Атыңнан айналайын, Алматы!..
«Атыңнан айналайын, Қарқаралы,
Сенен бұлт, менен қайғы тарқамады!», – деп Мәди күңіренгендей, Алматының басына осы бір бұлттың үйірілгелі де біраз уақыттың жүзі болды.
Алматыны Алма-Ата қылып өзгертейік, деп өзеуреген кеңірдектер созылып, тіпті қол жинау науқаны басталып кетіпті деп жатыр...
Елді елең еткізіп, назарын басқа жаққа аударар кезде осындай бір ойын басталып кететініне етіміз үйренгендей.
Дейтұрғанмен, осы сәтті бізге неге пайдаланбасқа?
Өзгертетін атауларымыз жоқ па еді, әлде? Бірақ?..
Күні кеше ғана Семей қаласында Қазақстандық мектеп пен жоғары оқу орнын бітірген Милана Гузеева дейтін «Время» деген газеттің журналисі Әзілхан Нұршайықовқа көше беруге ашық қарсы шығып: «Мен оны танымаймын және мен сияқты білмейтіндер көп деп ойлаймын», – депті. Міне, интернационализм!
Ал біздер қазақстандық мектепте оқысақ та, тіпті Иванушка дурачокқа дейін білеміз. Неге?
Ал петицияшылдарға айтарым:
«… Әрбір қалаға әулиелердің атын қоюды әдет қылған орыс, Қызылжарға Петр һәм Паул деген екі әулиесінің атынан құрап ат қосқан. Ақ патшалардың желкесін қиып Кеңес өкіметі орныққанына 7 жыл толғанда һәм Қазақ халқы өз алдына автономиялы ел болып, Кеңестер үкіметінің бір қанаты болып отырғанда қазақ даласының шиманды жерінің қақ ортасынан ойып алып салынып отырған. Қызылжар қаласын, залым патшаның әулиесінің атымен Петрапаул атанбай, Қызылжар атансын деген пікір туралы бір-екі жерде айтыс болғанда, Петрапаулдың аты «Первыймайский, Октябрьский, Трудовский», Интернациональный деген аттарды ұсынғандар да болды.
Газет арқылы ел ішіне ұран салып, Петрапаулдың атын Қызылжарға өзгертуге шақырамын. Менің бұл пікірімді мақұлдап, яки басқа бір атты лайықтап жазушылар болса, «Бостандық туының» беті ашық!
Әбдірахман Бегешев, 1924 жыл».
Міне, саған петиция!
1924 жылы «Бостандық туы» газетінде жарияланған «Қызылжар туралы» атты мақала. Енді екі жылдан соң, тұп-тура 100 жыл толады екен. Мүмкін, қолдап жіберерміз?! Әйтпесе, елден ұятты? Тәуелсіздік алдық, деп бөркімізді аспанға атқанымызға 30 жыл өтсе де қаланың атын өзгертуге шамамыз жетпеген соң, «Қызылжар» деген арақ шығарудан аса алмауымыз арымызға сын болар? Болмаса, енді біраз уақыттан соң, мынау сияқты өзіміз асыраған итіміз: «Қызылжар деген арақты ғана білем» деп тұрмасына кім кепіл? Соңғы санақтың нәтижесі бойынша қанша бұрмалап, азайтып көрсетуге тырысса да қазақ ұлтының саны 70 пайыздан асып жығылды. Ал БҰҰ-ның қарарлары бойынша түпкілікті ұлт ел халқының 70 пайызын құраған жағдайда ондай мемлекет «көпұлтты» емес, ұлттық мемлекет болып табылады екен. Онда мұнша сүмірейуімізге не жорық?
Жоғарыда жазғанымыздай, ХХ ғасырдың басында белең алған жалған саяси идеологиямен бүркемелеу арқылы халықтың жадын өшіру мақсатында осы амалдар көптеп қолданыла бастады да, қазақ даласында қаншама жат ұғымдар пайда болды.
Керек десеңіз, күні кеше ғана ұйысқан ұлттың ортасында отырып-ақ ойып тұрып анклав жасап алған ұлыстар қаншама? Ертеңгі күні мұның түбі неге апарып соғарын кешегі Қордай оқиғасы дәлелдеп те берген жоқ па еді?
Жер атауларындағы географиялық, тарихи және тілдік ерекшеліктері нақтылап тұратын дүниелерді ұлттың тарихи топонимдік рухани ескерткіші екенін естен шығармайық. Бұдан айырылсақ, бәрінен де айырылғанымыз. Сондықтан тарихи атауларды қайта қалпына келтіруді сасық саясат деп емес, «мәдени реставрация» деп қабылдаған жөн болар.
Қойы басқа, қорасы бөлек, орыстың бұған не қатысы бар, түсінбеймін. Бар кінә – жалтақтығымызда. Олар Ленинграды мен Свердловскісін немесе Нижний Новгородын өзгерткенде, біреуден сұрады ма, ақылдасты ма? Онда біздікі не жалпақшешейлік? «Қызылжарды» қайтара алмай жүріп, Алма-Ата деген орыс тілділерге жеңіл деген не сандалбай?
Ойланайық!
Мен оны білмеймін дейтіндер үшін әдейі, факсимилесімен бергенді жөн көрдік.
Bari jaqsy bolady