша төлемдер мынадай болды: екіншісіне – 5 мың теңгеге жуық, біріншіге – 7 мың теңгеден жоғары, ал жоғары санатқа – 17 мың теңге. Әрине, бұл мардымсыз қосымша төлемдер болды. Қоғамда жалақыны көтеру мәселесі белсенді көтеріліп, мұғалімдер педагогикалық шеберлік деңгейіне қарай сараланған жалақыны талап етті. 2018 жылдан бастап, аттестаттаудың жаңа жүйесі енгізілді, оған сәйкес, біліктілік санаттары бойынша қосымша төлемдердің мөлшері жалақының 30%-дан 50%-ға дейінгі көлемін құрайды. Мысалы, педагог-шебер 300 мың теңге алса, онда қосымша ақы 90 мың теңге немесе одан да көп болуы мүмкін. Аттестаттаудың жаңа жүйесі мұғалімнің ақысын шеберлік деңгейіне қарай ондаған, жүз мың теңгеден артық көтеруге мүмкіндік берді», дейді.
Демек, біліктілік тестіден өтсең, жоғары жалақы бар, өте алмасаң, жоқ. Аттестациядан өтпеген ұстаздарды мектептен мүлдем қуып жібере алмайды. Жұмыс істей береді. Алайда аттестацияның сыртында жыл сайын көбейетін жалақыны алу мүмкіндігі бар. Аттестациядан өткен ұстаз жыл сайын қосылатын базалық жалақыдан бөлек, аттестациядан өтіп, жалақының 50% пайыз мөлшеріндегі үстеме ала алады. Ал мұндай жағдайда аттестация мектептегі білім сапасына әсер ете алатын, ұстаз еңбегін бағалаудың шынайы көрсеткіші бола алып отыр деп айта аламыз ба? Біліксіз ұстаз қызметтен қуылмай, бәрібір мектепте сабақ бере беретін болса, аттестациядан не қайыр?
Өзгелер 20 жылдық өтілі бар ұстазды зейнетке шығаруда, ал біз...
Жалпы, аттестация арқылы ұстаздардың өз жалақысын өзіне саудалап отырғанымыз байқалады. Дұрыс, ұстаздардың біліктілігін тест арқылы анықтасын, алайда педагогикалық өтілі 30-35 жыл болған ұстаздарға біліктілік тестінің қажеті бар ма? Жасыратыны жоқ, көптеген елдер, атап айтсақ, Жапония, Латвия секілді елдер ұстаздарды 20 жылдан соң, 55 жастан бастап, зейнетке шығару керек деген ұсыныс көтерген болатын. 20 жылдық ұстаздық еңбек өтілінен соң, олардың оқушылармен әрі қарай жұмыс істеуге физикалық мүмкіндігі жоқ, деген тұжырымға келген. Жасыратыны жоқ, онлайн оқу кезінде өз баласын оқытқан талай ата-ананың жүйкесі сыр бергенінің куәсі болдық. Ал қырық жыл бойына күнделікті 30 оқушымен «алысатын» ұстаздардың жүйке талшықтарының қандай екенін өзіңіз шамалай беріңіз. Енді ол аз болғандай, оны, яғни, ұстазды біліктілік тестісін тапсыруға міндеттеу әділетті бола қояр ма екен?! Елімізде ұстаздарды әлі күнге қағазбастылықтен арашалай алмай келе жатқанда, қосымша «ағылшын тілінде сабақ өткіз», «тоғыз айда ағылшын тілін үйрен», «газет-журналға мақала жаз», «сабақ жоспарыңды сайттарға сал», «эссе жаз», «олимпиадаға бала дайында», деген секілді талаптар қойып, физика немесе биология пәнінің мұғаліміне ағылшын тілін зорлап үйретіп, өз пәнін игерткені аздай, оны ағылшын тілінде өткізуге мәжбүрлеп, кәрі сүйегін сүйреттіріп, 63 жасқа дейін сабақ жүргізуге міндеттеп, тым қатты қинап жіберген жоқпыз ба?! Өзгелер ұстаздық еткен жиырма жылдан соң-ақ зейнетке шығарып жатса, біз ұстаздарды сан түрлі реформаның құрбаны етіп отырған секілдіміз.
