Атырауға бара жатқан пойызда нәресте дүниеге келді
Аққыстау-Атырау учаскесінде Астрахань-Атырау бағытындағы №626 жолаушылар пойызының қызметкерлері жолаушыны босандырып алды, — деп хабарлайды "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының баспасөз қызметі.
«Кенжегүл Қайырболатова Ганюшкинодан Атырауға бесінші вагонмен келе жатқан. Ганюшкино станциясынан шыққан кейін таңғы сағат 5-те Кенжегүлдің толғағы басталды. Пойыз бастығы Сәуле Ілиясова бастаған пойыз бригадасының қызметкерлері қажетті шаралар қабылдап, нұсқаулыққа сәйкес машинистті хабардар етіп, жедел медициналық жәрдем бригадасын жақын маңдағы станцияға шақырды», — деп хабарлады ҚТЖ баспасөз қызметі.
Жедел жәрдем қызметі келгенге дейін жолсеріктер — Мырзагүл Қаражігітова, Марияш Оразғалиева және Лаура Камалова сағат 05:30-да вагонда қыз босанған жас анаға қажетті көмек көрсетті.