Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:41

«Атты екен қандай мерген көзі қиып?»

Тазы
Фото: ашық дереккөз

Осыдан бірер апта бұрын интернет беттерінде Атырау облысындағы көктемдегі су тасқыны кезінде құм жағалауларын салуға көмектесіп, бүкіл Қазақстанға танымал болған Пшөн есімді итті атып өлтіргені жайлы ақпарат тараған еді.

Сол кезде қызыл судың бетін қайтару үшін түрлі амалдарға көшіп, ауылдарда тұрғындар өз бетінше бөгет салу жұмысына кіріскені белгілі. Қапшық толы құм тасып, бөгет салуға көмектескен ит дем арасында желі жұлдызына айналып, Пшөннің әрекетіне тамсанған жұрт әлеуметтік желілерде түрлі жазбалар қалдырған.

Пшөнді жабайы ит атушылардың атып тастауы халық арасында дау тудырып, қарсылық күшейді. Пшөннің аянышты өлімі туралы ойлағанымызда, біздің есімізге Сәкен Сейфуллиннің «Ақсақ киік» өлеңіндегі «Атты екен қандай мерген көзі қиып?» деген сөзі еске түсе берді. «Қандай мерген» емес, «қай антұрған» дегіміз келді...

Жеті қазынаның бірі ретінде тазыны ерекше қадір тұтқан халық мәдениетінде иттің орны қашан да ерекше екені анық. Мызғымас достығы мен бұлтармас адалдығы арқылы адам көңілін оп-оңай баурап алатын бұл жануардың болмысы бөлек болса керек. Тек қазақ мәдениеті мен танымында ғана емес, сан ұлттың руханиятына көз салсаң, иттің адалдығы мен достығы туралы сан түрлі аңыз-әңгіме, талай хикаяттарды оңай табуға болады. Әсіресе жапондардың Хатикосы жайлы білмейтін адам кемде-кем шығар. Егесі жүрек талмасынан көз жұмған соң күтуін тоқтатпай, әр күн пойыз бекетіне келетін адал иттің оқиғасы бүгінде күллі әлемге танымал. Тіпті оқиға желісі бойынша фильм түсіріліп, Жапонияда ескерткіш орнатылған. Дәл осы тәрізді оқиғаның бірнеше жыл бұрын Ақмола облысындағы Степногор қаласында орын алғаны жайлы ақпарат беттерінде сөз болған еді. Халі нашарлап, жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізіліп, бірнеше күннен кейін ауыр дерттен жансақтау бөлімінде көз жұмған иесін мекемеге дейін көлікпен ілесіп келген қара иттің осы жерден кетпей, күтіп жүргені көпшіліктің қызу талқысына түскен. Төрт аяқтының адалдығына тәнті болған қала тұрғындары мен аурухана қызметкерлері оны әлгі біз жоғарыда баяндаған Жапон елінің әйгілі Хатикосына теңеген.

Хош, бүгінде иттің түрі де, қызметі де сан алуан. Адамзат алғаш қолға үйретіп, өзіне серік еткен жан-жануардың бірі ит болуы да тегін емес болса керек. Зерттеуші ғалымдардың айтуынша, иттер шамамен б.з.б. 15-10 мың жыл бұрын қолға үйретілген екен. Ит қаңқалары қазба жұмыстары кезінде Шығыс Еуропадан Қиыр Шығысқа дейінгі мұздақ дәуірі алдындағы климаттық зоналы өлкелерден табылған. Ғалымдардың болжамы бойынша, қасқыр бөлтіріктерін қолға үйретуден Азияда бірте-бірте ит пайда болған. Италияндық саяхатшы Марко Поло ХІІІ ғасырдағы қазақтар туралы жазбаларында алып денелі, ерекше күшті иттер жайында былай деп жазып кеткен: «Тайыншадай биік денелі иттер – тағы аңдарды аулауда, күзетте және ауыр жұмыстарда тамаша серік». Саяхатшы қасқыр алатын бұл иттерді Шағатай ұлысынан, хан сарайынан кезіктірген. Оларды өсірумен ханның екі бауыры айналысқан, сол кездегі ит саны 10 мыңға жуықтаған екен. Қасқыр алар иттерге осынша мән беріліп, хан сарайында өсірілуі – жыртқыштармен жағаластырған көшпенді өмір талабы еді. Қазақи төбеттерден қазіргі алабай, азиат овчаркасы, тибет төбеті және де басқа ірі иттер таралғаны жайлы әртүрлі ғалымдардың пікірі де бар. Бүгінде иттердің төрт жүзден астам түрі бар. Үлкен тайыншадай бөрібасар төбеттен бастап, сән-әшекей үшін бикештер қолдарына алып, қойнында ұстап жүретін, салмағы бір килограмға жетпейтін қуыршақ тәрізді иттерді кездестіруге болады. Кинолог Алмас Жапаровтың айтуынша, иттерді тұқымына байланысты күзетші, аңшы, қойшы және тағы басқа бірнеше түрге бөлуге болады. «Иттердің өткен уақыт, болашақ деген түсінігі жоқ. Олар тіпті бүгінгі күнмен емес, дәл қазіргі сәтте өмір сүреді. Сонымен қатар олар адам сияқты ой ойламайды, шынайы эмоциямен, көңілмен және сезіммен ғана жүреді. Сол үшін эмоция — иттің коммуникациясының басты құралы. Иттер тұқымы бойынша бірнеше топқа бөлінеді: күзет, аңшы, қойшы және тағы басқа. Күзет иттері – неміс овчаркасы, ротвейлер, доберман, чихуахуа. Бұл иттер тез ызаланады, сондықтан адамның бәрімен бірдей тіл табыса алмайды. Адамға үйренуі үшін біраз уақыт керек. Аңшы иттер – йоркшир терьері, тазы. Бұл иттер адамды жақсы көреді, оларға шаппайды. Аң аулауға бейімделгеннен соң аңға, басқа итке шабуыл жасауы мүмкін. Ал қойшы итке алабайлар жатады. Олар малды бағып, қорғап жүреді. Негізі тазы да, алабай да адамға шаппайды», – дейді маман.

