Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 11:12

Әуежайдағы құтқару операциясы кімді құтқарды?

Әуежай ісі
Фото: Жас Алаш коллаж

7 наурыз күні Алматы халықаралық әуежайында 67 жастағы ер адам әуежай қызметкерін кепілге алып, пышақпен айналасындағыларға сес көрсетті.

 Сол жерде оқиғаны бақылап тұрған жолаушы Мұса Әбдірайым, әуежай қызметкерінің босауына және Машрапбек Баратовтың ұсталуына көмектесті. Оқиғаға жылдам реакция білдірген билік Әбдірайымды жедел түрде «Ерлігі үшін» медалімен марапаттады. Бұл жағдай қоғамға қозғау салып, пікірдің екіге жарылуына әкелді. Бір топ елімізде қаншама күрмеуі шешілмеген мәселелерде үнсіз қалатын, осындай оқиғада бірден әрекет ететін билікті кінәлап, аталған оқиғаның кезекті арзан спектакль екенін алға тартты. Екінші топ төтенше оқиға кезінде өзін кепілдегі бойжеткеннің орнына ұсынған Мұса Әбдірайымды шынында да батыр санады. 

М. Баратов пен Б. Мұхтарова
Баратотың әуежайда Бөтакөз Мұхтарованы кепілге алған сәті. Фото: скриншот

Әуежайдағы шабуыл қалай басталды?

Төрт күн бұрын Алматы халықаралық әуежайында оқыс оқиға орын алды. Белгісіз ер адам авиациялық қауіпсіздік қызметкерін кепілге алып, пышақпен қоқан-лоқы көрсетті. Айналадағы адамдарға жақындамауды талап еткен 67 жастағы Машрапбек Баратов сөмкесінде бомба барын да ескерткен. Әуежай әкімшілігінің мәліметінше, оқиға 7 наурыз күні сағат 11:45 шамасында, ішкі рейстерге арналған Т1 терминалында болған. Белгісіз ер адам жолаушы кейпінде тексеру аймағына кіріп, авиациялық қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері құжаттарын талап еткен кезде 21 жастағы Ботагөз Мұхтарованы кепілге алған. Осы кезде жағдайды бақылап тұрған 53 жастағы Мұса Әбдірайым есімді азамат жедел әрекет етіп, әуежай қызметкерін босатқан. Кепілге өзін ұсынған ол Машрапбекпен сөйлесіп тұрып, пышағын тартып алады. Содан кейін оған полиция қызметкерлері көмекке келіп, Баратов ұсталады.

Алматы көлік полициясы департаментінің мәліметінше, қылмыскер 67 жастағы Алматы тұрғыны болып шықты. Қазіргі уақытта оның жеке басына қатысты қосымша мәліметтер анықталып жатыр. Ер адамның бұған дейін де әйелдерге қатысты агрессивті әрекеттер жасағаны туралы ақпарат көп өтпей Telegram арналарда жарияланды. Белгілі болғандай, Баратов былтыр қоғамдық көлікте әйелмен жанжалдасып, оны ұрып жіберген. Содан кейін полиция Баратовтың әрекетін бұзақылық деп бағалап, 2024 жылы желтоқсанда ол бір жылға бас бостандығын шектеу жазасын алған.

Әуежайдағы оқиғаға билік тарапы да жылдам реакция білдіріп, дәл сол күні Мұса Әбдірайымның ерлігін ерекше атап өтіп, оны мемлекеттік наградаға ұсынды. Көп өтпей президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Әбдірайымның «Ерлігі үшін» медалімен марапатталатынын мәлімдеді. Келесі күні Алматы әкімі Ерболат Досаев Мұса Әбдірайымды қабылдап, «қатерлі жағдайда көрсеткен батылдығы мен жанқиярлығы үшін» марапаттады, әкім медальдан бөлек ақшалай сыйлық берілгенін де айтты. Осы оқиғалардың ізін ала Мұса Әбдірайым өзі құтқаруға атсалысқан әуежай қызметкері Бөтагөз Мұхтаровамен де кездесті. Бұл оқиғалар әлі де БАҚ пен әлеуметтік топтарда толассыз жазылып жатыр.

Биліктің жылдам реакциясы неге қоғам наразылығын тудырды?

Бұл оқиға ел арасында қызу талқыланып жатыр. Бірқатар азаматтар Мұса Әбдірайымның батылдығын мақтап жатса, кейбіреулер биліктің мұндай оқиғаларға тез реакция танытып, ал басқа маңызды мәселелерде үнсіз қалатынын сынға алды. Кейбір әлеуметтік желі қолданушылары, тіпті бұл оқиғаның алдын ала ұйымдастырылған болуы мүмкін екенін айтып, күмән келтірді.

Иә, қоғамда биліктің кейбір маңызды оқиғаларға үнсіз қалатыны немесе баяу әрекет ететіні жиі сынға ұшырайды. Мысалы, Шерзат оқиғасында (немесе басқа да әлеуметтік резонанс тудырған жағдайларда) билік көпке дейін үнсіз болып, тек қоғамдық қысым күшейгеннен кейін ғана жауап қатты. Ал бұл жолғы оқиғада, керісінше, билік дереу реакция танытып, батырды марапаттауға ұсыныс жасады. «Бұл қойылым Тасмағамбетовтің мәлімдемесіне орай ұйымдастырылған спектакль» деп айтып жатқандар да бар. Содан соң ел арасында «20 мың теңгеліктер» атанып кеткен блогерлердің де Мұса Әбдірайымның ерлігін жарыса жазуы кейбір адамдардың күдігін тіпті күшейтті. Анығы, күдік тудырып келе жатқанына біраз уақыт болды. Себебі бұған дейін де қоғамда белгілі бір оқиғалардың алдын ала ұйымдастырылғаны туралы күмән болған.

Мұса Әбдірайым мен Досаев
Қала әкімі Досаев Мұса Әбдірайымды марапаттады. Фото: Алматы әкімдігі

Жалпы, қоғам назарын күрделі саяси мәселелерден басқа жаққа бұру үшін осындай оқиғалар әдейі ұйымдастырылады деген пікірлер жиі айтылады. Бұл тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде қолданылатын ақпараттық манипуляция әдістерінің бірі. Мысалы, 2015 жылы жер дауы кезінде әнші Қыдырәлі Болманов «тоқал аламын» деп елдің назарын бұрғаны бар. Мұны ол бірнеше жыл өткесін мойындады. «Болманов әдісін» кейіннен әншілер бірнеше рет қолданды. 2023 жылы 14 өртсөндіруші қаза тауып, қоғам жүйкесі ширығып тұрған сәтте Төреғали Төреәлі есірткі шегіп ұсталды, былтыр елдегі саммит кезінде, бірнеше президент Астанаға келгенде де Қабатов бастаған бірнеше шоу-бизнес өкілі бірінен кейін бірі ұсталды. «Форте банк» ісінде де «20 мың теңгелік» топ өз міндетін жақсы атқарды. Қысқаша айтқанда, қоғам арасында маңызды оқиғамен қатар, елді селт еткізер басқа оқиғалардың қатар келуі қашан да күдік туғызып келген. Жақында ҰҚШҰ-ға қатысты Иманғали Тасмағамбетовтің мәлімдемесі ел наразылығын туғызған еді. Арада бір күн де өтпей әуежайда мына оқиға орын алды.

Айтпақшы, былтыр қыркүйек айында Jas Alash-та «Билік қаласа боксшы да клоунға айналады» атты мақала жарық көрді. Аталған мақалада да билік пен шоу бизнес арасындағы маңызды оқиғалар кезіндегі байланыс жазылған.

Ал әуежайдағы жағдайға байланысты осындай күмәннің туындауы – халықтың билікке деген сенімсіздігінің көрінісі. Адамдар бұрынғы оқиғаларға сүйене отырып, қазір кез келген оқиғаға сақтықпен қарайтын болып алды.

Тасмағамбетов
Фото: Голос Народа

Тасмағамбетовтің ҰҚШҰ туралы мәлімдемесі

7 наурызда Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының (ҰҚШҰ) бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов Ресейдің «Известия» газетіне берген сұхбатында НАТО әскері бітімгершілік мақсатта Украинаға жіберілсе, бұл аймақтағы жағдайды ушықтыратынын айтты. Тасмағамбетов егер Еуропа елдері осындай қадамға барса, ҰҚШҰ халықаралық келісімдерге сәйкес көмек көрсететінін мәлімдеді. ҰҚШҰ бас хатшысының мұндай мәлімдемесі Қазақстан қоғамында наразылыққа тап болып, талқылана бастады. Себебі Тасмағамбетов 21 қарашада Ресей алғаш рет «Орешник» құрлықаралық зымыранын Украинаға қарсы қолданған кезде де Ресейдің жаңа зымыран жүйелерін сынақтан өткізуге мәжбүр болғанын айтып, ақтап сөйлеген. Бұл да сол кезде еліміз азаматтарының шамына тиген. Содан бері ҰҚШҰ бас хатшысы соғысты жақтаушы, Ресейдің сөзін сөйлейтін шенеунік кейпінде қалып қойды. Енді кезекті мәлімдемесі де талқылана бастаған уақытта әуежайдағы оқиға қатар келіп, соның нәтижесінде қоғам мұны кезекті қойылым деп жазуға себеп болып отыр.

