Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:24, 21 Қараша 2018

Атырауда «Құбайдуллиннің ісін» қайта көтеруді сұрады

2014 жылдың көктемінде Атырау облысында елді елең еткізген оқиғалар легі орын алды.
Сәуірдің 21-і күні сол кездегі Исатай аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Алтынбек ҚҰБАЙДУЛЛИН браконьерлерге қолдау көрсеткені үшін 250 мың теңге мен үш келі қара уылдырық алды деген айыппен ұсталды. Аяқ астынан қан қысымы көтерілген майор ауруханаға жатқызылып, ертеңіне сол жерден «қашып» кетті деп хабарланды. Ал 27 сәуір күні оның мүрдесі табылып, сот-сараптама органдары «асылып өлген» деген анықтама береді. Алайда, «Жас алаш» газетінің меншікті тілшісіне хабарласқан марқұмның әкесі Қалыбай ҚАРАЖАНОВА бұл істе белгісіз жайлардың көп екенін, олардың сол күйі ашылмай қалып отырғанын қынжыла баяндайды.Қаралы әкенің ҚР Президенті Әкімшілігіне жолдаған өтінішхатында баяндалғандай, Алтынбек көз жұмғаннан кейін оны қаржы полициясы департаментінің ғимаратында он үш сағаттан артық (заң бойынша үш сағаттан артық ұстауға болмайды) заңсыз ұстаған қаржы полициясының қызметкерлері Сарин мен Ертаевтың үстінен «қызмет бабын асыра пайдалану» сезігі бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа жолданады. Кейін қылмыстық іс қосымша тергеуге жолданып, тергеу жан-жақты болуы үшін іс Қостанай облыстық арнайы прокуратурасының құзырына беріледі. Аталған орган Сарин мен Ертаевтың әрекетінде қылмыстық құрам жоқ деген ұйғарымға келіп, істі қысқартқан. Кейін ҚР Бас прокуратурасы Қостанай облыстық арнайы прокуратурасының шешімін бұзып, өздері тергеу жүргізді. -Артынан белгілі болғандай, Исатай аудандық сотының 2015 жылғы 10 наурыздағы шешімімен Алтынбектің қасындағы Бутпенов, Есенов, Әбілқайыровтар сотталып, Құбайдуллинге қатысты ешқандай үкім де, қаулы да шығарылмай, облыстық прокуратураның арнайы прокуратурасының басқарма бастығы Көбегеновтің шешімімен айыпталушының «қайтыс болуына байланысты» іс қысқартылып кетеді. Бірақ, ол жөнінде Құбайдулиннің әке-шешесі де, әйелі де, адвокаты да білмейді! Қылмыстық процестік заң талабы бойынша Істі қысқарту үшін оның заңды өкілдерінің келісімі алынуы тиіс! Егер заңды өкілдері келіспеген жағдайда кінәсі бар болса сот арқылы дәлелденіп, кінәсі жоқ деп табылса – ақтау керек. Бұл жерде, біріншіден Біріккен Ұлттар Ұйымынының Бас Ассамблеясының 1948 жылғы 10 желтоқсандағы №217 қаулысымен бекітілген «Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының» 10 бабында көзделген  «Әр адам, өзінің құқықтары мен міндеттерін анықтап, өзіне тағылған қылмыстық айыптаудың негізділігін белгілеу үшін, ісі толық теңдік негізінде, әділеттік талаптарға сай, тәуелсіз және әділ сот арқылы ашық қаралуына құқығы бар» деген талаптары бұзылып отыр.Екіншіден бұл арада 1966 жылғы 16 желтоқсанда Нью-Йоркте қабылданған «Азаматтық және саяси құқықтар туралы» халықаралық пактінің 14-бабында көзделген: «Әрбір адам өзiне тағылған кез келген қылмыстық айыптауды қарау кезiнде немесе қайсыбір азаматтық процесте оның құқықтары мен мiндеттерiн анықтау кезiнде заң негiзiнде құрылған құзыреттi, тәуелсіз және әдiл сот арқылы iсi әдiлеттi және ашық қаралуын талап етуге құқылы» деген талабы бұзылып отыр. Аталған пакт 2005 жылғы 28 қарашада Қазақстан Республикасының Парламентімен ратификацияланған. Халықаралық шарттар парламентпен ратификацияланған жағдайда халықаралық шарттардың ұлттық заңдардан басымдығы болады.Біз осы жайды айтып, бірнеше жыл бұрын еліміздің бас прокуроры болып отырған Жақып Асановқа кіргенбіз. Ол кісі біздің көзімізше қарауындағыларға прокурор Ж.Көбегеновтың қаулысын бұзып, қайта қарау жөнінде тапсырма берген. Кейін іс тағы да созылып кетті де, Ж. Асанов басқа қызметке ауысты. Ал бас прокурор Қайрат Қожамжаровтың қабылдауына «сендер бұрын қабылдауда болғансыңдар» деп бізді қайтып кіргізбей отыр, негізінен, бұл ең әуелі омбудсменнің араласатын шаруасы еді. Алайда омбудсменге жазған арызымызға үстіртін жауап қана алдық, оның жеке қабылдауына бізді кіргізбеді,  — дейді адвокат Қанағат МАШТАХОВ.-Мен соттан шақырту күтіп жүрсем, Алтынбектің ісін прокуратура сотқа шығармай өздері қысқартып жіберген екен. Мен ол жөнінде екі жылдан кейін жаңадан алған адвокатым арқылы кездейсоқ біліп қалдым. Қазір Алтынбектің соңында қалған үш баласы ержетіп келеді. Ал ғаламтор беті оның әкесі жайлы «өйтті-бүйтті» деген мәліметтерге толып тұр. Өз басым баламның кінәлі екендігіне сенбеймін, ұсталғаннан кейін өзін босату үшін 100 мың доллар сұрап жатқанын хабарлаған еді, дереу қарындасымның үйін кепілдікке қойғанбыз. Өзіне қол жұмсағанына да сене алмаймын, тіпті, сот сарапшысының өзі оның «суицидке ешқандай бейімділігі жоқ» екенін жазған. Менің ойымша, ұлым әлдебір ойындардың құрбаны болып кетті, — дейді Қалыбай ҚАРАЖАНОВ. «Өзі жоқтың көзі жоқ» дегендей, қылмыстық істің қандай да бір негізсіз, тек қана Құбайдулиннің қайтыс болуына байланысты қысқартылғаны жөніндегі Көбегеновтің шешімі ақыры қолдарына тиген күні марқұмның туыстары оны «ауыр қылмыс жасады» деген айыптау көз жұмғаннан кейін барып шығарылғанын біледі. Сол сияқты, Қостанай облыстық прокуратурасы тергеушілерінің құжаттарына сәйкес, Құбайдулинді қаржы полициясының қызметкерлері тұтқындамаған, кінәсіздік презумпциясына сәйкес, ол ғимаратқа өз бетімен кіріп-шығуға құқылы болған. «Олай болса, оны он алты сағат бойына неге заңсыз ұстап отырған?» деп таң қалады Қ.Қаражанов. Сол сияқты, кіші заң кеңесшісі Е.Майоров «департамент ғимаратында да, ауруханада да Құбайдулинді ешкім күштеп ұстаған жоқ, оған тіпті өз аяғымен кете беруді ұсынды» деп жазады. Олай болса, ауруханада Алтынбекке не себепті екі күзетші қойылды және ол неге желдеткіш арқылы қашып шықты – бұл сұрақтардың жауабы белгісіз.Арада бірнеше жыл өтті, алайда, 32 жасында өмірден өткен Алтынбек Құбайдулиннің жақындары әлі де мәселенің ақ-қарасы анықталып, соңғы нүктесі дұрыс қойылғанын қалайды. Олар қазір тек еліміздің Бас прокурорына ғана үлкен үміт артып отыр. Бірақ, қолдарында тиесілі құжаттары мен заңдық негіздемелерінің барына қарамастан, құзырлы мекеме оларды маңайына жолатар емес. Сондықтан Қ.Қаражанов осы мақала арқылы Бас Прокурор Қайрат Қожамжаровтың қабылдауын сұрайды. 
Тегтер: