Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 17:15

Ауа райы бұзылса су ішпейтін ауыл

Гүлнәра Тәукенова
Гүлнәра Тәукенова. Фото: Ернар Алмабек

Ахметов алдап кеткен елді Көшербаев қашан жарылқайды?

 Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай ауданына қарайтын Топқайың ауылы ауыз суды тасып ішіп отыр. Өзеннен. Төрт түлікпен таласып. Ауыл адамдары мал өріп, өзен лайланып кеткенше, таң атпай, күн шықпай тұрып су тасып алуға тырысады. Шығыстың таңы уақыт белдеуі ауысқалы тым ерте атады. Сондықтан бұл ауыл сіз ұйықтап жатқан таңғы сағат 3-4-тің кезінде өзенге кетіп бара жатады.

Топқайың ауылы арнайы бағдарлама бойынша 2021 жылы сумен қамтамасыз етілуі керек болған. Оған бюджеттен 622 млн теңге бөлінген. Жауапты мердігер – QazConstructions компаниясы. Тұрғындар суға жауапты мердігер компанияның жауапсыздығын айтып облыс пен аудан басшыларына шағымданған. Әкімдік «жазда болады, күзде болады» деген сынды құрғақ уәдемен 5 жылдан бері созып келеді.

Топқайың
Топқайың аулындағы қазылған арықтар. Фото: скриншот

Топқайыңдықтар неге ауыз суға жарымай отыр?

Жергілікті тұрғындардан білгеніміз, судың тартылмауына бірнеше себеп бар. 2021 жылы су тартуды бастаған кезде құрылыстағы жобалық-сметалық құжатта қате кеткенге ұқсайды. Қазір ауыл ішін қазып, құбырларын тартып қойған, бірақ су жоқ. Құрылысты бастаған компания кейіннен жұмысын тастап ізім-қайым жоғалыпты. Тереңдігі 2-3 метр болатын ор ауыл ішінің астан-кестеңін шығарған. Жұрт әрі-бері жүруден қалған, шұңқырға су жиналып, оған талай мал түсіп өлген. Соңында тұрғындар малын даулап сотқа дейін барған. Бүгінде халық шулай бергесін қазылған шұңқырдың басым бөлігі жабылған. Ел арасында алғашында тендерден жеңіп алған компания ақшаны жеп қойды деген де сөз бар. Тұрғындар шынында да құрылыс компаниясы ақшаны қалтаға басып қалған сыңайлы деп есептейді, әйтпесе сметаға бөлінген ақшамен су шығуы керек еді. Су тартып беретін компанияға экс-әкім Даниал Ахметовтің қатысы бар болуы да мүмкін. Мұны бізге ауыл тұрғындары айтты. Сөйлесе келе білгеніміз, компания бұрынғы әкімге тікелей қарасты болмаса да, оның ұлына немесе ұлының достарына тиесілі болуы мүмкін. Бірақ олар тендерді жеңіп алып, басқа бір мердігер компанияға беріп жіберуі де ғажап емес. Ал ол компанияларды тексеруге облыстың шамасы жетпейтін көрінеді. Сонымен алғаш бөлінген ақша жоқ болып кеткен.

Тұрғындардың айтуынша, бұл компания алған Шығыс Қазақстандағы нысандардың көбі бітпей, аяқсыз қалған. Ал оны ешкім тексеріп жатқан жоқ. Су тартылмай жатқанының тағы бір себебі – су қоймасын салып, сорғысын, трансформаторын орнатып тастаған жерден су шықпай қалған. Енді басқа жерден қазу үшін қаншама құрылған нысанды ауыстыру керек. Су шығаратын негізгі сметаны жасағандар Қызылорданың компаниясы деген де әңгімені құлағымыз шалды. Олар жер бедерін білмей, су шықпайтын жерді белгілеп кеткен сыңайлы.

Міне, бұл қазір Топқайыңдағы ауыз суға байланысты айтылып жатқан әңгімелер. Сондықтан ауылдағы жағдайды білу мақсатында Jas Alash Топқайың тұрғындарымен сөйлесіп, бұл әңгімелердің қаншалықты растығына көз жеткізді.

Найманғазы Ибраев
Найманғазы Ибраев. Фото: скриншот

Найманғазы Ибраев, Топқайың тұрғыны: Өзен суына үйреніп алдық

Ауыл азаматы Найманғазы Ибраев тұрғындардың бұл жерде жағдай болмағандықтан көшіп кеткенін айтады. Ақсақалмен сөйлесе отырып оның су мәселесінің шешілуіне күмәнмен қарайтындай, бірнеше жылдан бері айта беріп үмітсіздікке ұрынғандай күй кешіп отырғанын аңғардық.

Құбыр тартып бастағанына 5 жыл болды, әлі жоқ. Судың түбіне жете алмай жатырмыз. Мәселемізді айтпаған жеріміз жоқ. Бірақ ештеңе өзгермейді. Жауапты органдар «күзде, жазда» деп құрғақ уәде беріп келеді. Шу боп кеткенде ғана 3-4 айда істеп береміз дейді де, содан кейін баз баяғы қалпына түседі. Осылай 5 жылдан бері келе жатырмыз, қарағым. Су қазуға не кедергі дейсің ғой. Біріншіден, оның ақшасын жеп қойды деген әңгіме бар. Енді алдағы жазға істеп береміз деп айтты. Су біздің бір мәселеміз ғой. Қазір 70 шақты отбасы қалды. Бұрын көп еді. Талай адам көшіп кетті ғой. Бірі су үшін, екіншісі бала-шағасының жағдайы үшін қалаға қоныс аударды. Оның үстіне ауылда жұмыс та жоқ. Адамдар көбіне өзеннен тасып су ішіп отыр. Ауылдың батыс жағында 2-3 шақырым жерде құдық бар. Бірақ ол алыс. Шанаңды сүйреп қыстың көзі қырауда сонша шақырымнан су тасу да оңай емес. Енді осы өзеннің суынан ішіп отырмыз ғой, таңертең ерте барып аламыз. Әйтпесе, мал жүріп, суды лайлап кетеді. Жазғытұрым қар еріген кезде тіпті қиын, барлығы өзенге құйылмағанда қайда құйылады, кәдімгі лай. Басқа кезде «ағын судың арамы жоқ» деп, таңертең сағат төрттерде барып аламыз. Қазір үйреніп алдық, сол судан ішіп жүрміз. Су қоймасын істеп қойды. Бірақ толық біткен жоқ. Үйлерге су құбыры да тартылып жатыр. Аудан әкімі су қоймасы салынып жатқан кезде келді, одан кейін көрмедік.

Ауылда интернет те жоқ, телефонмен сөйлесу де қиын. Бір антенна діңгегін құрғандарын айтады. Бірақ соны құрғасын, керісінше, байланыс нашарлап кеткен сыңайлы. Өйткені бұрынғы барымыздан да айырылып қалдық. Телефонмен сөйлесу үшін көшеге, жолға шығып кеттік. Мен ауылды жамандап тұрған жоқпын, шындық – осы, – дейді ауыл ақсақалы.

Гүлнәр Тәукенова, ауыл тұрғыны:  Әкімдіктегілер конструкциядан бұрын реконструкция жүргізбекші болды

Топқайыңның тағы бір тұрғыны Гүлнәр Тәукенова 50 жылдан аса осы өзеннен су тасып ішеді. «18 жасымда келін болып түскенде осы жағдай еді, қазір жасым жетпістен асты, әлі ештеңе өзгерген жоқ» деген қарт ана судың жыры бұрыннан бар екенін, оған жергілікті билік назар аудармай келе жатқанын айтады.

Гүлнәр Тәукенова
Иінағашпен су тасып жатқан Гүлнәр Тәукенова. Фото: Ернар Алмабек

Біз өмір бақи суды өзеннен алып ішіп отырмыз. Жауапты компания келген жылы ауыл ішін 2-3 метр тереңдікте түгел қазып тастады. Не адам, не малымыз жүре алмай қалғасын, арыздандық. Кейін құбырларын тастап, кей жерін көмді, кей жерлері сол күйі қалды. Ашық шұңқырларға қыстай қар жиналып, көктемде ішіне су ағып, оған мал түсіп өліп жатыр. Малын даулап сотқа дейін барғандар да болды. Кейде оның ішіне адам да құлап кетеді. Бірінші мердігері ақшасын жеп қойыпты, соттасып жатыр деген. Одан бері, міне, екі жыл өтті. Өзен жағасындағы ауыл болғасын сол өзеннен су ішіп отырмыз. Бұл өзеннен мал да ішеді. Мал суаратын жігіттер өзеннің төменгі жағынан арнайы орын ашып қойған, тұрғындарға содан жоғарғы жағынан мұзды басқыш жасап шапқан, сол жерден су аламыз», – дейді Тәукенова.

Гүлнәр Тәукенова
Гүлнәр Тәукенова. Фото: Ернар Алмабек

Гүлнәр Тәукенованың су мәселесін көтеріп бармаған жері қалмаған. Тіпті 2022 жылдары ауданға сол кездегі әкім Даниал Ахметов келген кезде де, ауыл мәселесін арқалап әкімге барған. Бірақ Ахметов ауыл тұрғынымен тікелей емес, нөкерлері арқылы ғана сөйлесіп, тапсырма берген сыңай танытқан. Бірақ одан ештеңе өзгермеген.

Ауылға су тарту ісін алғашында сол әкімнің баласы ма, күйеу баласы ма, алды деп естідік қой. Қайбір жылы Қатонқарағайдағы ФОК-тың ашылуына Ахметов келеді дегесін, судың мәселесін айтуға ауыл адамдары мені жіберді. Аудан орталығына бардым. Әкім спорт комплексін бір аралап шықты. Артынан мен де қалмай қойдым. Аяғында көрші ауылдан әдейі іздеп келгенімді, бүкіл ауыл су мәселесі бойынша шулап отырғанын айттым. Ол менімен тікелей сөйлескен де жоқ, нөкерлері арқылы айтты. Нөкерлері міңгірлеп, «су болады» дегендей болды. Содан кейін тағы бір қызықты айтайын, 2-3 жыл бұрын келгендер «Топқайыңда реконструкция жүреді» деп қоймайды. Реконструкция дегеніміз – қайта жөндеу ғой. Сосын мен оларға «мынау реконструкция болса, оның алдында конструкция бар емес пе, ол қай уақытта болды?!» деп сұрасам жауап бере алмайды. Өзім ауылдың арғы шетінде бір құдық бар, конструкция деп жүргендері сол шығар деп топшыладым. Бір кездері кеткен қателік қой, «ауыл сумен қамтамасыз етілген» деп құжатта жазып жіберген шығар. Ол кезде бізді ешкім ойлаған жоқ қой қарағым.

Суды өзеннен тасып ішеміз деп жатырмын ғой, боран, жел бізге қатты кедергі емес, жер лай-су болса да ішер суың болғасын амал жоқ барасың. Бізге қиын боп тұрғаны көктем. Көктемде мал су ішкен жерден тезегі, топырағы өзенге түседі. Сондай уақытта таңғы сағат төрттерде тұрып, жер қатқақ боп тұрғанда су алуға тырысамыз, одан кешігіп қалсақ, өзен лайланып кетеді. Күн жылы кезде су сарғыш болып ағып жатады. Сосын көлігі барларға Қатонқарағайдан таза су әкеліп бер деп жалынамыз. Қазір «мына суларыңыз шықпайтын болды» деп қорқытып қояды. Басқа аймақтарда жеті жылдан бері сусыз отырған ауылдар бар екен. Теледидардан соларды көріп отырып, біз де соның күйін кешеміз бе деп алаңдаймыз», – дейді ауыл тұрғыны.

Қатонқарағайдағы спорт сауықтыру орталығы
Қатонқарағайдағы спорт сауықтыру орталығының бассейні. Фото: Дидар Смагуловтың facebook парақшасы

Гүлнәр Тәукенованың айтып отырғаны – Қатонқарағайдағы спорт сауықтыру орталығы. Бұл спорт комплексін де QazConstructions компаниясы салған. Бірақ 2023 жылы аталған орталықтың да құрылысы аяқталмай тұрып қирап жатқаны туралы «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Дидар Смағұлов мәлімдеді. Оның айтуынша, ғимарат 911 млрд 380 млн теңгеге салынған. Сол кезде де қоғамдық бірлестіктің директоры бұл ғимаратты тікелей QazConstructions емес, қосалқы мердігерлер атқарғанын, олар әлі күнге дейін аталған ЖШС-дан ақшасын ала алмай жүргенін жазды.

Даниал Ахметов
Даниал Ахметов. Фото: Шығыс Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметі

QazConstructions Даниал Ахметовке қатысы бар ма?

Компания алғаш рет 2013 жылы 19 ақпанда тіркеуден өткен. Директоры да, құрылтайшысы да Медет Қаныбекұлы. Былтырғы қаржы айналымы 700 млн теңгеге жетпейді, төлеген салығы 12 млн теңгеден асады. Алайда бұл кәсіпорынның құлдырағын шағы. Мысалы, 2021 жылы оның қаржы айналымы 32 млрд теңгеге жуық болған, бір жылда 600 млн теңгедей салық төлеген. Мемлекеттен осы уақытқа дейін 424 тендер алған. Оның ішінде 40 млрд теңгелік келісімшарттарды да көзіміз шалды. Тек компания қаржысы 2022 жылдан кейін бірден қысқара бастаған.

1

Даниал Ахметовтің туыстарының бизнестері бары жасырын емес, бірақ біз айтып отырған компанияның нақты бір байланысы анықталмады. Ахметовтің ұлы құрылыс саласында кәсіппен айналысады. Талғат Ахметов жас кезінен-ақ бірнеше компанияға иелік еткен. Ratel.kz ресурсы Талғат Ахметовтің Павлодар нан нарығының 40 пайызын құрайтын фабрикасы бар екенін жазды. 2017 жылы 32 жасында Талғат Ахметов Forbes журналының қазақстандық нұсқасы бойынша елдегі ең бай 50 адамның тізіміне енді. Журнал кәсіпкердің байлығын 145 миллион долларға бағалаған. Ал экс-әкім журналистерге ұлының мұндай байлық пен табысқа білімінің, өз күшінің арқасында жеткенін айтқан.

Ауыл әкімдігі ұялып отыр

Қатонқарағай әкімдігінің мәліметінше, Топқайыңдағы су құбырын жүргізу бойынша 622 млн теңге бөлінген. Бүгінгі таңда 2025 жылға 77 млн тұр. Былтыр мердігер QazConstructions компаниясымен қайтадан үш жақты меморандум жасалып, жұмыс жалғасып жатыр. Компания 2024 жылдың аяғына дейін барлық ауыл ішіндегі абоненттерге дейін, үйдің қоршауына дейін су құбырларын тарту жұмыстарын бітірген. 2025 жылдың 30 маусымына дейін толық аяқтау жоспарланып отыр.

 Расул Мырзабекұлы
Катонқарағай ауданы әкімінің орынбасары Расул Мырзабекұлы. Фото: gov.kz

Біз Қатонқарағай ауданы әкімінің орынбасары Расул Мырзабекұлынан QazConstructions компаниясымен арадағы сот және құжаттағы қателік, Қызылордадан келген мамандар туралы да сұрадық.

«Иә, компанияны бірнеше рет сотқа бердік. Аудиттік тексеру жүргізілді. Содан кейін біраз қаражатты бізге қайтарды. Қазіргі күнде олардың бізге қарызы жоқ. Жұмысын аяқтады. Ал Қызылордадан келген мамандарға келетін болсақ, бұл алыпқашпа сөздер ғана. Жобаны жасаған – Өскеменнің маманы Александр Глухатов. Топқайыңның су қоймасында су бар, 40-50 метр жерден су шығып тұр. Жобадан қателік кетпеген, тек мердігер компанияның жауапсыздығынан болып тұр ғой мәселенің барлығы. Қазір халықтан да ұят болып кетті, биыл міндетті түрде су беріледі», – дейді аудан әкімінің орынбасары.

Ернар Алмабек
Фото: Ернар Алмабек

Ернар Алмабек, фотограф-блогер: Топқайың тұрғындары су алу үшін ерте тұруға мәжбүр

– Жақында сұлу табиғатын көріп, таза ауасымен тыныстап, жергілікті тұрғындарының өмірімен танысуға Алтайға бардым. Мені көріп жүргендер ауыл мәселелерін көтеретінімді біледі. Бірақ басқалар сияқты шулатып емес, оны өнер арқылы беруге тырысамын. Алтайға барғанда Топқайың ауылы жоспарда болмады. Аршаты, Берел, Шыңғыстай ауылдарына бардым. Өскеменге қайтарда жол бойында Топқайың деген ауыл барын, ол Қалихан Ысқақов атамыздың туған жері екенін естідім. Сосын ауылға соға кетейін деп шештім. Ауыл таудың баурайында, қызық орналасқан екен. Жолдың бойында болса да ауылда интернет нашар. Ауылдағы көшелер де қызық. Екі ұзын көшенің ортасында өткелдері жоқ. Бірінші көшеден екінші көшеге өту үшін бүкіл көшені айналасың. Сұрастыра келе, ауылда су ішетін бір-ақ құдық барын білдім. Ауылдың арғы шетіндегілер осы жерге су алуға келеді. Сұрастыра келе, тұрғындар құбыр жүргізуге жер бедері кедергі екенін айтты. Халық өзеннен де су ішіп отыр. Сосын өзен жаққа барып едім, кейіпкерім Гүлнәр апайымыз суын иінағашпен тасып, үйіне кіріп бара жатыр екен. Апаймен сөйлесе келе құдық алыс екенін, адамдардың басым бөлігі өзеннен су ішіп отырғанын білдім. Мысалы, Гүлнәр апайымыз ол жаққа барып келу үшін екі сағатын жұмсайды. Сондықтан тұрғындар суға екі сағат жұмсағанша, тиімді деп өзеннен су алады.

Ауылдың толық жағдайымен танысуға уақыт қысқа болды. Бірақ мына екі жағдай көп нәрсені аңғартты. Негізі – ауыз су, интернет, отын дегендер ең қажетті дүниелер ғой. Бұл ауданда газ жоқ. Көмірді жеткізу қиын болғандықтан, бағасы қымбат. Бірақ отын мәселесі табиғи жағдаймен шешілген. Байланыс мәселесі қиын, ал ауыз су мәселесі шешілмей тұр. Қарттардың иінағашпен су тасуы қиын. Біз барған күні ауа райы жақсы еді. Ал боранды күні тұрғындар не істейді? Алтайдың қысын білесіздер. Кейде боран соғып, көз аштырмайтын күндер болады. Одан кейін көктемде мал келіп, өзен жағасын таптап кетсе су лайланады. Ондай кезде тұрғындар су іше алмай қалады екен. Жазда халық малдан бұрын ерте барайық деп сағат төрттерде тұрып суға келеді екен. Қазір, оның үстіне, Шығыста таң ерте атады. Көрдіңіз бе, бір су мәселесі қаншама проблеманы тудырып, халықты әбігерге салып тұр.

Мұның алғашқы шешімі, әр үйге құдық қазып қоймаса да, әр көшенің төрт-бес жерінде құдық болса тұрғындардың мәселесі жеңілдер ме еді деп ойлаймын. Топқайың өзі де үлкен ауыл емес. Қателеспесем, 70-80 шақты үй бар. Соған бес құдық қазып берсең жақсы емес пе? Мәселе бұлай ушықпай, уақытша болсын шешілетін еді.

P.S. 2010 жылдары елімізде шалғайдағы ауылдарды сумен қамтамасыз ететін «Ақбұлақ» бағдарламасы құрылды. БАҚ арқылы оның ісін насихаттап, алаулатып-жалаулатқан бағдарламаға 900 млрд теңгеден аса қаржы бөлінген. Бірақ оның игілігін шынында да суға мұқтаж ауылдар көрмеген сыңайлы. Әйтпесе, аймақтардан Топқайың сынды ауылдар әлі де өзеннен су ішіп, иініне иінағаш іліп су тасымайтын еді.

Айтпақшы, «Жас Алаш» QazConstructions компаниясының иесі Медет Қаныбекұлына да хабарласты. Бірақ ол телефон тұтқасын көтермеді, ал жазып жіберген хатымызға жауап қатпады.

Биыл жазушы Қалихан Ысқақтың 90 жылдық мерейтойы. Жазушының туған жері өзен суымен күнелтіп отырған Топқайың ауылы. Енді аудан алыстан сауын айтып, құрметті азаматына арнап дүбірлетіп той өткізбесе де, тым болмаса туған ауылындағы ауыз су мәселесін шешіп берер ме екен...

Тұрсынбек БАШАР