Аудан әкімін сайлағаннан ахуал өзгере ме?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осыдан бір-екі күн бұрын сарапшылардың алдында жариялы түрде алты заңға қол қойды.
Әрине, бұл бұрын-соңды болмаған оқиға. Демек, бұл заңның қазақстандықтардың өмірінде зор маңызы болғаны ғой. Атап айтқанда, ол қандай заңдар?
1. «Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы»;
2. «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы»;
3. «Прокуратура туралы»;
4. «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы;
5. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы;
6. «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы.
Әрине, бұл заңдар жазда өткен, халық таңдауын жасаған референдумның нәтижесі. Әрине, мұның барлығы да осы уақытқа дейін қоғамда қызу талқыланған пікірлердің нақты жүзеге асуы. Десек те, біз мына бір мәселеге тоқтала кеткеніміз жөн.
Енді жаңа заңнамадағы өзгерістерге сәйкес, аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері де сайланады. Бұған қатысты биліктің бұқаралық ақпарат құралдары «бұл – ауыл әкімдерін сайлаудың логикалық жалғасы әрі мемлекеттік басқару жүйесін демократияландыруға ұмтылысымыздың нақты айғағы», деп кешелі-бері жазып жатыр. Бірақ, шын мәнінде, солай ма? Аудан әкімдерін баламалы жолмен сайлағаннан кейін бізде, шын мәнінде, демократия дамып кете ме? Рас, өткен жылы жазда бірқатар өңірлерде ауыл әкімдерінің сайлауы өтті. Атап айтқанда, республика бойынша 730 елді мекенде ауыл әкімдері сайланып, жаңадан қызмет басына келді. Дерекке жүгінсек, Ақмола облысында – 75,5 пайыз, Ақтөбе облысында – 79, пайыз, Алматы облысында – 66,5 пайыз, Атырау облысында – 74,4 пайыз, Шығыс Қазақстан облысында – 90,9 пайыз, Жамбыл облысында – 90,7 пайыз, Батыс Қазақстан облысында – 81,4 пайыз, Қарағанды облысында – 75,8 пайыз, Қостанай облысында – 84,4 пайыз, Қызылорда облысында – 83,6 пайыз, Маңғыстау облысында – 82,4 пайыз, Павлодар облысында – 76,9 пайыз, Солтүстік Қазақстан облысында – 87,1 пайыз, Түркістан облысында – 77,1 пайыз сайлаушылар өз таңдауын жасады. Сөйтіп, 1847 сайлау учаскесінде халық өздері қалаған ауыл әкімдерін сайлап алды. Рас, ауыл әкімінің орынтағына таласқандар өте көп болды. 1847 учаскесіндегі 730 орынға 2297 үміткерден келді. 1419 адам өзін-өзі ұсынса, 878 адам саяси партиялардың атынан тіркелді. Иә, өткен жылғы ауыл әкімдерін сайлауда белсенділік өте жоғары болды. Ауыл әкімі болғысы келетіндердің ынтасы күрт артты. Бірақ ең басты сауал көкейде қалды: Ауыл әкімдерін сайлағаннан ауылдың ахуалы өзгерді ме? Жоқ. Бір жыл өтсе де, жағдай сол күйінде қалып отыр. Мұнан шығатын қорытынды, алдағы уақытта болатын аудан әкімдерін сайлау да жасанды әрекет болып шығады. Мақұл, аудан әкімін бір-екі жылда тағы сайлармыз. Халық өздері таңдаған әкімдерге дауыс берді делік. Бірақ баламалы өткен сайлаудан кейін сайланған әкім сапалы жұмыс істей ала ма? Сайланған әкім қызметке келгеннен кейін ауданның бюджеті күрт артып, аймақтың жағдайы дұрысталып кете ме? Көкейде әлі көп сауал тұр. Бәрібір сайланған аудан әкімі жалтақтап, облыстың басшысына қарайлайды. Соның айтқанын істейді, ауданға қатысты жобасын да облыс әкімінің алдында қорғайды. Рас, тиісті мерзімі біткенше, сайланған аудан әкімін аймақ басшысы мерзімінен бұрын орнынан алып тастай алмайды. Қазіргідей, ойына келгенін істеп, басқа қызметке ауыстыра бермейді. Сайланған әкімнің ұтатыны сол ғана.
Жалпы, тарихқа көз салсақ, ауыл әкімдерін сайлау тарихта бірінші рет өтіп отырған жоқ. 1999 жылы Шамалған ауылында «эксперименттік сайлау» өткен. Сөйтіп, Назарбаевтың туған ауылында халқы өз кәсіпкерін әкім етіп сайлаған. Содан Шамалғанның шырайы кірді ме? Мұндай көз алдау – саясат пен сайлау кімге керек? Халық та сол сайланған кәсіпкер әкімін қазір білмейді. Сондай-ақ 2001 жылы Қазақстанның 28 ауылында «эксперименттік сайлау» өткен. 2005 жылы Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Алматы облыстарында ауыл әкімдері эксперимент жағдайында сайланған-ды. Мұның барлығын кезінде мақтап, биліктің ақпарат құралдары «міне, Қазақстандағы билікті орталықсыздандырудың жарқын көрінісі», деп жапатармағай, жарыса жазған. Бірақ содан жағдайы жақсарып кеткен ауылды көрмедік. Бұдан Қазақстанда демократия шынайы дамып кетпейді. Бұл «ауыл және аудан әкімдерін сайлау баламалы түрде жүзеге асып жатыр», деп есеп беруге ғана арналған жасанды әрекет болып шығады. Халық мұндай жасанды эксперимент сайлаудың талайын көрген. Бір ғана мысал, өткен жылы жазда 730 ауыл әкімін сайлауға 4,8 миллиард теңге шамасында қаржы жұмсалды. Тек «жасанды сайлауларға кеткен есіл қаржы-ай», демеске амал жоқ. Енді бірер жылдан кейін аудан әкімдерін сайлаймыз. Бірақ бұл әрекеттердің барлығы елімізді демократияландыруға және жергілікті басқару институтын нығайтуға елеулі үлесін қоса ма? Осыдан бірер жыл бұрын 730 елді мекенде ауыл әкімдерін сайлағанымызда, биліктің кейбір итаршылары «әкімін сайламайтын көрші Орта Азия елдері бізге қызыға да, қызғана да қарап отырған болар», деп асыра сілтеп, мақтап та жіберген. Енді бірер жылдан соң, аудан әкімдерін сайласақ, «мұндай реформа бұрын-соңды ТМД көлемінде болмаған», деп түйін жасайтын шығар.