Атырау мен Ақтауда шетелдік нөмірі бар көлік иелері наразылық танытты

27.01.2020, 02:59

3

Жексенбі, 26 қаңтарда Атырау мен Ақтауда армениялық, қырғызстандық нөмірлері бар көлік иелері тағы да жиналып, биліктің «бір жыл ішінде көліктерді заңға сәйкестендіру» туралы талабына наразылық білдірді.

Атырауда түскі сағат 12-де қала шетіндегі «Салтанат сарайы» алдына көліктерімен жиналған жүзден астам жүргізуші Атырау облысы әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің келуін талап етіп біраз тұрды. Облыс әкімі келмеген соң көліктерімен сап түзеп, әкімдік алдына келді. Сол жерде тұрып Қазақстан үкіметіне видеоүндеу жолдады.

Бұл туралы Азаттыққа хабарлап, видеолар жіберген жүргізушілердің бірінің (аты-жөнін айтқысы келмеді) сөзіне қарағанда 19 қаңтарда көлікті тіркеудің шығынына қатысты наразылық білдірген соң құқық қорғау органдары белсенділік танытқандарды шақырып, «жеке сөйлескен».

Видеода облыс әкімдігі маңына жиналған топ алдына шыққан ер адам жүргізушілер атынан билікке екі талап қояды.

«Нөмірді ешқандай баж салығынсыз тегін берсін не кірген нөмірімізбен жүре берейік. Біздің ұстанымымыз осы» деді. Оның сөзін жиналғандар ду қол шапалақпен құптады.

Азаттық Атырау облыстық әкімдігіне хабарласқан еді, бірақ тұтқаны ешкім көтермеді. Видеодан Атырау қаласы әкімінің орынбасары Ұлықбек Тінәлиевтің жүргізушілермен кездесіп, оларды сабырға шақыруға тырысқаны байқалады.

— Жергілікті билік наразы жүргізушілерді облыстық филармония ғимаратына кіргізіп, 6 ақпанға дейін уақыт беруді сұрады, мәселе шешіледі деп уәде берді. «5-6 адамнан комиссия құрыңдар, біз солармен бірге жұмыс істейміз» деген ұсыныс айтты. Бірақ оған ешкім келіспеді, — деді аты-жөнін айтпаған ер адам телефон арқылы.

Дәл осы уақытта ақтаулық шетелдік көлік иелері де Маңғыстау облысы әкімдігіне келіп, мәселені жедел шешуді талап етті. Жиналғандар атынан сөйлеген «Oil Construction Company» мекемесінің бұрынғы кәсіподақ жетекшісі Әмин Елеусінов халықтың шыдамының шегіне жеткенін айтты. Жиналғандармен әкімдік өкілі сөйлесіп, олардың арыздарын жинап алып, 15 күн ішінде қарайтынын мәлімдеді.

Биыл қаңтардың 14-і күні ішкі істер министрлігі "Қазақстан аумағына кірген Армения, Қырғызстан, Ресей нөмірі бар көліктерді заңға сай тіркеу керегін" мәлімдеген еді. Министрлік шетелден көлік алғандарға барлық төлемді, утилизация алымын және баж салығын өтеп, автомашиналарын тіркеуді ұсынған.

16-19 қаңтар арасында Ақтау, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Жаңаөзен, Орал, Петропавл және Семей қалаларында жүргізушілер жиналып, көлікті тіркеудің шығыны тым көп екенін айтып, үкіметтен автомашиналарын жеңілдікпен әрі арзан жолмен тіркеуге мүмкіндік беруді талап еткен.

Кейін 24 қаңтардағы үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік нөмірі бар көліктердің мәселесін шешу үшін оларды 2021 жылдың 1 наурызына дейін уақытша тіркеуді тапсырды.

Президент мұндай көлігі бар адамдар 2021 жылдың 1 наурызына дейін кедендік баж салығы мен утилизация алымын төлеп, көлікті тұрақты тіркеуден өткізуі қажет немесе көлікті Қазақстан аумағынан шығаруы тиіс немесе заңмен тыйым салынбаған басқа әрекетті жүзеге асыруы тиіс деген.

Оқи отырыңыз: Шетелден алған көлікті тіркеу дауы ушықты. Жүргізушілер неге наразы?

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Аңдатпа


  • Кәдеге аспаған диплом
    17.09.2020, 11:16
  • Бетпердені автобуста сатып алуға болады
    20.08.2020, 16:26
  • Өткен тәулікте коронавирус пен пневмониядан тағы 6 адам қайтыс болды
    16.09.2020, 09:45
  • Жәрмеңке қайта жалғасады
    11.09.2020, 21:58
  • Сылтауы бітпейтін әкім
    15.09.2020, 11:04