Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
07:00, 08 Шілде 2022

Атың өшкір LRT қазақты әлі тонай ма?

None
None

«Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» деген осы. Нұр-Сұлтанның әкімі Алтай Көлгінов қоймай жатыр, LRT-ны қалай да салып бітіруіміз керек деп.

Ол үшін бізге бар-жоғы 577 миллион доллар керек дейді. Кері шегінетін жерден асып кеттік, енді құрылысты аяқтаудан басқа амал жоқ-мыс.

Көлгінөвті тыңдасақ, халықаралық келісімдер жасалып қойған, олар қалай орындалуы тиіс деп қылқылдап жүр. Қазақстан халықаралық арбитражға ұрынады, деп қара аспанды төндіреді. Шындығында, біз LRT-дан бас тартсақ, бар-жоғы қытайлық компаниямен келісімшартты үзіп, ары кетсе пайыздар мен айыпақы төлеп құтыламыз. Көлгінов бұл жерде бекерге шыж-пыж болады-ау, «халыққа пайдасы болмаса, ондай жобадан бас тарту керек» деген Тоқаевтың сөзіне де пысқыратын түрі жоқ.

«Атқарылған құрылыс-монтаж жұмыстары үшін қытайлық консорциумға 116 миллион доллар қарызымызды әлі қайтарған жоқпыз», деген екен Көлгінов. Қарыз болсақ, сол 116 миллион қарызды қайтарып бере салып, бұл LRT деген пәледен біржола неге құтыла салмаймыз? Мойнымызға одан да зор кредит іліп алудың қажеті қанша? Көлгінов сұрап отырған 577 миллион доллардың жанында 116 миллион деген не? Соны төлеп, қазақты LRT деген жалмауыздан құтқаруға Көлгінов құлықсыз. 577 миллион керек деп жалғастырылатын құрылыстың құны ертең тағы тоқтамай өсе беретіні жасырын емес.

Ең сорақысы, салық төлеушілердің қалтасынан шығатын 577 миллион доллардың тағдырын неге бір Алтай Көлгінов шешуі керек? Халықтың ақшасы екен, оның тағдырын неге халық шешпейді? LRT-ның құрылысы бойынша мәселе халықтық дауысқа салынуы тиіс.

Ал сонымен, жаңағы 577 миллион долларға не істеуге болар еді? Журналист һәм блогер Аида Жексеннің есебінше, бұл ақшаға астанадан бір бөлмелі 17 мың пәтер, басқа өңірлерде 34  мың пәтер сатып алуға болады. Тек 2020 жылдың өзінде баспана кезегінде 48 113 адам тұрған, оның 3 мыңға жуығы жетім балалар, 5 мыңға жуығы – көпбалалы отбасылар еді. Әкімдіктің солардың мәселесін шешу үшін соңғы екі жылда заемдық қаражат іздестіргенін көргеніміз жоқ.

«577 миллион доллардың теңгемен санағанда қанша ақша болатынын елестетудің өзі қиын. Бұл ақшаға біз неге ауылдарға жол салмаймыз, мектеп салмаймыз, су, газ, жарық пен интернет тартпаймыз? Қаншама ауыл баласы 21 ғасырда онлайн оқуға қатысу үшін ағашқа өрмелеп жүр? Көлгінов шынымен көлік мәселесін шешкісі келсе, сол ақшаға көбірек автобус сатып алуға болады. Не қоғамдық велосипед, самокат паркін кеңейтсін, тіпті құрығанда жалға берілетін автокөлік қызметін енгізсін. Бірақ біздің әкім біздің бюджетімізден милллиондаған долларды сыпырып алу үшін LRT-ны аяқтау керек, деп қоймайды», – дейді ол.

Күні кеше осы бір ақылға сыймайтын, қазаққа түк керек емес LRT жобасы үшін жауапкершілік алғысы келмеген индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев ат-тонын ала қашты. Бұл жобаға толығымен астана әкімдігі жауап береді десті. Ертең анау-мынау болса, мен жауап бермеймін дегендей. Біліп тұр-ау, LRT құрылысының жалғасы еш жақсылықпен аяқталмайтынын.

Ал Көлгіновтің түгі кетпес. Ол ештеңеге жауап бермейді. Үйін, шетелдегі сарайын сатып, далаға кеткен ақшаны қазаққа қайтарып бермейді. Ары кетсе, қызметінен кетер. Оның бар жауапкершілігі осы.

Тегтер: