Әуежай ісі. «Жастардың бәріне бостандық берілсе деймін»
«Сотқа келдім, митингке келген жоқпын»
«Жас Алаш» газетінің №76 санында жазғанымыздай 19 қыркүйек күні өтуі тиіс «Әуежай ісі» бойынша апелляциялық сот отырысы 26 қыркүйекке ауысқан еді. Осы бір апта ішінде бұл істің төңірегінде біраз оқиғалар болды. Алдымен соны бір-бірлеп айтып өтейік.
Ең әуелі 19 қыркүйек күні өтуі тиіс сот отырысының офлайн болуын талап етіп, сот алдына жиналған белсенділер мен сотталушылардың туыстарының ісін Алматы полициясы «рұқсат етілмеген заңсыз митинг» деп есептеді. Сөйтіп, 22 қыркүйек күні бірнеше белсендіні полиция қызметкерлері ұстап, бөлімшеге апарып, тергеп-тексеріп, түрлі айыптар тақты.
Мысалы, белсенді Марат Тұрғынбековті сол күні үйінің алдынан ұстап әкеткен. Дәл осы күні полиция белсенді Майра Ғабдуллинаны ұстап, оған да «бейбіт митинг өткізу тәртібін бұзды» деген айып таққан. Ал тағы бір белсенді Абзал Достияровты жолда кетіп бара жатқан жерінен ұстап, полиция бөлімшесіне жеткізген. Кейін анықталғандай, М.Тұрғынбеков пен М.Ғабдуллинаны сот «митинг өткізу тәртібін бұзды» деп айыптап, 30 айлық көрсеткіш көлемінде (103500 теңге) айыппұл салған. Ал А.Достияровты 15 тәулікке қамауды ұйғарды. Сондай-ақ «әуежай ісі бойынша» айыпталып, 4 жылға сотталған журналист Әйгерім Тілеужан апелляциялық сот отырысының офлайн өтуін талап етіп және қалалық соттың қорғаушыларға қатысты шығарған қаулысына наразылық білдіріп, түрмеде аштық жариялады. Осыған дейін Алматы қалалық соты Ә.Тілеужан және онымен бірге сотталған 4 азаматтың қорғаушыларын жауапқа тартып, лицензиядан айыру туралы адвокаттар алқасына қаулы жіберген. Онда сотталушылардың қорғаушылары 19 қыркүйек күні тәртіп бұзып, қалалық соттың ғимаратына күшпен кірмекші болғаны туралы айтылған. Әйгерімнің қарсы болып отырған қаулысы міне, осы. Осылайша, соңы дау-дамайға ұласқан, белсенділер ұсталған, сотталушы аштық жарияланған апелляциялық сот отырысы 26 қыркүйек күні сағат 15:00-де онлайн өтті.
Алматы қалалық сотының маңында өткен жолғыдай адам қарасы көп емес. Сотқа келгендердің көбі футболкаларының алдына және артына «сотқа келдім, митингке келген жоқпын» деп қара сиямен жазып алыпты. Бүгін полиция қызметкерлері де аз. Олар жол бойын және сот ғимаратының алдын күзетіп тұрды. Бұл жолы да ғимарат ішіне ешкімді жібермеді, сотқа қорғаушылар да, сотталушылардың жақындары да онлайн қатысты. Сот отырысы белгіленген уақыттан кешірек басталды, жиналғандар сотты қалта телефоны арқылы бақылауға тырысты, алайда техникалық шектеуден бе, көбі «қайта-қайта қатып қалып жатыр» деп, кейіс білдіріп жатты. Сотталушылардың қорғаушылары да дауыстарын өшіріп тастағанын айтып, шағымданды.
Біз сотқа жиналғандар арасынан Әйгерім Тілеужанның анасы Шекерхан Мырзаханованы іздеп таптық. Қасына барып, «Жас Алаштан» екенімізді айттық. Басын изеп, амандасқан сыңай танытты да қолындағы телефонына қарағыштай берді. Енді байқадық, сотқа қатысып отыр екен. Біз де о кісімен бірге сот процесін бақылай бастадық. Арғы жақта Ә.Тілеужанның қорғаушысы Г.Жуасбаева сотқа әлі қосыла алмай жатқанын айтып жатыр екен.
Біраздан соң экраннан әлдебір сот қызметкерінің бейнесі көрінді. Дәл осы кезде Шекерхан апай: «Ойбай, мынау өткенде Әйгерімге бес жыл, қалғанына 11 жыл сұраған прокурор ғой, бұл қайдан жүр?» деп шыр ете қалды. Сот тағы үзіліп кетті. Осы әредікте Ш.Мырзаханованы әңгімеге тарттық.
– 19 қыркүйектен бері Әйгерім соттың офлайн болуын талап етіп, аштық жариялады. Кеше қамау мекемесіне барып, жолығып қайттым. Жағдайы жаман емес, не дегенмен бес күн нәр татпады, әлсіреп жүдеп қалғаны көрініп тұр. 18 қыркүйекке дейін оның аштығын ескеріп, ешкім қамау мекемесіне бармаған, тек медициналық көмек қана көрсетілген. Көрдіңіз бе, қызымның аштық жариялап, сотты офлайн болсын дегенін ешкім елеп отырған жоқ.
19 қыркүйек күні де осында келдім, бірақ сот залына ешкімді жібермеді. Осыдан соң кейбір белсенділерді, Әйгерімге қолдау білдіріп келген оның таныстарын «митинг өткізді» деп айыптады. Бұл дегеніңіз – заңсыздық. Мұнда келгендердің бәрі ешқандай митинг үшін емес, сотталушыларға қолдау білдірейік деп келді. Сондықтан да бүгін әдейі мынадай «митингке келген жоқпыз» деген жазуы бар футболка киіп келдік. Негізі сотқа қатысқан кісілердің бәрін шетінен ұстау бассыздық деп ойлаймын. Мұнысы дұрыс емес.
Негізі Әйгерім 2022 жылы қараша айынан үй қамаққа алынды. Кейін 2023 жылы сәуір айынан бастап шілде айына дейін сот болды, ақыры 11 шілде күні оны 4 жылға соттады.
Шынын айтқанда, Әйгерімнің ешқандай кінәсі жоқ. Қаңтар оқиғасына дейін де митингілерге қатысып, шындықты жасқанбай айтып жүрген, бәлкім, сонысы әсер еткен болар. Қалай айтсақ да, дәл осы «Әуежай ісінде» Әйгерімнің еш кінәсі жоқ. Бұған сот кезінде де анық көзіміз жетті. Куәгерлердің бәрі Әйгерімге қарсы ештеңе айтпады. Сондықтан да біз бастапқы кезде: «Сот әділ үкім шығарады, Әйгерім босап шығады» деп үміттендік. Әттең, ол дәмеміз селге кетті. Жалпы, Қаңтар оқиғасына қатысып, істі болған жастардың бәріне бостандық берілсе деймін, шындықты айтқан, алаңға шыққан жастарды түгел соттай берсе не болмақ?!
Әйгерім жалғыз қызым, қамау мекемесіне жиі барып тұрамын, әр барған сайын: «Денсаулығыңызға көңіл бөліңіз, ауырып қалмаңыз» деп менің жағдайымды уайымдайды, ал мен оның жағдайына алаңдаймын, сәуір айынан бері өмір өстіп өтіп жатыр. Қандай жағдай болса да қызымды қолдаймын, жақтаймын. Заңға қайшы ештеңе істеді деп ойламаймын.
...Сот процесі қайта басталды. Ш.Мырзаханова қол телефонына үңілді. Бір кезде қамау мекемесінен сотқа онлайн қатысып отырған Әйгерім де көрінді. Анасы елжіреп, «айналайын-ай» деді. Толқығаны, еміренгені білініп тұр. Жанарына лезде жас үйірілді. Әйгерім жинақы, әдемі киініпті, еңсесі тік, «алты күн аштық жариялады» дегендей емес, ширақ сөйлейді. Ол өзінің адами құқығының тапталып жатқанын, «сот офлайн болсын, менің қатысуыммен өтсін» деп жазған арыздарына ешқандай жауап келмегенін айтты. Басқа сотталушылар да жазығы жоқ екенін айтып жатты.
Осылайша апелляциялық соттың кезекті отырысы аяқталды. Сот басталған кезде сотталушылар мен қорғаушылар сот алқасына сенімсіздік танытты, бірақ олардың өтініші қабылданбады. Ал прокурор бес азаматқа шыққан үкімнің әділ екенін айтып, оны өзгеріссіз қалдыруды сұрады. Осыдан кейін сотталушылар мен қорғаушылар прокурорға да сенімсіздік танытатынын білдірді, алайда сот алқасы бұл өтінішті де қабылдамады.
Шекерхан апай «сонымен өзі не болды?» деп айналасындағыларға жаутаңдап қарайды. «Телефоным қатып, соңын көре алмадым, аштық жариялауын тоқтатты ма екен, кім біледі?» – деп дауыстап сұрады. Көзілдірігінің арғы жағынан жас кілкіп тұрды. Уайымның, үміттің жасы.
Бүгін (27 қыркүйек) Ш.Мырзахановаға қайта хабарластық. О кісі: «Таңертең қамау мекемесіне барып, қызыммен жолықтым. Денсаулығына байланысты кешеден бері аштық жариялауын тоқтатыпты. Жағдайы да тәуір. Бірақ өтініш, арыздарының орындалмағанына наразы. Кеше біз ғана емес, Әйгерім де сотқа дұрыстап қатыса алмапты, қорғаушыларының не айтқанын анықтап тыңдай алмаған көрінеді. Ары қарай не болатынын білмейміз. Келесі сот 3 қазан күні сағат 15:00-де өтетін болды», деді.
Жақсылық Қазымұратұлы