Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:19

«Әуелі Қатаргейтіңді жөндеп ал!». Қазақстан да Грузияның жолын ұстана ма?

1
Фото: Жас Алаш коллаж

Қоғамда PASE мен OSCE ұйымдарынан шығу сөз бола бастады. Расында, бұл мүмкін бе? Қазақстан Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясымен (PASE) ынтымақтастығын үзе ала ма?

Халықаралық саясатта қысқартылған PASE атауымен жақсы танымал ұйымның Қазақстан үшін қандай маңызы бар? Аталған парламентаризм депутаттарының біздің елге қарата жасаған ай басындағы атышулы мәлімдемесінен кейін кей сарапшы «елімізге құрмет көрсетпейтін мұндай ұйымның керегі не» деген сыңайда пікір білдіріп жатыр.

Былайғы уақытта сыртқы елдер не ұйымдар жылы лебіз білдіре қалса, бірі қалмай хабар тарататын мемлекеттік БАҚ осы жолы үнсіз, елімізге қарата айтылған сыни мәлімдеме көп сөз бола қоймады. Оның есесіне, ел ішінде де даурығып, талқылайтын тақырып онсыз да жетіп жатқан еді.

Беделді ұйымнан келген жағымсыз сөз жауапсыз қалса – ол да сын. Ел билігін ұстағандар осындайда өзін көрсетіп, жазықсыз кінәлағандарға ақ сөзін айтып қалар сәті еді. Бірақ өйтпеді.

Ресми биліктің әңгіме болып отырған қамаудағы жандарға қатысты «саяси тұтқын» тіркесін қолданғысы жоқ, ол әу бастан белгілі. Оларды «саяси тұтқын» деп танып отырған ұйыммен сөз таластырып жатса, осы күнге дейін қарапайым қылмысты жандар санатына санап келген азаматтарды бәрібір саяси қоғам өкілі ретінде қарастыра сөйлеуге тура келеді. Оған барғысы жоқ билік бір амалын ойлап тапқан. PASE дегеніңіздің өзі халықаралық ұйым болғанымен, бәрібір нақты бір елдің мүддесі тұрғысынан сөйлемейді. Біздің парламент олармен ынтымақтастық орнатқанымен, мойнына алған үлкен жүктемесі жоқ. Сондықтан қоғамдық ұйымдардың аузымен сөйлеу таптырмас шешім.

PASE үшін – саяси тұтқын, Қазақстан үшін – қылмыскер

Соның негізінде ел ішіндегі бірнеше қоғамдық ұйым өкілдері бас қосып, бірауыздан үн қатып, PASE депутаттарына реніш білдіріп, алдымен өз басыңдағы былықты реттеп ал дегендей үндеу жолдады. Үндеудің даусы көздеген адреске қаншалықты жетіп жатқаны беймәлім, ол маңызды да емес. Әйтеуір ел тарапынан үн шықты, жауап айтылды.

Ал сөздің басы аталған еуропалық парламентаризм өкілдерінің Қазақстандағы «саяси тұтқындарға» қатысты декларациясынан туған еді. Онда қамауға алынған 49 адамды саяси тұтқын ретінде қарастырып, «Алға Қазақстан» ұйымының саяси партия ретінде тіркеу ұсынысы 25 рет қайтарылып тасталғаны қамтылған. Сондай-ақ Қазақстан құзырлы орындарының Айдос Садықовтың өліміне қатысты тергеуге қолғабыс етпей отырғанын мәлімдеген. Соған байланысты Қазақстан билігіне заң мен ақша жымқырумен және терроризмді қаржыландырумен күрес жөніндегі халықаралық ынтымақтастық механизмдерін саяси қуғын үшін қолдануды доғару керек екенін айтқан.

Ал бұл айыптарға жауап қатып отырған қоғам белсенділерінің арасында Таулы Карабақтағы ұлтаралық қақтығысты реттеуге қатысқан соғыс ардагері, жастар мен балалар бастамаларын көтеретін ұйым басшысы, көп жыл еріктілер қоғамын басқарумен айналысқан адам жүр. Қарапайым сөзбен айтқанда, соғыс өртінде болған, дәстүр мен ел ертеңін ойлаған адамдар халықаралық саясатқа араласып, Еуропа парламентаризмі өкілдеріне ел атынан үндеу жасау жауапкершілігін мойындарына алған.

Бұл кісілер не дейді? Өз мәлімдемесінде PASE-ні Мұхтар Әбіләзовтің ықпалына түсті деп айыптап, одан қалды, осыдан екі жарым жыл бұрын болған «Қатаргейт» оқиғасын еске салып, алдымен өз былықтарыңды реттеп алыңдар дегендей болады. Ол кезде депутаттар, саясаткерлер мен мемлекеттік қызметкерлер отбастарымен бірге Қатар, Марокко және Мавритания үкіметтерінің ықпалына түсіп, сыбайлас жемқорлыққа жол беріп, ақша жымқырғаны үшін айыпталған еді. Ақырында Бельгия, Италия және Грекия құқық қорғау органдары 1,5 миллион еуро ақша, компьютерлер мен мобильді телефондар тәркілеп, 4 адамға айып тақты. Еуропарламент вице-төрағасы қамауға алынды. Бұл шулы оқиғадан кейін бөгде тұлғалар есебінен сыйлық алу, жол сапарларының ақысы мен өкіл ретіндегі шығындарын төлету мәселесін заңмен реттеп тастады.

Мәлімдеме авторлары PASE-нің Қазақстанға қатысты бұлай құжат қабылдауына ненің негіз болып отырғанын да білетін сияқты. Олардың сөзінше, осы күндері аталған ұйымның біздің елге көз қадаған сыртқы күштердің сөзіне еріп бара жатқаны «бәріне мәлім».

Бір қызығы, қазақстандық қоғамдық ұйым өкілдерінің осы мәлімдемесі белгілі саясаттанушы Марат Шибұтов тарапынан қолдау тапқан. Саяси сарапшының сөзінше, негізі еуропалық депутаттарға ресми биліктің жауап бергені дұрысырақ болар еді. Хош. Ой өзегіне келейік.

Оның сөзінше, халықаралық ұйым біздегі «қылмыстық істерді саясиландырып жатыр». Соңғы жылдары еліміз құқық қорғау механизмдерін белсенді түрде дамытып, соттардың тәуелсіздігін нығайтып, әкімшілік әділеттілікті енгізіп жатыр. Алайда PASE осы жетістіктерді елемей, керісінше, күмәнді адамдардың тексерілмеген ақпараты негізінде елімізді сынап отыр. Оның үстіне, әлгі «Қатаргейт» оқиғасын Шибұтов та сөз етеді. Сайып келгенде, декларация елге қауіп туғызып отыр екен. Себебі қылмысты тұлғалар еуропалық институттарды жауапкершіліктен жалтаруға және еліміздегі жағдайды тұрақсыздандыру үшін пайдалануы мүмкін. Сондықтан PASE реформа жасап, өз жұмысына деген сенімді қалпына келтіруі керек. Әйтпесе, бұл институт бейтарап әрі ашық саясат ұстана алмаса халықаралық диалогтағы өз рөлін жоғалтуы мүмкін.

«АҚШ-та БҰҰ-дан шығу туралы заң қабылданды, себебі ұйым америкалықтар үшін құнын жоғалтты. Еуропалық құрылымдардың құны қалмады. Осы жерде сұрақ туындайды – неге бізге де осы трендке қосылмасқа? Оның үстіне, негіз де бар. Менің пікірімше, PASE мен ОБСЕ ұйымдарымен ынтымақтастықты әлдеқашан тоқтату керек еді. Олардың бізге қарата тастай салған қақырығына шыдап отырудың қажеті жоқ. Одан да өздерінің саяси жүйелерімен айналысып, Румынияда сайлауын өткізіп алсын», – дейді саясаттанушы.

«Радикал пікір үшін араны үзіп керегі жоқ»

Жалпы, Еуропа жұртшылығының Украинаға соғыс ашқаны үшін Ресейге қатысты ұстанымы жалпақ әлемге мәлім. Соның салқыны Грузияға да тигендей болды. Елде президент сайлауы үлкен наразылықпен өткеннен кейін, билік басына ресейшіл президент пен парламент түбегейлі орнығып болғаннан кейін Еуропа институттарымен де арасы суи бастады.

Біз сөз етіп отырған PASE де Грузияда адам құқықтары шектеліп жатыр деген себеппен қаңтардың соңында ел өкілдерінің ұйымдағы біршама өкілеттігін шектеп тастады. Бірақ толығымен аластағысы келмейді. Сонысын меңзеп, сәуірдегі отырыста мәселені қайта қарайтынын мәлімдеген. Тек ол үшін Грузия билігі ұйым ұсынған резолюциядағы талаптарды орындауы қажет болды. Әлбетте, оның бәрі адам құқығы деген мәселелер. Әсіресе қайта парламенттік сайлау өткізіп, саяси тұтқындарды босатып, еуроинтеграцияға шын ұмтылғысы келетіндерін дәлелдеуі керек.

Бұған шамданған Грузия билігі ұйымнан түбегейлі шығатындарын жариялап, осы айдың басында өз өкілдерін Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясынан кері қайтарып алды. Сөйтіп, әуелгі құндылықтарына қайтып оралмайынша қайта аттап баспайтынын мәлімдеді.

Енді PASE-нің Қазақстанға қатысты қабылдап отырған декларациясындағы мәтін де сол Грузияға қарата қойылған талаптарға саяды. Біздің жағдайда да сол «саяси тұтқындарды босату», «оппозициялық партияны тіркеу», «саяси тұлғаларды қуғындау үшін заңды өз пайдасына асыра пайдалануды доғару» сынды талаптар. Ал оған жауап ретінде айтылған қоғамдық ұйымдардың мәлімдемесі мен оны қостай түскен саясаттанушы Шибұтовтың пікірі сол Грузия билігінің ұстанымымен астасып жатқаны қызық.

Жалпы, Қазақстан Еуропа Кеңесімен (ЕК) және оның құрылымдарымен 1997 жылдан бері ынтымақтастықта, бірақ толыққанды мүшесі емес. Дегенмен кей мәселелер бойынша ішінара кеңейтілген келісімдеріне қатысуға мүмкіндігі бар.

Мәселен, Еуропа Кеңесінің екі жартылай келісіміне қатыса алады. Оның бірі – Құқық арқылы демократия үшін еуропалық комиссиясы (Венецияндық комиссиясы, 1998 жылдан бастап бақылаушы мәртебесі, 2012 жылдан бастап толық құқылы мүше) және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобы (ГРЕКО, 2020 жылдан бастап толық құқылы мүше).

Сондай-ақ Еуропа Кеңесінің 4-конвенциясының қатысушысы:

· Еуропа өңірінде жоғары білімге жататын біліктіліктерді тану туралы – №165 (01.02.1999 ж.);

· Еуропалық мәдени конвенция – №018 (05.03.2010 ж.);

· Қылмыстық әрекеттен түскен табыстарды жылыстату, анықтау, алу және тәркілеу туралы – №141 (01.01.2015 ж.);

· Салық саласындағы өзара әкімшілік көмек туралы – №127 (08.04.2015 ж.).

Жоғарыда айтылған PASE депутаттарының Қазақстан билігін заңды асыра пайдаланады деп отырғаны да осы құжаттар болса керек.

Ал Еуропа Кеңесінің Парламенттік Ассамблеясымен (PASE) ынтымақтастығы 2004 жылы қол қойылған келісім негізінде іске асып келеді. Соған сәйкес Сенат делегациялары ЕКПА-ның пленарлық сессияларына қатысып отырады.

Белгілі саясаттанушы Ғазиз Әбішев еуропалық ұйыммен араға шикілік түсіруді құптамайды. Керісінше, оның ұстанымы Шибұтовтың ойымен қайшы. Әбішевтің ойынша, осы ұйымдардан шұғыл шығудың қажеті жоқ. Өйткені қазір жалпы әлемде прагматизм артып келеді. Бір жағынан, PASE мен басқа да ұйымдарға кіретін елдер мен олардың өкілдері Қазақстанды сынап жатыр. Дегенмен сол елдер жекелей алғанда Қазақстанмен өзара жақсы стратегиялық қарым-қатынас орнатып, экономика саласында ынтымақтасып, жалпы біздің елді сенімді серіктес ретінде қарастырып келеді.

«Сондықтан бұл тек қана ультралибералды радикалдардың риторикасы, олар бәрі бірден бола қалғанын қалайды. Сондықтан белсенді түрде сынап жатыр. Бірақ олар дәл осылай Қазақстан ғана емес, әлем бойынша басқа да көптеген елге сын тағып келеді. Қазір олардың басқа бас ауруы пайда болды, өйткені АҚШ-та Трамп билікке келіп, Вашингтон, Мәскеу және Пекин арасында жаңа әлемдік тәртіпті қалыптастыру үстінде. Осы жағдайға қарағанда, экономика мен дипломатия тұрғысынан сауатты саясат жүргізіп отырған Қазақстанға олар соншалық алаңдай да қоймайды», – дейді ол.

Қорыта келгенде, PASE немесе ЕҚЫҰ сынды ұйымдармен қатынасты үзудің қажеті жоқ екенін айтады сарапшы. Ынтымақтастықты жалғастыруға болады. Сонымен қатар біржақты шешім де қабылдамау керек. Қайта оларға дұрыс сынап отырған жерінде конструктивті жауап беріп, мін таққан кей тұстарымызды түзеп отыру қажет деп санайды.

Айтпақшы, PASE-ге Қазақстан қоғамы атынан сөйлеп, жауап қатқан азаматтық қоғамымыздың белсенді өкілдерінен пікір алғымыз келген. Мәселен, даулы декларацияға жауапты қоғам өкілдерінен гөрі ресми тұлғалардың, мысалы, сыртқы істер министрлігі ресми өкілінің немесе ел парламенті депутаттарының жауап бергені логика тұрғысынан дұрысырақ болар еді. Алайда оның орнына неліктен азаматтық қоғам өкілдері мәлімдеме жасауға шешім қабылдады? Мәлімдеме жасағандардың арасында еріктілер қоғамының өкілі, Таулы Қарабақтағы жағдайды тұрақтандыруға атсалысқан соғыс ардагерлерінің батысқазақстандық ұйымы басшысы қайдан жүр? Тіпті мұндай халықаралық деңгейдегі саяси мәселелерге жастар саясаты мен балалар бастамаларын қолдайтын ұйым өкілінің араласуы дұрыс па? PASE, ЕҚЫҰ сияқты ұйымдардан шығу қажет деген пікірге қалай қарайды? Осы сұрақтарға белсенді тұлғалардың бірі болып шыққан «Өркендеуге жәрдемдесу» ұлттық қорының басшысы Үсен Сүлеймен мырзаның ойын білмекші едік. Сұрақтарымызды жауапсыз қалдырды.

Ербол Тұрымбет

Тегтер: