Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:15, 10 Ақпан 2023

Әуе қызметі кері кетіп, ал билет құны шарықтап барады

None
None

Былтыр елімізде халықтың наласы мен қарғысына көбірек ұшыраған сала болса ол ұшақ қызметі шығар.

Біресе кешігіп ұшып, одан қалды билетінің бағасы еселеп өсіп, тіпті жолаушылардың сөмкелері тасымал кезінде сынып, еш себепсіз ұшпай қалып, талай адамды жолынан қалдырған болатын. Статистикаға сенсек, былтыр жазда рейстердің 63%-ы кешігіп ұшқан көрінеді. Соған қарамастан, ұшақ билетінің бағасы өсе түскен. Яғни еліміздегі әуе көлігімен сапарлау құнының 17 пайызға қымбаттағаны белгілі болып отыр. Тіпті еліміздегі екі өңірде билет бағасы 50 пайыздан астам деңгейде өскен көрінеді.

Таратып айтар болсақ,2022 жылғы желтоқсан айының қорытындысы бойынша әуе көлігімен жолаушылар тасымалы қызметінің құны жыл ішінде 16,8 пайызға өскен. Өңірлер тұрғысында Батыс Қазақстан облысында – 67 пайыз, Абай облысында –  57,3 пайыз, Қостанай облысында 43,2 пайыз өсім байқалған.

          Осы орайда айта кетсек, «экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кенже қызы Әлия ел аумағында пойыздарға сатылған әр билеттен өзіне үлес алып келіпті, енді ол үлес жойылғандықтан пойыз билеттерінің де арзандайтыны» айтылған болатын. Сол кездерде кейбір пойыз билеттерінің арзандағанын да сезініп едік. Алайда жарты жыл өтпей жатып, пойыз билеттері қымбаттап, тіпті баға тұрақтылығын жоғалтып, ұшатын уақыты жақындаған сайын қымбаттайтын әуе билеттерінің баға саясаты темір жолға да көшкенін байқадық. Алайда айылын жиятын олар жоқ, жыл санап, пойыз бен ұшақ билеті қымбаттаған үстіне қымбаттап барады. Оған «әй дер үкімет, қой дер билік» табылмай отыр.

Осы орайда заңгер, құқық қорғаушы Жангелді Сүлейменов әлеуметтік желідегі парақшасында «Еуроодақ елдері арасындағы әуе билеттері Қазақстан қалаларының рейстерімен салыстырғанда 32 есеге арзан» дейді. Заңгердің пікірін сөзбе-сөз келтірсек: «Мысалы, Австриядан арнайы жеңілдіктер арқылы Испанияға, Францияға, Италияға және Швецияға белгілі бір күндерде 6 мың теңгеге ұшу билетін алуға болады. Бұл ретте Еуропадағы жалақы орташа есеппен 2000 еуроны, яғни 1 миллион теңгені құрайды. Яғни бұндай жалақымен 160 билет сатып алуға болады. Бізде Алматы–Астана бағытындағы билет құны шамамен 50 мың теңге тұрады. Бұл біздегі ел ішіндегі арасы жақын орналасқан қалалар арасындағы әуе билеттерінің бағасының Еуропадағыдан тоғыз есеге қымбат екенін көрсетеді. Еуропада бір айлық жалақыға 160 халықаралық билетті сатып алуға болады. Ал бізде айлығымыз ішкі рейстегі бес билетке ғана жетеді. Біз олардан 32 есе нашар өмір сүреміз» – дейді. Ол сондай-ақ Қазақстанда ұшақтарға жанармай құюға арналған өз мұнайы бар екенін айта келе бұл мәселеге кімнің кінәлі екенін, кімнің шешетінін сұрап мәселе көтеруде.

Расында да бірай бұрын алсаң да Алматы Орал бағытының ұшақ билеті 50 мың теңгеге жуық. Шұғыл жағдайда ұшуы керек азаматтар амалдың жоқтығынан несиеге ұшып жүр. Орташа табыстың үштен бір бөлігін жұлып алып кететін бағаны кез келген адамның қалтасы көтере алмайды. Мұндай жағдайда ішкі туризм туралы әңгіме қозғаудың өзі артық. Екі баласымен бір жанұя ел ішінде қыдырғысы келсе бір бағыттың өзіне 200 мың керек екен. Ал кері қайтатын болса 400 мың теңге. Жатын орын, қыдыруы мен тамағын қосқанда миллион кететін болса ішкі туризмнің дамуы туралы не айта аламыз?! Ішкі рейстері арзан Түркия, Өзбекстан секілді елдердегі ұшақ билеті елімізге ертегідей естіледі. Тіпті ара қашықтық бірдей болса да көршімізбен салыстырғанда біздегі әуе билетінің бағасы еселеп қымбат. Мәселен, іргеміздегі Қырғызстаннан Түркияға бару бізден әлдеқайда арзан екен. Алматы Ыстамбұл бағыты 289000 теңге болса, Бішкек Ыстамбұл бағыты 69000 теңге. Екеуі де алты сағат ұшады, бірақ бағасы жер мен көктей. Қит етсе «шығынға ұшырап жатырмыз» деп мемлекеттен көмек сұрап шыға келетін әуе тасымал қызметіне қарап, билетінің бағасы бізден бірнеше есе арзан көрші елдердің тасымал қызметінің қалай банкротқа ұшырамай жүргеніне таңғаласың...

Тегтер: