Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
19:00, 08 Ақпан 2024

Әуезхан ақын

сері
Фото: из открытых источников

Ол бір бойында бірнеше өнер тоғысқан сері болған. Әдетте қазақ ұғымындағы серінің бойында тек өнер ғана тоғыспайды, елдік мінез, азаматтық асқақ рух, ерлік қуат та бірігеді.

Әуезхан – әрі ақын, әрі әнші, әрі домбырашы, әрі мерген, әрі ат құлағында ойнаған шабандоз. Оның қанында азаматтық-патриоттық рух, елдік-өрлік мінез бабаларынан бері жалғасып келе жатқан. Оны өзі біледі, білгеннен соң да:

Отаршыл орысқа ойы бағынбаған,

Ұлыққа жылы жүзбен жағынбаған

қасиетін сақтауды сол аталарының аманатындай көреді. Өйткені патшалық Ресейдің қазақ жерін түгел иемденіп алып, жергілікті ұлтты байырғы қонысынан айыра бастағаны өз алдына, өмір сүріп жатқан жеріне салық төлеуі керек деген жарлығы намысына тиген аталары сан рет қарсылық көрсетіп, көтеріліске шыққан еді. Сол көтеріліске шыққан аталарын патша өкіметі бірін у беріп өлтірген, енді бірін атқан, тағы бірін асқан, келесісін итжеккенге айдаған. Ол тарихты Әуезхан жастайынан естіп өсті.

Осы арыздасу жырын жазып отырған сәттен он жеті жыл бұрын, өзінің алты жасында көзімен көрген қанды оқиғаға ұласқан Қарқара көтерілісінде де оның аталары ерлік көрсеткен болатын. Оны Әуезхан былайша өлеңмен өрнектейді:

Баласы Солтанбектің ер Әубәкір,

Тасыған тау суындай арындаған.

Қарсы кеп ақ патшаға әскер бермей,

Көтеріп елі-жұртын дабылдаған.

Иә, Солтанбектің Әубәкірі – Жәмеңке, Ұзақ, Тұрлықожа, Құдайберген, Қазыбек, Оразай секілді ел бастаған тұлғалардың қасында болған батыр еді. Әубәкірді ұлы Мұхтар Әуезов өзінің «Қилы заман» повесінде ақылдылығына батылдығы қосылған, сом денесіне зор үні үйлескен, шыдамдылығы ішкі рухымен жымдасқан нағыз ер ретінде суреттейді.

Әубәкір Тазабектен, ал Әуезхан Тазабектің бірге туған інісі Өтегеннен өрбіген ұрпақ. Тазабек те, Өтеген де елі мен жерінің азаттығы үшін бірге күрескен батырлар болатын. Әйгілі Көдек ақынның:

Тазекем өз жер-суын қорып келген,

Сондықтан шығыспапты орыспенен,

дейтіні тарихи шындық еді.

Тазабек пен Өтегеннің әкесі Пұсырман да – қазақ тарихында есімі қалған, тірі кезінде-ақ аты аңызға айналған тұлға. Оның жаратылысы да елден ерек болыпты. Алып дене, сом тұлғасына үйлескен келбетті әлпетіне жарасқан қою да ұзын қасы көзін жауып тұрады екен. Сұқ саусағымен немесе қамшының сабымен көтергенде ар жағынан айналасы шоқтай қызарып, жарық шашқан жанарына ешкім тура қарай алмаған айбынды батыр әрі би, өз заманының қайраткері болған.

Пұсырманның ірі қайраткерлігінің бірі 1758 жылы Төле бидің баласы Жоланмен бірге Қытай патшасы Жиян-Лунге қазақтың ханы Әбілездің елшісі болып барып, Қазақ хандығы мен Қытай империясының арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасты нығайту үшін басын бәйгеге тіккені. Сонымен қатар қартайғанша бойынан қайраты кетпеген қуатты, сексен жеті жасында қырғыздың Тоқтарбай деген батырын жекпе-жекте аттан аударып кеткен ержүрек екендігін Әуезхан:

Жасында сексен жеті жау түсіріп,

Дұшпанның дүрілдеген даңқын басты, –

деп мақтана еске алады.

***

Осындай текті тұқымнан өнген Әуезхан жасынан алғыр, көпшіл, ізденімпаз, білуге құштар болып өседі. Ол әуелі Ұзынбұлақта 1919 жылы мектепке деп қара там салдырған алғашқы ұстаз, ағартушы – ақын Майлы Ормановтан, одан кейін 1880 жылы Оңтүстік Қазақстандағы Қызылқұм ауданы Қожатоған аулынан көшіп келіп, қазіргі Алматы облысы Кеген ауданындағы Ақсайға тұрақтап, руханият шуағын таратқан әйгілі Жүсіпбекқожа Шайхисламұлынан тағылым алады. Тағылымның қуатымен көненің сөзін, халық ауыз әдебиетінің жауһарларын, дін жолын ғана оқып қоймай, Абайдың, Дулаттың, Шортанбайдың, Шәкерімнің өлеңдерін де жаттап өседі. Оның бұл жолдағы арқа сүйері – ағасы Жақыпберді өзі ертіп апарып Жүсіпбекқожа ұстазына табыстаған екен. Солтанбек ауылымен Жүсіпбекқожамен жақын араласқан. Солтанбектің баласы Әубәкір ұлды болғанда атын Жүсіпбекқожаға қойдырады. Жүсіпбекқожа нәрестеге азан шақырып Шихабуддин (бұл бала кішкентай кезінде «бәу»-«бәу»-«бәу» дей беретін әдеті болғандықтан, Бәукей атанып кетеді – С.М.) деген ат қояды. Бұл есімді Жүсіпбекқожа өзі оқып-тоқыған имам Шихабуддин ар-Рамли (773-844) және Шихабуддин ан-Нувайри (1278-1333) секілді мұсылман ілімінің ұлы ғұламаларының құрметіне қойған екен. Кейін осы баланың білегіне шешекке қарсы екпе егіп, ен салады. Етене жақындықтағы әулеттің балаларын Жүсіпбекқожа өз балаларындай көріп, оқытуға ерінбеген. Осындай жанашыр әрі білімдар ағартушы-ақыннан тағылым алып, сауатты болғандықтан да өз ортасынан озық Әуезхан болыстарға хатшылық қызмет істеп, ел ісіне ерте араласады. Оның:

Жас болыс Нұржікейге хатшы болып,

Сайлауда жақтасыма шар салып ем, – дегені сөзімізді негіздей түседі.

Әуезханның өлең жолдарынан «халқым», «елім», «елдік», «еркіндік», «тектілік», «қайырымдылық» секілді жиі айтылатын сөздермен бірге «елдік пен еркіндік деп күрескен», «халқының қадірменді қамын ойлап», «елім деп еңіреген бабалар» деген тіркестерді де оқимыз. Жас болса да елдік мұратты ерте санасына ұялатқан азамат-ақынның басқаша сөйлеуі мүмкін емес. Ұлттық мүдде, халықтық мақсат жолында күресіп жүрген ақынға биіктік қана жарасады. Ол сол биіктен жыр толғайды.

Ертең таң ата елдің алдына апарып ататынын біле тұра бетпе-бет келген ажалдан жасқанбай, айналасындағылардың рухын көтеретін мінез танытқан жап-жас жігіттің өр тұлғасы, болаттай берік болмысы асқақ. Қабырғасын қақырата сөгетін өкініш пен өксіктің бәрін жүрегінен сығып алып, жыр қылып жазады. Жыр жазатын себебі – ертеңгі күнге сенеді. Келер ұрпақтан үмітін үзбейді. Үзбегендіктен де:

Дат етем көрген қорлық, кешкен сорды,

Ер жетер ертеңгі елдің ағасына.

Хат жаздым арыз қылып, зарымды айтып,

Жетсін деп кейінгі ұрпақ санасына...

Біздерді көрде тыныш жатсын десең,

Балаңның тапсырып кет баласына», – деп аманат айтады.

***

Әділеттілік пен бостандық үшін күресіп өткен рухы асқақ Әуезхан ақындыҚытай өкіметінің атуына не себеп болды?

Арғы аталары Тазабек пен Өтегендер де, бергі аталары Солтанбек те, одан тараған Әубәкірлер де патшалық Ресейдің отаршылдығына қарсы күресіп өткен ерлер еді. Солардың көбі патша өкіметінің қанды қолынан қаза тапқан. Осы қазалар ұрпақтарының кеудесіне кек болып ұйыған. Сондықтан да Солтанбектің балалары Әубәкір мен Жақыпберді, Белгібайдың ұлы Әуезхан сол қанды кекті қасық қаны қалғанша қайтаруды өздеріне серт еткен. Яғни отаршылдыққа қарсы тұруды азаматтық парыз, ата-баба аманаты деп қабылдаған да сол парыз бен аманатты орындауды міндет санаған.

Бұлар күрескен патша өкіметін құлатқан большевиктер «елге теңдік әпереміз» деп келгенімен, ұлт саясатына келгенде істеген кереғар әрекеттері іш жидырған. Басында «кеңес өкіметіне қызмет етсек, ата-бабалар кегі қайтар» деген. Бірақ көп ұзамай қазақтың өзін тапқа бөліп, біріне-бірін қарсы қойған саясаты ызаландырады. Қарсылық ретінде Әуезхан ағасы Жақыпберді мен Сарыдан шыққан ержүрек Әшімжандар тобына қосылып, күреске шығады. Қызыл отауға кірмейді. Айтқандарына көнбейді. Дегендерін істете алмаған соң кеңес өкіметінің адамдары бұларды шеттетіп, жау ретінде көрсете бастайды да қудалауға көшеді. Бұл қудалау кәмпеске мен отырықтандыру-колхоздастыру науқаны кезінде одан сайын үдей түседі.

Бір кезде «хан тұқымы» атанып ек,

Ауылға беталды адам бара алмаған,

деп Әуезханның өзі айтқан «хан тұқымын» тәркілеуге көшеді. (Сірә, Пұсырман аталары хан Әбілезге сенімді елші болғандықтан, ұрпақтары өздерін хан тұқымына баласа керек С.М.) Астарындағы мініп жүрген аттарына дейін тартып алады. Мұндай қиянатқа көнбеген Әуезхан да қолына мылтық алып, кеңес өкіметіне қарсы тұрады. Большевиктер бұларға «банды» деп ат қойып, соңына шам алып түседі. Комотрядпен сан мәрте атысады да. Ақыры бай тұқымына ешбір аяушылық болмайтынын түсінген бұлар ұрпақтарын сақтап қалу үшін әулеттерімен Қытай жеріне үдере көшуге мәжбүр болады.

Белдесіп белсендімен елден кеттік,

Көнбестен бөгде салған салығына, дейтіні сол кез. Бұл кеңес өкіметіне ұнамайды. Қарсылық жасайды. Алдын ториды, жолын бөгейді. Бәрібір Жақыпберді ағасының ақылы мен батылдығының арқасында Әуезхан да өз туғандарын арғы бетке аман алып өтеді.

Бұ келген Жақыпберді мен Әуезхан ақын бастаған топтан Қытай өкіметі қауіптенді. Қауіптенетін себебі – Шығыс Түркістан халықтары да ғасырлар бойы Қытайдың отаршылдық саясатына үнемі қарсылық білдіріп, ұлт-азаттық қозғалыс жасап келе жатқан болатын. Бұл қозғалыстар 1929-30 жылдары бұрынғыдан да үдей бастаған еді. 1931 жылдың басында Қожанияз қажы бастаған Құмыл көтерілісі, Әріп жетекшілік еткен Баркөл қазақтарының көтерілісі, Алтай аймағы мен Қашқариядағы оқиғалар Қытайдың отаршыл өкіметін үрейлендіріп тұрған. Үрей Іле аймағын басқарып тұрған Ду-тың-ды да билеп алған. Өйткені Шығыс Түркістанның ұлт-азаттық көтеріліс болып жатқан аймақтарынан біреу Жақыпберді-Әуезхан тобына байланысқа шығып, бірігуге шақырса, Іле аймағында да көтеріліс болып кетуі ықтимал деп сескенді. Сондықтан да ондай мүмкін әрекеттің алдын алу үшін тезірек Жақыпберді-Әуезхан тобын ұстап, көзін жою керек болды. Бұл үрейді Кеңес өкіметі тарапынан келген құпия хаттар май құйғандай одан сайын өршітті. Кеңес өкіметі бұлардың аты-жөнін Қытай үкіметі жағына беріп, жазалауды тапсырады. Сондай хаттардың бірі ҚР Президентінің архивінде сақталған:

Өте құпия. Славуцский жолдасқа.

ДИ-ХУА-дағы КСРО Бас консулдығы

1930 жылдың 1 қаңтары мен 15 наурызы аралығындағы Ақпараттық мағлұмат

10 парақ: Қызыл Армия мен Қытай әскерінің Жәнібекке (Жақыпбердіге) қарсы жүргізетін бірлескен әрекеттері талаптарына сәйкес Жәнібек (Жақыпберді) жөніндегі мәселеге қатысты қытайлықтармен ауқымды хат алмасулар болды.

Бас консул соңғы хатында Жәнібек (Жақыпберді) бандыларының тонауларынан кеңес азаматтарына және кеңес ұйымдарына келтірген барлық зор шығындарды атап өткен болатын.

Егер Қытай өкіметі Жәнібекке (Жақыпбердіге) қатысты ешбір шара қолданбаса, онда кеңес өкіметі өз тарапынан кесімді шешім қабылдауға мәжбүр болатындығы баса айтылды. Осыған орай мынадай жауап келді: Жәнібек (Жақыпберді) қазір кеңес жерінде. Оны Қытай аумағына өткізбеу туралы шекаралық әскерге бұйрық берілген.

Жәнібекті тірідей ұстап әкелген адамды 1000 юань сыйақымен марапаттауға уәде етілген. (Мұндағы «Жәнібек» деп отырғандарын Жәнібек руынан шыққан Жақыпберді деп қабылдаған дұрыс. Құжатты тауып, ұсынған ғалым Еркін Стамшалов – С.М.)

Қытай билігі кеңес өкіметі тарапынан астыртын келген ресми хатта айтылғандарды аяқсыз қалдырмай, Жақыпберді, Әуезхандар бастаған топтың соңына түседі. Осының салдарынан Жақыпбердімен бірге Әуезхандар да Қытай жерінде де тыныштық таба алмай үнемі бой тасалауға мәжбүр болады. Ауылын орталықтан алыс, екінің бірі батылы жетіп бара бермейтін тым шалғайдағы Ақбұлақтан (өзен) Құшар жаққа асатын Тікенді Дауанға шығар жолдың бойындағы шағын көлдің жиегіне орналастырады.

Қытай өкіметі қудалаудың себебін қолдан жасап, өзге біреулер өлтіріп кеткен әлдекімнің өлімін әдейі Жақыпберді мен оның Әуезхан секілді серіктерінің мойнына іліп, жазаға тартуды қолға алады. Сөйтіп, бұларды жұртқа жау етіп көрсету үшін ойдан шығарылған өсек таратады. Өздері жақсы білетін Жақыпберді, Әуезхандардың ондай жамандыққа бармайтынын жақсы білетін бұқара Қытай өкіметінің мәліметтерін қабылдамайды. Яғни әуезхандардың беделіне нұқсан келтіретін пасық ақпарат деп түсінеді де қайда жасырынып жүргендерін білсе де айтпайды. Ұстап беруге бармайды. Бәрібір өкімет қудалауын тоқтатпайды. Жергілікті сақшы, әскер күшімен ұстамақ болып бірнеше рет әрекет етеді. Бірақ Әуезхандар ел ішіндегі өз тыңшылары арқылы қауіпті алдын ала біліп, құтылып кетіп отырады. Ашық та жасырын үздіксіз жүргізілген мұндай қудалаудың кесірі тыныш отырған елге тимесін деп Әуезхандар өз жақтастарымен ел көзіне тасада болуды қалайды да ешкімге дабыра қылмай тағы да бір түнде басқа жаққа көшіп кетеді. Көшіп барып орналасқан Ақбұлақтан орталыққа жету үшін Көксу өзенінен өтіп, Кішіқұштайдың мұзды асуын асып, төрт күн жол жүреді.

Ақыры, өздері шеріктерін жіберіп, ұстап алуға күші жетіп тұрса да қолдарын былғамай, сырт бақылаушы санатында ғана қалуды қолайлы көрген әрі осынша қиын жолдан аман өтіп, аман қайту екіталай екенін білген Қытай өкіметі Әуезхан секілді «қашқындарды» ұстаудың амалын табуды сол жерде бұрыннан тұрып келе жатқан қазақтарға тапсырады. Нақтырақ айтқанда, қазақты қазаққа айдап салу әдісін қолданады. Сөйтіп, сол өңірде ел басқарып жүрген жүзбасы (зәңгі), мыңбасы (ақалақшы) басшыларының ішінде Әуезхандарға туыстық жақындығы бар беделді адамдарды шақырып алып қыспаққа алады. Кеңес өкіметінің астыртын келген ресми хатында айтылғанды өз аттарынан ауызша жеткізіп, «егер Жақыпберді, Әуезхандар қаруларын тапсырса, еш жаза қолданылмайды, ұстап әкелсеңдар, мың юань сыйлық аласыңдар және мәртебелерің өседі, қызметтерің жоғарылайды, егер көнбесеңдер, бәрі керісінше болады» деген мазмұнда шарт қояды. Осы шартты орындауды ақыры Әлмерек атадан тарайтын (Әуезхан да осы атаның ұрпағы) Құрман руынан Рақыш пен Жылтыңбай, Беснайза руынан Тыныбай және Жарты руынан Сұраншы деген мыңбасыларға тапсырады. Қытай өкіметінің жымысқы да қитұрқы саясатының астарында зұлымдық жатқанын түсінбей, айтқандарына имандай сенген бұл төртеуі барғаннан кейін Жақыпберді, Әуезхандарға: «Албан елі ақылдасып, Қытай өкімет орындарына тілек айтып, бұдан былайғы жерде сіздерді қудаламауға келісім алды. Ел ішіне қайта оралып, қаруларыңызды өкіметке тапсырсаңыздар болғаны, онан басқа еш нәрсе талап етілмейді» дегенді айтады да «өздерінің шын мәнінде адал, достық ниетпен келіп отырғандарының растығына «қастық ойлап, арамдық жасасақ, Құдай ұрсын, Құран ұрсын, ақ боз биенің қаны ұрсын» деп қолдарына Құран ұстап, қолдарын қанға малып, ант беріскен. Мылтықтың аузын жаласып, оқ тістесіп, серт жасасқан» Әуезхандар ел ағаларының айтқанына сеніп, орталыққа көшіп барады. Барған жерінде жасырын келіп тығылып, күтіп тұрған қытай шеріктері лап беріп, бәрін қапияда тұтқындайды.

Сонымен, 1933 жылы қаңтар айының соңына таман Күре қамалына ұстап әкеткен 15 ер азаматтардың ішінен тым жас болғандықтан, Оқастың екі баласы – 15 жасар Өмірәлі мен 13 жасар Төкенді және кәрі болған соң Әуезханның әкесі Белгібайларды Құштайдағы ауылына қайтарады.

Іле аймағындағы Күре деген қамалдың «шығыс жағындағы дарбазасынан жарты шақырымдай қашықта, жолдың терістік жағында, ұзындығы 20 адымдай биік дуал там тұр. Тамның ұзына бойы орта шеніне дейінгі бетінің оқ ізінен сау жері жоқ». Дәл осы жерде 1933 жылы қыста Қытай өкіметі қол-аяғы кісенделген 24 адамды айдап келіп дуалға қаратып тұрғызып қойып атты. Бір атқанда өлмегендерін екі қайтара атты. Солардың бірі – ақын Әуезхан Белгібайұлы болатын.

Сол қамалдың маңындағы махалланың тұрғындары атылған мәйіттерді жинап алып, жаназасын шығарып, Күре қамалының солтүстігіндегі Жоңғар Алатауының Талқы асуы тұсының Сарбұлақ сайымен қанаттас Лян-Тәй – Зы көмір кені бар қыратының сілеміндегі, Көне Жібек жолы, кейінгі кездегі Құлжа қаласы мен Жаркент арасындағы тас жолдың бойындағы Жанбұлақ деген жерде жатқан қорымға екіге бөліп жерлейді. Осы Жанбұлақтағы қорымның шығыс жақ шетін ала алты қанат киіз үйдің көлеміндей, аралары бір-бірінен бес-алты адымдай екі төмпешік тұр.

Осы бейітте әділдік, әділеттілік үшін құрбан болған Әуезхан ақын да жатыр.

Сағатбек Медеубекұлы,

филология ғылымының кандидаты, халық өнерін зерттеуші

Тегтер: