Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
20:57, 19 Қараша 2018

Атырауда Жастар театры ауылдарды аралап жүр

Атырау облысындағы Жастар театры биылғы маусымда ажырасу мәселесін көтеретін «Үйлену оңай», өз-өзіне қол жұмсауға байланысты «Жазығым не?
», аймақ үшін өзекті дін тақырыбындағы «Жәннат», нашақорлық сынды ғасыр індеті бойынша Шыңғыс Айтматовтың шығармасының желісімен «Жан пида» қойылымдарын қойды. Осы премьералардың қай-қайсысында да бей-жай қалмаған көрермен сахнада кәсіби емес, әуесқой әртістердің ойнап жүргенін біле қоймаған болар. -Жастар театры 2014 жылы құрылып, содан бері онның үстінде спектакль қойды. Алғашқы үш жылда біз қалалық ішкі саясат бөлімінің әлеуметтік тапсырысы негізінде жұмыс істедік. Қазір облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы қолдау білдіріп отыр, — дейді Жастар театрының жетекшісі Гүлнұр ҚАЙЫРЛИЕВА. Келер жылдың ел көлемінде «Жастар жылы» деп жариялануымен бірге осы уақыт аралығында өзін көрсетіп үлгерген «Жастар театрына» да қызығушылық арта түсті. Осылайша, алдағы уақытта бұл театрды арнайы штатқа ие, өз алдына бөлек мекеме ретінде құру жайы қарастырылып отыр. Бүгінде Қазақстанда Алматы, Астана сынды бас қалалардан бөлек, облыс орталықтарында да жұмыс істеп жатқан жастар театрлары бар. Мұнайлы өңір де келешекте солардың қатарын толықтыруы мүмкін. Жастар театры Атырауда салынып жатқан Жастар орталығына орналасады деп болжанып отыр.Кеше ғана өткен Атыраудағы Халық шығармашылығы орталығында өткен «Жан пида» спектаклінің премьерасына облыс әкімі Нұрлан НОҒАЕВ қатысып, Жастар театрының қоғамдағы көкейкесті проблемаларды көтеру арқылы жас буынды жат қылықтардан жирендіріп, үлкен тәрбиелік рөл атқарып отырғанын атап көрсетті. Сөйтіп, «киелі сахнада өнер көрсетіп жүрген азулы аға-апаларының ізін жалғастырып жүрген Жастар театрының алдағы уақытта қадамы нық болып, еліміздің дамуына үлесін қосуына тілектеспін» деген тілегін білдірді.Қазіргі күні Жастар театрында 14-29 жас аралығындағы жиырмаға жуық әуесқой актер бар. Құрамы әртүрлі: ішінде мектеп оқушысы мен студенттен бастап, мұнайшыларға дейін жүр. Олардың басын біріктірген бір ғана нәрсе: өнерге деген қызығушылық. Сондай бір тума талантты актрисаның қолында үш бірдей дипломы бар екен, соған қарамастан, жұмыстан бос уақытында театрдың репитицияларына қатысып, сахнаға шығып жүр. Баласының «басқа мамандықты» оқуын қалаған басқа ата-аналар да уақыт өте ұл-қыздарының қалауына қарсы тұрмай, Жастар театрында ойнауына келісімін берген.-Мен бірнеше жыл бойына кастинг өткізіп отырдым. Алғашында тоқсанға жуық адам бағын сынады. Өкінішке орай, іріктеп алған әуесқойлардың өзі кейін түрлі жағдайлармен сиреп қалып отырды. Біреуі жұмыстан босамай кетеді, тағы біреуінің уақыты сәйкеспейді, жалақы төлемей отырғаннан кейін оларға ештеңе дей алмаймыз. Ал труппаға жаңадан келгендерге барлығын қайтадан бастап үйрету маған да қиын болды. Сөйтіп, биыл кастинг өткізбей, бірнеше жылдан бері тұрақты келіп жүрген, сахналық тәжірибе жинақтап, тіпті, актер ретінде танылып қалған жиырма шақты адамымызбен өнер көрсетуді ұйғардық, — дейді Жастар театрының жетекшісі. Ол «Жас алаш» тілшісіне берген сұхбатында Махамбет атындағы облыстық драма театрының басшылығы мен ұжымын міндетті түрде көрсетуімді сұрайды. Себебі, театр – ұжымдық өнер. Қойылымға шығатын құрам сақадай сай тұрғанның өзінде, оған сахна, декорация, костюмдер керек. Бұл жағынан әлдеқашан іргесі қаланған «сақа» театр жас театрға көп көмектескен. Облыстық драма театрының тағы бір үлкен қолдауы – биыл Жастар театрының жеті әуесқой актерін жарты жүктемемен жұмысқа қабылдады. Сол арқылы өнер алдындағы жауапкершілікті сезінген бұл қызметкерлер бүгінде Ресей мен Қазақстанның жоғары оқу орындарына актерлік мамандықтарға оқуға түсіпті.«Шымылдық» сыртында қалатын жандардың бірі – Жастар театрының директоры Әміржан НҰРЛАНҰЛЫ. Әміржан мен Гүлнұр – ерлі-зайыптылар. Театр мәдениетіне сәйкес, афишаларда оның көркемдік жағына жауап беретін жетекшісі Гүлнұр Қайырлиеваның аты аталып, демеуші іздеу, спектакльдің керк-жарағын табу, ұйымдастыру сияқты қисапсыз шаруаларымен жүгіріп жүрген Нұрлан «көлеңкеде» қалып жатады.-Біздің көп уақытымыз театрда өтеді. Әртістеріміз жұмыстан кейін кешкі уақытта дайындалады. Содан кейін оларды үйлеріне жеткізіп саламыз. Оның сыртында Махамбет атындағы драма театрындағы труппа меңгерушісі ретіндегі жұмысым бар. Расы керек, отбасылық жұп болып, бір салада бірге жүргендіктен, соның бәріне, арасында бала-шағамызға қарауға да, үлгеріп жатырмыз, — деп күледі Гүлнұр.Жастар театрының атап айтуға тұрарлық бір бастамасы – ол осымен екінші рет аудандарды аралап, спектакльдер қойып жүр. Нақтылай кетсек, жас актерлер аудан орталықтарымен шектелмей, ауылдық жерлерін қамтуды да назарда ұстайды. Дәл қазір Құрманғазы селосына «Жәннатты» қойған Жастар театрының одан әрі қарай шалғай Мақаш елді мекеніне барып, өнер иелерінің гастрольдік сапарларын сағына күткен ауыл халқының алғысына бөленіп жатқан естідік. Оларды енді Исатай ауданындағы Аққыстау, Жанбай ауылдары асыға күтіп отыр.    
Тегтер: