Атырауда «СЕНІҢ СӘТІҢ» республикалық студенттік форумы өтті
4 наурыз күні Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде Ғылым және жоғары білім министрлігі жанындағы студенттер кеңесінің отырысы өтті.
Іс-шараға еліміздің барлық өңірінен 50-ден астам университет қатысты.
Іс-шара университеттердің студенттік өзін-өзі басқару көшбасшылары, жоғары оқу орындары басшылығының өкілдері және Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек арасында ашық диалог форматында өтті. Белсенділер жас мамандарды жұмысқа орналастыру, жатақханалардағы орын тапшылығы, жол төлемдері бойынша есеп беру сияқты өзекті мәселелерді көтерді.
Министр студенттердің сұраныстарын қолдап, жол төлемдері мәселесі пысықталып жатқанын атап өтті. Жатақханаларда орын тапшылығы мәселесін шешу үшін ірі қалаларда жаңа жатақханалар салу бойынша жобалық кеңселер құрылып жатқанын, сондай-ақ жыл сайын 10 000 жаңа төсек-орын енгізілетінін айтты.
Форумның басты жаңалығы студенттердің Kazakhstan Student's Union республикалық студенттік бірлестігін құру бастамасы болды. Бұл ұйымның басты міндеті – студенттердің мүдделерін қорғау. Спикерлердің айтуынша, болашақта студенттік ұйым Болон процесі аясында Еуропалық студенттер одағының (ESU) құрамына кіруді жоспарлап отыр. ESU мақсаты – студенттердің білім беру, әлеуметтік, экономикалық және мәдени мүдделерін еуропалық деңгейде барлық тиісті органдарға, атап айтқанда Еуропалық Одаққа, Еуропа Кеңесіне және ЮНЕСКО-ға қатысты ұсыну және ілгерілету.