«Ағылшын тілінде сабақ өткізгенім үшін қосылғаны 17 мың»
Министрлік өкілдерін сөйлетсек, бәрі дұрыс, бәрі әдемі. «Ережеге сәйкес, мұғалімдер бес жылда бір рет біліктілігін арттырады немесе растайды.Егер мұғалім бірінші рет сынақтан өтпесе, оны қайта тапсыруға мүмкіндігі бар. Ең бастысы, сынақтан өтпеген ұстаз жұмысынан айырылмайды, ары қарай жалғастыра береді.Мұғалімдерге ыңғайлы болуы үшін аттестация жылына екі рет өткізіледі. 2018 жылға дейін бұл рәсім жылына бір рет қана өткізілетін.Мысалы, жыл басында тестілеуден өтпесе, онда сол жылдың қазан айынан желтоқсан айына дейін екінші рет сынақтан өтуге мүмкіндік бар. Бұл ретте, әрбір педагог кез келген күнді және уақытты таңдауға құқылы» дейді. Ал ұстаздардың жанайқайына құлақ түрсек: «Тоғыз ай мектептен жырақтап, ағылшын тілін үйрендім. Қазір сабақты жартылай ағылшын тілінде өткізем. Сондағы қосылғаны 17 мың теңге. Тоғыз ай ағылшын тілінің ізінде жүргеніммен тілді жүз пайыз игердім деп айта алмаймын. Бірақ ауызекі тілде ағылшын тілін сабаққа қолданып жүрміз. Бұл не дүбәрә екенін түсінбедік. Осындай реформаның құрбаны болып отырмыз. Аттестациялау жарайды өтсін, бірақ төмен еңкейіп қалсаң да сынақтан шығарып жіберіп, жан-жақтан камера анталатып қою — адамға жасалған қосымша қысым емес пе?! Артық қимылдауға тыйым салынғандықтан, кеше ғана қайтыс болып кеткен ұстазға басқа мұғалімдер орындарынан қозғала алмай, көмекке кеш келген, деп естіп жатырмыз. Аттестация кезінде тестілеуден бөлек, эссе жазуға да міндеттісің. Ол баллға саналмаса да аттестациялау кезінде барша ұстаз эссе жазуға міндетті. «Тазға тарақ не керек дегендей», мәселен, химия пәнінің мұғаліміне эссе не керек? Тестілеу сұрақтары да түсініксіз. Қанша дайындалсаң да ол сұрақтар келмейді. Қолыңда қосымша папкаң болуы керек. Онда журналдарға шыққан мақалаң, жетістік алған оқушың туралы мәліметтер, сабақ жоспарыңды сайтқа салып отырғаның бәрі көрсетілуі тиіс. Қысқасы, аттестациядан өтсең, жалақың көтерілетіндіктен, әдейі сол жалақыны бермеу үшін бәрін қолдан қиындатып жатқандай», дейді. Бұл сол аттестациялаумен бетпе-бет келген ұстаздың жанайқайы.
Шыны керек дәл қазір бастауыш сыныптан бастап, 11-сыныпқа дейін бүкіл мектеп эссе жазуда. Шұбарлап сөйлейтін ұрпақ оқыған мәтінінен түсінік айта алмай жүргенде, шетелдік білім жүйесіне еліктеп, бәріне эссе жаздырып қойдық. Жалпы, осы қаптаған өзгерістен министрлік шаршамаса да ұстаздар қауымының әбден болдырғаны байқалады. Бәлкім, қаптаған өзгерісті қойып, «ұстаз сабақ берумен айналыссын, шәкірт оқысын», деп білім сапасын көтеруге тырысармыз?! Осы бір қарапайым қағиданы тым күрделендіріп жіберген жоқпыз ба?!
Шолпан Каринова ханым: «Былтырдан бері педагогикалық ЖОО мен педагогикалық мамандықтары бар ЖОО-да ұлттық біліктілік тестілеу енгізілді. Бұл өте маңызды, өйткені мектепке келген жас мұғалім мектеп бағдарламасымен және балалармен жұмыс істейді. Былтыр 32 мың түлек сынақтан өтті. Оның ішінде, өкінішке қарай, 10%-ы ғана ҰБТ-дан өте алды. Осыны негізге ала отырып, болашақ мұғалімдерді дайындайтын университеттерге де талапты көтеріп жатырмыз. Осылайша, қазірдің өзінде 36 университет педагогикалық лицензиясынан айырылды», — дейді.
Білімнен сапа қашқанын вице-министрдің өз сөзі дәлелдеп тұрғанда, басқа жақтан дәлел іздеп қайтеміз?! Бәрін қойып, білім сапасын жақсартсақ қайтеді. «Аттестация мұғалімнің біліктілігін растау және қосымша ақы төлеу үшін өткізіледі», – делінген ведомство хабарламасында.
Ұстаздар қауымы «бұлай жанды қинап берген жалақыға рақмет», дейді. Ұстаздар жалақысы жыл санап көбеюде деп алайқайлап жатырмыз. Бірақ біз осы ұстаздардың өз жалақысын өзіне саудалап отырған жоқпыз ба?!