Ату жазасы. Киіктің кінәсі дәлелденген жоқ
«Жас Алаш» газетінің 14 қыркүйек күнгі (№74) санында «Киікке күйек байлаймыз ба?» деген мақала жарияланды. Онда «киік ату ісіне» жан-жақты талдау жасалды.
Әсіресе киікті атпас бұрын ескеретін кейбір түйткілдер мен әлі де шешімін таппаған түйіндерге тоқталған. Кейін де бұл мәселе ақпарат көздерінде кеңінен талқыланды. «Киік атудың» әлі де шикі, ширатылуы тиіс тұстары бар іс екені көбірек айтылды. Бірақ экология және табиғи ресурстар министрі мұны қаперіне ала қоймаған сияқты. Міне, енді ақбөкендер Ерлан Нысанбаевтың нысанасына ілікті.
Министрдің сөзіне сенсек, киіктердің саны жойдасыз өсіп, тарихта болмаған мөлшерге жеткен – 2 миллион. Егістіктерді таптаған, жайылымды тықырлап жеп, қу тулаққа айналдырған. Келтірген шығын да шаш-етектен, 12 миллиард теңге! Енді олардың санын шұғыл түрде қысқарту керек. Қысқартқанда да әуелгі мөлшерден 337 мың ақбөкен азаюы тиіс. Министрлік қысқартудың екі түрлі жолын ойлап тауыпты. Біріншісі – торға қамап ұстау. «Охотзоопром» қызметкерлері киіктердің өрісіне ұзындығы екі шақырым тор жайып, соған қамап түсіру. Сонан соң киіктерді сойып, етін комбинатқа өткізу. Ал екінші тәсіл – ақбөкендерді түнде ату.
Сонымен киіктерді торға қамап ұстау да, ату да басталды. Әлеуметтік желілерде, түрлі ақпарат көздерінде қырылған, әр-әр жерде теңкиіп өліп жатқан, көлікке тиелген киіктің фото, видеолары тарады. Дәл осы уақытта бұрыннан айтылып келе жатқан, бірақ «киік атушылар» ескермеген кейбір маңызды дүниелер кілкіп, су бетіне шықты. Киікті атуға, оның санын қысқартуға, сөйтіп жайылым, егістік жерді қорғауға бұйрық беру оңай болғанымен, оның астарында небір мехнатты, күрделі түйіндердің жатқанын аңғара бастадық. Біз осы мәлелелер жөнінде, әсіресе ақбөкендерді атпас бұрын істелуі тиіс нақты жұмыстар туралы тәуелсіз экологиялық шолушы Сәкен Ділдахметтен сұрадық.
Атылған киіктің етін, мүйізін қалай кәдеге жаратамыз?
– Өздеріңіз білесіздер, 2015 жылы киік жаппай қырылды, одан соң мемлекет оның популяциясын қалпына келтіруді жолға қойды. Сөйтіп соңғы 2-3 жылда киіктердің өсімі артып, олардың саны 1,5-2 миллионға жуықтады. Бұл дегеніңіз – киіктер үшін өте жақсы көрсеткіш. Мен осы уақытқа дейін де киіктерді ату, олардың санын реттеуге қатысты маңызды мәселелерді көтеріп жүрдім. Мысалы, осыдан бір-екі жыл бұрын: «егер киіктер өсіп, саны бірнеше миллионға жетсе үкімет кешенді шаралар қабылдау керек» дегем. Мұнда ең алдымен киіктің санын нақты қандай әдіс-тәсілдермен реттейміз дегенге мән беру керек. Атып, аулап реттедік дейік. Бұл тәсіл киіктің аталық популяциясының қысқаруына ұрындырмай ма? Себебі киіктерді азайту үшін жаппай ататын болсақ, келесі жылы олардың төлдеуіне кері әсерін тигізуі мүмкін. Міне, ең әуелі осы бағыттарда зерттеулер жүргізілуі керек еді.
Жалпы, киіктерді зерттеу мәселесі мүлде жолға қойылмаған. Қазақстанда үш популяция бар. Орал, Бетпақдала және Үстірт. Міне, осы өңірлердегі киіктердің жағдайын, олардың ауру-сырқауға төтеп беру әлеуетін, ондағы түрлі ауру ошақтарына зерттеу жүргізілу тиіс еді. Өкінішке қарай, соңғы жылдары осы ауру ошақтарына зерттеу жүргізілген жоқ, жүргізілсе де шалағай, үстірт болды. Ендігі бір мәселе – жалпы киік Қызыл кітапқа енбеген, азшылық түріне жататын аң, осыны шатастырмауымыз керек. Сондықтан олардың саны реттеліп тұрады, бірақ реттеу үшін кешенді жоспар керек. Өйткені киіктерді атып, ұстап, санын азайтпас бұрын шешілуі тиіс мәселелер бар. Бірінші кезекте олардың етін, мүйізін, басқа да мүшелерін қалай пайдаланамыз? Мысалы, қазір киіктерді атып жатырмыз, енді солардың еті ет комбинаттарына толық жете ме, жеткен күннің өзінде оны өңдеуге ет комбинаттары қауқарлы ма? Атылған киік еттері ветеринарлық нормалардан өтті ме, жеуге жарай ма? Етті сатылымға шығарғанның өзінде оның бағасы қалай болады, міне, осы сұрақтардың бәрі алдын ала зерттеліп, нақты жауабы, шешімі болуы керек еді. Халықаралық CITES конвенциясы деген бар, Қазақстан соған мүше, осы конвенцияға сәйкес киіктің мүйізін, басқа да мүшелерін сатуға тыйым салынған. Ал ол үшін Қазақстан CITES конвенциясына барып, ондағы нөлдік квотаны өзгертіп, кем дегенде жылына 100-200 мың киіктің мүйізін сатуға квота алуы қажет. Біз сонда ғана көрші елдерге киіктің мүйізін заңды түрде сата аламыз. Бірақ бұл мәселе әлі шешілген жоқ.
12 миллиард – дәлелденбеген сома
Министрлік негізгі мәселелерді шешпей тұрып, киік атуды бастап кетті. Нәтижесі қалай болатыны әлі белгісіз. Себебі бұл жөнінде ақпарат өте аз. Сол себепті әртүрлі жалған ақпараттар тарап жатыр. Әсіресе әлеуметтік желілерде қырылған, әр жерде өліп жатқан киіктердің фотолары, видеолары көбейді. Тіпті «киік еті жол бойындағы кафелерде 300 теңгеден сатылып жатыр» деген де сөздер шықты. Сондықтан алдымен ақпарат беру ісін ақсатпау қажет. Тағы бір мәселе – киіктердің ауылшаруашылығына келтірген зияны. Оны 12 миллиард деп айтып жүр. Меніңше бұл дәлелденбеген сома. Мысалы, шаруалардан «киіктер нақты қанша егініңізді жеді, қанша жеріңізді таптады?» деп сұрасаңыз, нақты айта алмайды. Бұл жерде нақтыланбаған сомаға сүйенбей, ауылшаруашылыққа келтірілген шығын нақты көрсетілуі керек. Сондай-ақ, киіктер шаруалардың жайылымын, жерін таптаса бұл олардың кінәсі емес. Себебі соңғы жылдары киіктердің көші-қон жолдары жабыла бастады. Өрісі де тарылып кетті. Осы уақытқа дейін киіктер еркін көшіп-қонып, төлдеп жүрген өрісі оңды-солды пайдалануға берілді.
Өз көзіммен көрген бір жағдайды айтайын, Ақмола облысында киік жайылатын көп жерлерді егістікке айналдырған. Айтыңызшы, енді олар не істейді? Қанат бітіп аспанға ұшып кете ме? Егістікке, жайылымға түспес үшін әу баста осының бәрі ескеріліп, жерді ұтымды пайдалануымыз қажет еді. Кей өңірлердегі киіктердің өріс, қоныстары өздеріне қайтарылу керек. Негізі әкімдіктер шаруа қожалықтарына жер бергенде «мына жер шұрайлы, егіске, шабындыққа өте қолайлы екен» дегенді ғана ойлайды. Жоқ, одан бұрын бұл жерде қандай жануарлар мекендейді, егер осы жерді алып қойсақ олардың өміріне, тіршілік етуіне қауіп төнбей ме деген сұрақтар төңірегінде экологиялық зерттеулер жасалуы қажет. Ең өкініштісі, бізде олай істелмейді.
Жақын жылдары «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» тасжолы салынды. Онымен қоса көптеген теміржолдар түсті. Сөйтіп, киіктердің орталықтан солтүстікке немесе батысқа қарайғы көш жолдары жабылды. Қазір «Қызылорда-Жезқазған» тасжолы салынып жатыр, негізі осы тұстан да киіктің үлкен көші өтеді. Міне, осындай кедергілерден соң киіктің ауқымды бөлігі батыста шоғырланып қалуға мәжбүр болды. Негізі киік Қазақстанның он облысында емін-еркін, көшіп-қонып жүретін аң еді. Ал олардың көші-қон жолын бұзбай сақтағанда қазіргі 2 миллионнан астам киік біз үшін бас қатыратын шаруа болмас еді.
Біраз жылдан бері киіктерді бақылап, зерттеп жүрмін. Әсіресе олардың өсімін, төлдеуін, күйлеуін қадағалаймын. Сонда байқағаным – олар сиыр, жылқы сияқты жайылмайды. Өзінің жейтін шөбі бар. Сондықтан «киіктер егістікті таптап, тақырлап жеп кетті» деген сөз де шындыққа жанаспайды. Қазір шаруа қожалықтардың көбісі субсидия немесе несие алады, соны өтемес үшін шығынды киіктерге жаба салуы да әбден мүмкін. Сонымен қоса биыл құрғақшылық, қуаңшылық болды, далада су тапшы, сосын киіктер су іздеп ауылдарға кірді. Сол себепті киіктер мекендеген өңірлерде құдықтар қазып, су көзін даярлап беру керек. Мысалы, басқа елдерде жабайы аңдарға барлық жағдай жасалған. Жолдардың астынан немесе үстінен өтетін орман іспеттес табиғи жолдар салынған. Жабайы аңдар содан емін-еркін өте алады. Сөйтіп олар адамның тұрмыс-тіршілігіне әсерін тигізбейді. Бізде ондай жол жоқ. Тіпті Моңғолияның өзінде осындай жолдар бар. Ал бізде жабайы аң тұрмақ, түйе, жылқы, сиырлардың өзі үлкен тасжолдардың бойына шығып кетеді. Оларға соғылып, жол апаты жиі болып жатады. Осындай қарапайым ғана шаруалардың жасалмауынан біз көп зардап шегіп жатырмыз. Киіктерді атпас бұрын осыларды нақтылап шешуіміз қажет еді.
Африка елдерінен де қалып қойдық
Оңтүстік Африка, Кения елдерінде «ұлы көш» жүреді. Онда жираф, зебра сияқты он миллионға жуық жабайы аң көшеді. Ал осы Оңтүстік Африка, Кения елдері кофе, шай өндірісінде әлемдегі алдыңғы TOP-10 мемлекеттің қатарына кіреді. Бірақ оларда біздікіндей «жеп кетті, таптап тастады» деген мәселе атымен жоқ. Керісінше, Африка осы жабайы аңдарын өз брендіне айналдырып отыр. Әлемнің көптеген елдерінен саяхатшылар әлі жабайы аңдарды тамашалау үшін барады. Көрдіңіз бе, біз биоресурстарымызды пайдалануда Африка елдерінен де кейін қалып қойдық.
Киіктер кезінде Моңғолияны, Тұран даласын мекен еткен аң. Одан ары Қытайға, Еуропаға, Америкаға дейін жеткен. Ал қазір олардың 100 пайыз популяциясы Қазақстанда. Ресейде – 4 мыңдай, Моңғолияда – 5 мыңдай ғана киік мекен етеді. Ең өкініштісі, дәл осындай табиғи ресурсты пайдалана алмай отырмыз. Осының бәрін киікті атпай тұрып жан-жақты ойлауымыз керек еді. Бір ғана мысал айтайын, киіктің мүйізін өндірістік мақсатта қолдану үшін халықаралық үлкен фармацевтикалық компаниялармен алдын ала келісімшарттар жасалу керек болатын. Мұның ешқайсысы істелген жоқ. Ені экология министрі атылған киіктердің мүйізін маркалап, Алматыға жөнелтіп жатқанын айтты. Бірақ осы мүйізді қалай кәдеге жаратамыз, ол жағы да бұлыңғыр.
Киік ату ісі жөнінде сұрақ өте көп. Нақты шешім жоқ. Әсіресе оның етіне қатысты. Дегенмен де жабайы аң ғой. Жіті тексермесе, одан түрлі жұқпалы ауру тарауы да мүмкін. Батыс Қазақстанда «киік еті базарда сатылып жатыр» деген сөз тарады. Егер шынымен де солай болса, одан ауру тарамауына кім кепілдік бере алады?!
Тағы бір маңызды мәселе – киіктен түскен қаражатқа қатысты. Одан қанша ақша түседі, қайда жұмсалады? Мұны мен осыған дейін де айтқам. Ең дұрысы – киіктен түсетін қаражаттың бәрі табиғатты қорғауға жұмсалуы керек. Мысалы, инспекторлардың көлігіне, оқуына, жаңа технологияларды пайдалануға жұмсасақ. Абай облысында орман өртенгенде техниканың жоқтығы анық байқалды. Мемлекеттік бюджет мұны толық қамтамасыз ете алмайды. Сондықтан осындай табиғи ресурстарды ұтымды пайдаланған жөн. Бірақ қазір қанша қаражат жиналғаны әлі белгісіз. Себебі жоғарыда айтқанымдай, оның еті қалай сатылады, қаншалық мөлшерде мүйіз жиналады, жиналған мүйізді қалай сатамыз, мұның бәрі сұрақ күйінде қалып отыр.
Киікке қатысты ескерілуі тиіс тағы бір қауіп – олардың генофонды. Экологиялық жолдар жабылған соң әр өңірдегі киіктер бір-бірімен байланысын үзді. Батыс Қазақстандағы күрт көбейген киіктер өзара туысқанға айналды. Бұл киіктің генофондына әсерін тигізеді. Сол себепті басқа жерлердегі киіктерді бір-бірімен араластыру қажет. Қазақстандағы үш өңірді мекендейтін киіктер бір-біріне ұқсамайды, жейтін шөбіне, басқа да жағдайларға қатысты олардың тұрқы, салмағы, бойы әртүрлі. Сондықтан өзара қан араластырып тұрған маңызды.
Бұл мәселені шешудің ең дұрыс жолы – киіктің саны арта бастағанда оны азайтудың ұтымды, өнімді тәсілі жасалуы қажет. Мүмкін алдымен 50 бас киік атып, қалай болатынын, қалай ату керек екенін үйрену керек бола ма? Шынын айтқанда, бізде киікті соңғы рет Совет өкіметі кезінде аулады. Одан бері қанша уақыт өтті. Көнекөз инспекторлар қазір жоқ, ал жас инспекторлар тәжірибесіз, атып көрмеген. Әлеуметтік желілерде тараған кейбір видеоларда аңшылар қалай болса солай, ойына келгенін істеп жүр, бұл дұрыс емес. Осыдан-ақ киікті атудың өзі дұрыс жолға қойылмағаны анық байқалады.
Міне, киік атудың қыр-сыры осылай. Шешілмеген, нақтыланбаған мәселе шаш-етектен. Сондықтан киікті дәл бұлай жаппай қырудан ілгері кәсіби мамандардың ұсыныс-пікірлерін ескерсек, олардың жанайқайына құлақ түріп, киікті атуды тоқтата тұрып, жоғарыдағы өткір, өзекті мәселелерді шешіп алсақ... Қазақ «ысқырып атқан киіктің обалы жоқ», дейді. Аңға да, аңшыға да бірдей мүмкіндік берілсін дегені.
Жақсылық ҚАЗЫМҰРАТ