Ау, үкімет! Ұлттық қор банкомат па?!
Бүгінде әлем елдерін экономиканың жайы қатты алаңдатып отыр. Сарапшылар «қара алтын» бағасының әлемдік нарықта күзге қарай қатты төмендеуі мүмкін екенін болжаған сайын мұнайлы елдердің жүйкесі сыр беруде.
Қазір экономикасы мұнайға байланған мемлекеттердің дені мынадай алмағайып заманда тарықпаудың жолдарын іздестіріп жатыр.
Мұнайдың мұңынан бөлек, коронавирустың жыры, жеті жұттың бірі саналатын қуаңшылық та елді есеңгіретіп жіберді. Осыған қарап-ақ биыл үкіметке Ұлттық қордан тағы қомақты қаржы алуға тура келіп тұрғанын аңғаруға болады.
Жалпы, біздің үкімет жыл басында 2021-23 жылдары Ұлттық қордың қаржысы қайда жұмсалатынын нақтылаған болатын. Ұлттық экономика министрі тәптіштегендей, Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт болашақта былай бөлінбек: 2021 жылы – 2,7 трлн теңге, 2022 жылы – 2,4 трлн теңге және 2023 жылы 2,2 трлн теңге мөлшерінде қаржы Ұлттық қордан экономиканы жақсарту мақсатында алынады. Бұған қоса, биыл ұлттық экономика министрлігі елдегі даму бағдарламаларын қаржыландыруды ұлғайту үшін Ұлттық қордан тағы 1,85 трлн теңге алуды ойлап отыр. Бір ескеретіні, қанша жерден болашаққа деп жинасақ та, Ұлттық қордың қаражаты бізде осыған дейін де «әлсіз салаларға жан бітіру үшін» алынып келді. Экономика ғылымының докторы Жаңабай Алдабергеновтің айтуынша, бюджет тапшылығын жабу үшін үкімет қордан жыл сайын трансферт қаржы алады.
«Бірақ бұл дамуға ұмтылған қадам емес».
– Ұлттық қордан алдағы үш жылда кезең-кезеңімен қаражат алу жоспарланып отыр. Бізде алған қаржыны Ұлттық қорға 100 пайызға қайта орнына қоя алатын мүмкіндік аз. Мұны мойындауға тура келеді. Елде дүрілдеп жұмыс істеп тұрған ірі зауыттар, үлкен кәсіпорындар мен фабрикалар саусақпен санарлық. Импортқа тәуелдіміз. Экспортқа шығаратын мұнайдың бағасы арзан. Ұлттық қор – ақша салып қойып, ала беретін банкомат емес. Ұлттық қор толығу үшін елде ірі өндіріс орындары көп болуы керек, импортқа тәуелділіктен толық арылу қажет. Егер біз осы қарқынмен Ұлттық қордан қаржы ала беретін болсақ, қордағы 26 трлн теңгені бес-ақ жылда түгесуге болады, – дейді экономист-ғалым Жаңабай Алдабергенов.
Сала мамандарының пайымдауынша, қазіргі қарқынмен қаражат алына берсе, тіпті 2023 жылға қарай Ұлттық қорда ішкі жалпы өнімнің небәрі 30 пайызына ғана тең қаражат қалады. «Ал бұл одан әрі жұмсауға келмейтін қалдық» дейді экономист-ғалымдар. Сонда «ұрпаққа азық болады» деп сақтаған Ұлттық қордағы ақша азайса, үкімет не істемек?!Бұған қатысты экономист-сарапшы Меруерт Молдабекованың айтуынша, «егер қаржы осылай жұмсала беретін болса, онда Ұлттық қорды, расымен де, түгесіп тастауға болады».
– Пандемия кезінде 4,7 трлн теңгені экономикаға дем беру үшін Ұлттық қордан алдық. Бұл – долларға шаққанда 10 млрд долларға жуық қаржы. Сонда жыл сайын 10 млрд долларды Ұлттық қордан ала берсек, онда қордағы қаржыны әрі кеткенде төрт жылда тауысып аламыз. Демек, біз үшін болашақта Ұлттық қордың қаржысын тиімді пайдалану маңызды, – дейді Меруерт Молдабекова.
Жалпы, мамандардың айтуынша, экономиканың қатты қиналатын кезеңі әлі алда. Себебі мұнайдың бағасынан бөлек, коронавирустың салдары да алқымнан алатын кезең тұр. Мысалы, былтыр пандемия кезеңінен бері бір жыл өтпей жатып, Қазақстандағы бизнестің табысы күрт азайды. Елдегі шағын және орта бизнестің кірісі 50-100 пайызға дейін төмендеп кетті. Алыс-беріс сауда табысы төмендеді. Өнім шығаратын кәсіпорындардан бөлек, елдегі ірі сауда орталықтарының да табысы кеміп, олар қазірден бастап үкіметтен көмек сұрап жатыр.
Негізінде, сала мамандары «Біз 2007-09 жылдардағы дағдарыстан сабақ алып, үдемелі индустриалды-инновациялық бағытта жұмыс істеуіміз керек еді. Кезінде осыған қатысты арнайы бағдарлама қабылдап, «отандық экономиканы индустриалды-инновациялық жолмен дамытамыз» деген едік. Өкінішке қарай, бұл бағдарламаның басы бар болғанымен, аяғы сұйылып, ақыры өз жемісін бермеді. Елде жұмысы жанданған өндіріс орындары саусақпен санаулы» деседі.
Ал енді түбі көрінген Ұлттық қорды немен толтырамыз?! Әлде үкімет тағы да қулыққа басып, халыққа салынатын айыппұлдар мен салықты көбейтіп, бюджетті соның есебінен толықтыра ма? Бірақ бұл әрекеттердің өзі экономиканы құтқармасы анық. Экономика ғылымының докторы, профессор Бейсенбек Зиябековтің айтуынша, бізде Ұлттық қорды басқару жүйесі әу бастан дұрыс қалыптаспаған. Бұл ретте Бейсенбек Зиябеков былай дейді:
– Меніңше, Ұлттық қорға мүлде тиіспейтіндей, халықтың мұқтажынан артылған дүниені ғана жинау керек. Алдымен жоғарыда аталған түсімдерді нақты есептеп алып, бюджетке бөлу керек. Сосын, артылғанын қайта алынбайтындай етіп Ұлттық қорға сақтап отыру керек. Бірінші осы мәселені шешу керек. Екіншіден, Ұлттық қорды Ұлттық банк басқармауы керек. Ол тек үкімет бақылауында болуы тиіс. Бұл халықтың ақшасы болғаннан кейін, оны тікелей үкімет пен президент қызғыштай қоруы керек. Ұлттық банк Ұлттық қорды басқаратындай инвестициялық компания емес. Сондықтан Ұлттық банктен қорды басқаратын әлеуетті алу керек. Жалпы,мұнай қымбаттаса бітті, Ұлттық қорға қол сұғып, оны орталап сорлатуды доғару қажет. Бізде мұнайдан бөлек, Менделеев кестесіндегі барлық элементтер бар. Бірақ ірі өндіріс орындарындағы жұмыс істетуді әлі жолға қоя алмай келеміз. Ең өкініштісі – осы.
Қалай десек те, қазір әлемді жайлаған індеттің ауыртпалығы ғана емес, экономикалық қиыншылықтары да таяу болашақта қатты сезіле бастамақ. Осыған байланысты экономист мамандар арасында «Ұлттық қордан әр тұрғынға ақша бөлу керек» дейтіндер де табылды. Экономист-сарапшы Марал Төртенованың айтуынша, енді Ұлттық қордың шарапатын халық көретін кез келді. Ойын ортаға салған маман былай дейді: «Ұлттық қорға қазір мұнайдан түсетін түсім, корпоративтік табыс салығы, үстеме пайда салығы, пайдалы қазбаларды өндіру салығы, өнімді бөлу бойынша үлестер, экспортқа рента салығы және өнімді бөлу туралы келісімшарт бойынша қызметті жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушының қосымша төлемі – міне, осылардың барлығы Ұлттық қорға түседі. Біз бұл қаржыны «халықтың басына әлдеқандай жағдай туғанда тығырықтан алып шығады» деп сақтап отырмыз. Ендеше қазір сол кезең келді. Сондықтан болашақта үкімет Ұлттық қордың қаражатын өздері бүйрегі бұратын жекелеген секторларға емес, халықтың өзіне бөлуі керек. Халықтың бизнеспен айналысуына, жақсы өмір сүруіне, отандық өндірісті дамытуға халыққа қаражат берілуі тиіс. Ұлттық қордан ел өз үлесін алғанда, бәлкім, елдің еңсесі тіктелер. Үкімет болашақта ынсапқа салып, осы жағын да ойлауы тиіс».