Әлкей Марғұлан «қола дәуірінен кейінгі кезеңдерде қой мен сиырдан бөлек иттің де құрбандыққа шалынатынын» атап көрсеткен еді. Ал Сарайшық қаласындағы қазба жұмыстары кезінде арнайы жерленген иттер табылған. Қазан қаласының іргетасы қаланғанда астына ит көмілген деген де аңыз бар. Осы қаланың негізін қалаған Бұлғарлар итті арнайы рәсіммен құрбан қылып жерлеп, үстіне ғимарат немесе ғибадатхана тұрғызатын болған. Бұл белгілі бір есепте қоныстың құтты болуы үшін жасалса керек. Яғни «қазақтың ит байласа тұрғысыз жер» деген сөзі бір кездерде «ит жерлесе де тұрғысыз «берекесіз» жер» болуы ғажап емес.

Қазақ қоғамындағы иттің орны мен маңызын әдебиет пен фольклордай ештеңе дөп басып бере алмас. Күнделікті сөз қолданысында жиі ұшырасатын «ит – адамның досы» не «ит – үйдің құлағы» деген мәтелдер бұл жаратылыстың қадірін арттырса да, кей тұста «ұры ит тойса да, тіміскілеуін қоймайды», «иттің бәрі тазы емес, еттің бәрі қазы емес», «ит үреді, керуен көшеді» деп адамның жаманын – ит неме, жаман мінезді кісіні – ит мінез дейтіні тағы бар. Әу бастан ит — жаратушы, қызметші және күзетуші. Өйткені Құдай Тағала әуелі адамның тәнін топырақтан жаратып болып, жерге қойып, итке күзеттіріп, өзі тәнге жан алып келмекші болып кетіпті. Сол мезгілде тәннің жанына шайтан келіп, тәнді жоғалтпақшы болыпты. Көзіне жақсы көрінген соң ит тәнді шайтанға бұзуға бермей, үріп, өзіне қарсы шауып тұрыпты. Сонда шайтан итке суық жіберіпті. Ит жүнсіз тақыр болған соң, суыққа ұшып, өліп қалған мезгілінде, шайтан адамның тәніне жақын келіп, неше мәртебе түкіріп жіберген. Күнәнің басы осыдан болып, азап көрмек, ауырмақтық бұдан қалған. Сол мезгілде Құдай Тағала қайтып келіп, жанды тәнге салып, шайтанға қаhар қылып, сонда да бұл ауру, күнәні адамда қалдырған. Дүниеде тұрған уақытта қажеті бар екен деп және итке жақсы адал қызмет қылғаны үшін жылы тон берген екен-мыс. Ит жаратылысының жанқиярлығы мен адалдығы жайында қазақ әдебиетінің қоржынында Мұхтар Мағауиннің «Тазының өлімі» хикаяты бар. Жазушының бұл шығармасындағы негізгі оқиға желісі тазының күшік күнінен бастап, өмірдің әр қыры тазының көзімен көріп, түйсінгені бойынша өрбіп, ең ақырғы өлімі арқылы тақырып ашылады. Хикаяттағы Лашын – жай ғана қатардағы жануар ғана емес, ұлттық дәстүрден алынған символдық образ. Итті жеті қазынаның біріне балап, ит жүгіртіп, құс салған ұлтымыз үшін ол – көненің жалғасы, қасиетіміздің қайнары, дәстүріміздің құндылығы іспетті. Ал сол тазының өлімі біздің рухымыздың, салтымыздың, халқымыздың қазасы. Лашынның иесіне деген адалдығы, аңшылықтағы қырағылығы, өз ішінен тірегі берік, байлауы мықты ой түюі автордың қазақтардың жойылып бара жатқан ұлттық болмысын жандандыруының көрінісіндей еді. Күшік кезінен асырап, алғыр тазыға айналдырып, өзіне өмір серігі етіп алған тазының иесіне деген адалдығын көруге болады. Ал жазушы Несіпбек Дәутайұлының ит болмысы жайында «Ақ күшік» деген қызықты, киноға сұранып тұрған тартымды хикаясы бар. Тағдыр тауқыметімен бірін-бірі түсінбей ажырасып кеткен жұбайлардың арасын жақындатпақ ниетпен екі ауыл арасында ақ тер, көк тер болып шапқылап, әлек болып жүрген