Қоғам не үшін әуежайдағы оқиғаны қойылым деп санайды?

Алматы әуежайындағы оқиғаға қатысты тараған видео қоғамда күмән туғызды. Көптеген адамдар оның шынайылығына сенбей, оны қойылым деп санайды. Мысалы, «шабуылдаушылардың әрекеті бүр түрлі» деп жазады әлеуметтік желі қолданушылары. Содан кейін кез келген шабуылдаушы кепілге алған күші әлсіз қызды жіберіп, күші мығым адамды кепілге алмайды деген де пікірлер бар. Тағы да бір күмән туғызатын жағдайдың бірі – Әбдірайым сөйлесіп тұрып, пышақты тартып алған кезде шабуылдаушы қаруды оңай жібере салады. Қоғамның тағы бір айтатыны – «Әуежай стратегиялық нысан, онда әрдайым жоғары қауіпсіздік сақталуы керек. Бірақ видеода арнайы қызмет өкілдері шабуылға өте жайбарақат қарап тұрады. Әдетте мұндай жағдайларда арнайы қызметтер дереу әрекет етеді, бірақ видеода олардың реакциясы асығыс емес, жоспарланған іс-қимылға ұқсап кеткен» деп те жазады.

Дегенмен кей сарапшылардың пікірінше, Мұса Әбдірайым секілді қарапайым азаматтың ерлігін дәріптеу арқылы билік өздерінің тез әрекет ететінін, батырларды марапаттайтынын көрсетуге тырысады. Бұл халық арасында билікке деген сенімді арттыруға бағытталған қадам болуы да мүмкін. Дәл осындай пікірді «Жас Алашқа» саясаттанушы Дос Көшім айтты:

Дос Көшім

«Бұл жағдайда әлгі адам аманатқа өзін ұсынып, пышағын тартып алып жатса, ерлігі үшін неге марапаттамасқа? Оған бола қоғам басқа нәрсеге көңіл аудармай қалмайды. Мұның қойылым немесе қойылым емесін тап басып айту қиын. Егер дәл осындай қойылымды халықтың көңілін аудару үшін жасаса ақымақтық болып шығады. Себебі халықтың көңілін аударатын бұдан да күшті сценарийлер жазуға болады. Әлеуметтік желі бар кезде халықтың назарын аударып, таңертеңнен кешке дейін бас алмай қарап отыратын дүние жасау түкке де тұрмайды. Мүмкін біреуді батыр жасағысы келген шығар. Бірақ өз басым сенгім келмейді. Бұл екі оқиға кездейсоқтық болуы да мүмкін. Екеуі екі мәселе ғой. Бірақ соны билік пайдаланғысы келіп отыр. Мысалы, билік Бишімбаевтың сотын пайдаланды. Себебі сотта түрлі зорлық-зомбылық әрекеттері бар видеолар көрсетілді. Негізінен оны көрсетуге болмайтын еді. Ашық көрсеткен кезде таңғалдым. Кейіннен не үшін көрсеткені белгілі болды. Жалпы, пайдалану бар және қолдан жасау бар. Өз басым, жаңа айтып өткенімдей, қолдан жасайтын болса, бұдан да күшті сценарийлер жазылатын.

Бәрі де халықтың саяси сауаттылығына байланысты. Егер халық сауатты болса, мұндай нәрселерге көңіл бөлмей, нақты проблемаларға назар аударатын еді. Егер халық Тасмағамбетовтің айтқаны далада қалып, әуежайдағы оқиғаны талқылап кетсе, бұл өзіміздің сиқымызды білдіреді. Егер АҚШ не Еуропада осындай оқиғалар болса, оған қарамай саяси топтар, блогерлер қоғамға қатысы бар саяси оқиғаларды талқылайтын еді деп ойлаймын».

Жасанды келісім

Ал журналист Ая Өміртайдың айтуынша, қоғам мен билік ортасындағы сенімнің аз болуынан қоғам бұл жағдайды тек оқиға ретінде емес, билік пен медиа құралдарының кезекті ақпараттық жобасы ретінде көреді.

Ая Өміртай
Фото: Ая Өміртай

«Қоғамда мұндай оқиғаларға сенбеу мен теріс реакцияның туындауының бірнеше объективті себебі бар. Ең бірінші себеп – билік пен халық арасындағы сенім дағдарысы, сенім лимитінің нөл болуы. Адамдардың жақсылыққа көзсіз сенгісі келуі – түсінікті нәрсе. Психологияда бұл саналы әрі бейсаналы деңгейде болатын үрдіс. Бірақ дәл осы сенім кейде биліктің қоғамға қажетті нарративті сіңіру құралына айналады. Бұл процесті Ноам Хомский мен Эдвард Херман «жасанды келісім» (Manufactured Consent) деп сипаттайды. Яғни билік бұқаралық ақпарат құралдары мен медиа-инфлюенсерлер арқылы белгілі бір көзқарасты қоғамға «табиғи» құбылыс ретінде ұсынуға тырысады. Нәтижесінде, адамдар биліктің шешімін өз еркімен қолдағандай көрінеді, бірақ іс жүзінде бұл – ақпараттық манипуляцияның нәтижесі болып шығады. Биліктің позициясын жақтайтын блогерлер ақпараттық кеңістікте арнаулы тақырыптарды күн тәртібіне шығарып, талқыға айналдырып отыруы осының мысалы.

Әуежайдағы төтенше шабуыл кезінде де осы механизмнің элементтері байқалғандай болды. Екіншіден, билік әрекеттеріндегі жүйесіздік сенімсіздік тудырады. Шерзат оқиғасында үнсіз қалған билік әуежайдағы оқиғада жедел реакция танытып, мемлекеттік марапат үлестіргенде, қоғам оны шынайы құтқару операциясынан гөрі саяси спектакль ретінде қабылдауға бейім болады. Бұл – қисыны бар логикалық күмән. Егер билік расымен азаматтардың қауіпсіздігін ойлайтын болса, неге барлық оқиғаларға бірдей реакция танытпайды? Неге бірдей құлшыныс танытпайды?

Ал соңғы жылдары «бас редакторлар» арқылы басқарылатын медиа алаңда таңдаулы ақпараттарды зорайтып көрсету, шынайы маңызды ақпараттардың тасада қалу үрдісі белең алып кетті», – дейді журналист.

Ая Өміртай билік тек өзіне ыңғайлы оқиғаларға ғана назар аударады деп санайды. Ол «күмәнданушыларды» айыптаудың орнына, ең алдымен оқиғаның ақпараттық сипатына назар аударған жөн екенін айтады. Сондықтан кез келген ақпаратқа фактчек жасау – журналистиканың негізгі қағидаларының бірі және күмәндану – адамдардың ақпараттық манипуляциядан қорғану механизмі.

«Шерзат оқиғасы – әлеуметтік әділетсіздік пен билік жүйесіндегі түйткілдерді айқын көрсететін жағдай. Егер бұл оқиға кеңінен талқыланса, билікке тиімсіз диалог басталып кетуі мүмкін. Қазір бұл оқиға медианың жаңалықтар лентасынан түсіп қалды немесе әдейі түсірілді және актуалдылығын жоғалтқандай көрінеді. Ал әуежайдағы оқиға – керісінше, билікке тиімді нарратив қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл жерде «қаһармандық» элементі «Мемлекет азаматтарды қорғайды», «Қарапайым адамға жоғары марапат берілді» деген ойлар қоғамдық санаға сіңіріледі. Билік өзі үшін қауіпті тақырыптардан қашады, бірақ өзінің имиджін жақсартатын оқиғаларды белсенді насихаттайды. Шерзат оқиғасы – саяси, әлеуметтік, құқықтық проблемаларды ашып берді. Ал әуежайдағы төтенше «шабуыл» билікке өз күшін көрсететін «қауіпсіз» мүмкіндік берді. Биліктің қандай да бір оқиғаға жылдам әрекет етуі, жауап беруі халық алдындағы шынайы жауапкершілігінен емес, саяси мүддесінен туындайды. Егер билік расымен әділдік пен азаматтардың қауіпсіздігін бірінші орынға қоятын болса, барлық оқиғаларда бірдей ұстанымда болуы керек еді».

P.S. Мақаламызда саяси оқиғалармен қатар басқа да оқиғалардың қатар келуі, оған шоу-бизнес өкілдерінің араласуы сынды бірнеше мысалды келтіріп өттік. Әрине, мұның бәрі қойылым деп айтудан аулақпыз. Осы оқиғалардың барлығы бір заңдылыққа бағына ма, жоқ па, оны да нақты айту қиын. Бірақ халықтың назарын басқа жаққа аудару мақсатында белгілі бір ақпараттық толқындар жасалуы мүмкін деген пікір жиі айтылатыны рас. Қалай болғанда да, қоғамның әр жаңалыққа сыни көзқараспен қарап, шынайы себептерін түсінуге тырысуын – табиғи жағдай деуге болады. Ал әуежайдағы құтқару операциясы кімді құтқарды? Бұл сұрақтың басы әлі ашық тұр. Сірә, келесі бір «операцияға» дейін осылай тұрып, ұмыт болатын шығар...

Тұрсынбек БАШАР