ақ күшіктің өз иелеріне деген махаббаты, адалдығы көркем суреттелінеді. Хикая соңында екі иесін жолықтырмақ болып зыр жүгірген ақ күшік көпір шайылып, топан суға ағып кетеді. Екі жағада тұрған жұбайлар өздері кішкентайынан асыраған иттерінің адамға бергісіз тіршілігіне, адалдығына, иелері үшін жанын пида еткеніне куә болады. Бұл хикаятты толқымай оқу мүмкін емес. Кішкентай ғана ақ күшіктің иелеріне деген адалдығы, тазалығы шынайы көрсетіледі, оқушысына терең ой тастайды. Дулат Исабековтің де «Қабылан» әңгімесінде иттің туған өлке, өскен жеріне адалдығы мейлінше қызғылықты суреттелген. Адамдар арасындағы қызғаныш пен алакөздіктің құрбаны болған Қабылан әңгіме соңында көшкен ескі жұртқа барып қаза табады. Әуезовтің атақты «Көксерек» оқиғасына арқау болған да осы қазақтың алғыр тазылары десе-ді. Базбір ағайын «сол шығарманы автор Джек Лондон туындыларына еліктеп жазған» дегенді айтып қалып жүр. Ал шындығында, қазақ қоғамының тірлігі әуелден ит пен құстың тартысындай, сыртқы дұшпанмен ғана жағаласып қоймай, осы күнге дейін өзара да қарпысқан-шарпысқан, барымта-қарымта, ұдайы арпалыспен жалғасып келетіні анық. Күйеуінің атақты Сарықасқа мен Аққасқа тазыларының әңгімесін зайыбы Валентина Николаевна да жақсы білгені байқалады. О кісі де өз естелігінде: «Бұл тазылар Мұхтар Омарханұлының аяқ жағында жатады екен, кейде көрпесінің ішіне кіріп кететін көрінеді» – деп жазыпты. Жазушының қарындасы Гүлнар Разаққызының естеліктерінде де «Дос» деген «боксер» тұқымды иті туралы айтылады. Өкініштісі, қаламгер қайтыс болған соң Шындостың да тағдыры шырғалаңға түсіп кеткендей…

Адамдардың қат-қабат тағдырымен иттің аңызға бергісіз тарихының осындай байланысы бар екенін жоққа шығаруға болмайды. Ит тек мал шаруашылығында күзетші ғана емес, сондай-ақ аңшылықта, шекара қорғауда, есірткі тасушыларды анықтауда, зілзала, апаттарда адамды іздестіруде, ішкі істер қызметтерінде, соғыс кезінде жарақатты майдан даласынан таситын санитар ретінде пайдаланылатынын білеміз. Тіпті деректерге сүйенсек, Ертіс өңірінің полицейлері жыл басынан бері қызметтік иттердің көмегімен жүзге жуық қылмыстың бетін ізін суытпай ашқан екен. Иттердің сезімталдығына сейсмологтар да арқа сүйейді. Себебі иттерде жер сілкінісін алдын ала болжайтын қасиет те бар екен. Тайгадағы кәсіби аңшылар аң аулауға иттерсіз бара алмайды. Ит аңның иісін алыстан сезіп, оның қайда тығылғанын иесіне «көрсетіп» отырады. Үйрек-қаз, қырғауыл атуға барғанда да аңшылыққа үйретілген ит құстарды үркітіп, оларды атуға мүмкіншілік туғызады. Қалың бұтақтар мен қамыстар арасынан, тіпті суға түскен қаз-үйректі, қырғауылды ит өзі тауып, иесіне жеткізеді. Расында да, ит туралы әңгіме мол, көптеген қызықты оқиғаларды тізіп айта беруге болады. Иттерді ұлт мақтанышына айналдырып отырған халықтар бар. Алысқа бармай-ақ, түрікмен ағайындар жылқысы мен алабай итін ұлттық байлық деп санап, мақтан етеді. Бізде де ата-бабаларымыздан жеткен төбет пен тазы иті бар. Бірақ олар жойылу алдында тұр. Басқа деректерге сенсек, Қазақстан бойынша 500-дей ғана таза тазы бар болса, төбеттер саны тіпті шамалы екен.

Ақгүлім Ерболқызы

Тегтер: