Әуезов, Айтматов және Шерхан. Дерекке дәлдік керек

Жуырда «Ақ жол» газетінің 28 қыркүйек күнгі нөмірінде жазушы Несіпбек Дәутайұлының «Шыңыраудан шыққан шер» атты эссесі жарық көрді.
Ардақты тұлғамыз, атақты жазушы, көрнекті мемлекет қайраткері Шерхан Мұртаза туралы жазылған бұл дүние өзінің тартымдылығымен оқушы есінде сақталады. Сөз жоқ, Шерхан Мұртазаның сан қырлы таланты, кісілік келбеті, қайталанбас мінезі бұл естелікте тартымды ашылған. Десек те, осы естелік эссеге қате деректің еніп кеткенін айтпай болмайды. Әңгіме ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезов пен қырғыздың ұлы перзенті, жазушы Шыңғыс Айтматов төңірегінде өрбіген тұста қате дерек Шерхан ағамыздың аузымен айтылады.
1958 жылы Шыңғыс Айтматовтың жарық көрген атақты «Жәмила» повесі оқырмандар арасында үлкен қызығушылық тудырып, артынша қаламгер А.Дмитриева орыс тіліне аударды. Ол Кеңес Одағындағы ең көп тарайтын «Новый мир» журналында жарияланды. Осы повесть журналда Мұхтар Әуезовтің алғысөзімен жарияланған еді. Артынша оны француздың атақты жазушысы, аса көрнекті қоғам қайраткері Луи Арагон француз тіліне аударды. Ол повесті аса жоғары бағалап, оны махаббат, сүйіспеншілік туралы ең ғажайып шығармалардың қатарында бағалады. Бұдан соң «Жәмила» повесі әлемнің көптеген тілдеріне аударылды. Осы шағын хикаят 1961 жылы Кеңес Одағындағы ең ірі, беделді Лениндік сыйлыққа ұсынылды. Міне, сол кезде Мұхтар Әуезов Лениндік сыйлықты беру жөніндегі комиссияның белді мүшесі болатын.
Осы комиссия отырысында Мұхтар Әуезов жас жазушының шығармасын жан-тәнімен қорғайды, оның көркемдік ерекшеліктерін ерекше атап көрсетіп, Шыңғыстың осы атаққа лайық екенін дәлелдеп бағады. Өкінішке қарай, дауыс қорытындысында Шыңғыс шығармасы сыйлыққа ілікпейді. Мұхтарға жақтас болған даңқты ақын, «Новый мир» журналының бас редакторы А.Твардовский де комиссия шешіміне риза болмайды. Менің ойымша, Шерхан аға әріптес інісіне осы жағдайды баян еткен.
Бұл атаққа Шыңғыс Айтматов 1963 жылы ие болды. Бұл жолы ұсынылған шығармалар «Алғашқы ұстаз», «Жәмила», «Шынарым менің, шырайлым менің» және шағын хикаят – «Ботакөз» болатын. Ол шығармалар «Тау мен дала хикаялары» (Повести гор и степей) деген атпен комиссияға ұсынылған еді. Сөйтіп, бұл шығармалар жинағы бірауыздан комиссия тарапынан қолдау тауып, 22 сәуірде – Лениннің туған күніне орай берілетін үлкен сыйлықтардың сапынан көрінді.
Ал жас Шыңғысқа қамқор болған Мұхтар Әуезов 1961 жылы маусым айының соңында дүние салған еді. Талантты жазушыға шын жүрегімен қамқор болған ұлы Мұхтардың арманы жазушы дүние салған соң, екі жылдан кейін ғана жүзеге асты.
Шыңғысқа бұл атақ 35 жасында бұйырды. Бұдан кейін Шыңғыстың атақ-даңқы бұрынғыдан да асқақтады. 1963 жылы қазан айында Алматыдағы ең үлкен сәулетті ғимараттардың бірі – «Пионер» сарайында Алматы студенттері Лениндік сыйлықтың лауреаты Шыңғыс Айтматовпен кездесу өткізді. Аузы-мұрны лық толған залда жазушыны қалай қарсы алғанымыз әлі күнге дейін есімізде. Сол жолы Шыңғыс Айтматов Мұхтар Әуезов туралы естелік айтты. Осы кездесуде Тахауи Ахтанов, жас талант Әбіш Кекілбаев «Жәмиланы» алғаш қазақ тіліне аударып, «Лениншіл жас» газетінің бірнеше санында жариялаған талантты сыншы Қалжан Нұрмахановтар болғаны есімде. Бұдан кейін де Шыңғыс ағамызды «Ана – Жер-Ана» спектаклінде де көріп, лебізін тыңдадық. Ол Мұхтар Әуезов атындағы драма театрының әртістеріне, олардың асқан шеберлікпен ойнаған өнерлеріне зор алғыс айтты. Басты рөлдерде ойнаған Сәбира Майқанова, Бикен Римова, Нүкетай Мышбаева, Торғын Тасыбекова, Райымбек Сейтметов, т.б. актерларға шынайы ризашылығын білдірді. Сол жолы да ұлы ұстазы Әуезов туралы айтуды ұмытқан жоқ.
Несіпбек жоғарыда жазған естелік эссесінде Шерхан ағамыздың аузымен айтылған әңгіме былай баяндалады: «Сонда сол комиссияның құрамындағы Мұхаң екі рет сөз алып сөйлеп, табандап тұрып алған. Ақырында аналар «бұл өзі қанша жаста екен, соны көрелікші» деп далбасаламай ма?!
— Иә, иә, – деп Шерағаң мырс етті. – Көрсе бар-жоғы 34 жаста екен. Жерден жеті қоян тапқандай болады. Сонда аналар «жап-жас екен, өзін көрсете түссін әлі» десіп кергиді. Қайран Мұхаң қайта ма? Айтқан уәжі: «Оның қырыққа, елуге, алпыс, жетпіске келетініне кім кепілдік береді? Келмей қалса ше? Жоғары сыйлыққа лайық жазды ма, жазды. Оны бәріміз мойындап отырмыз ба, мойындап отырмыз. Француздың атын әлем білетін әдебиет сыншысы Луи Арагон Данияр мен Жәмиланың махаббатын Ромео-Джульеттаның махаббатымен қатар қойды ма, қойды. Ендеше... Әлі жас болған соң бермедік дейміз бе… – Шерағаңның даусы шығыңқырап кетті, – дейді ғой Мұхаң. Алды Айтматов Лениндік сыйлығыңды, Мұхаңның арқасында аналардың аузын ұрып...»
Жоғарыда айтқанымыздай, Шыңғыс Айтматов Лениндік сыйлықты 1963 жылы 35 жасында алды. 34 жасында алса, 1962 жыл болар еді. Мұхтар Әуезов 1961 жылы дүние салды. Бұл деректерді бүкіл энциклопедиялардан, интернет деректерінен анық білуге болады.
Мен кез келген азаматтың, оның ішінде халыққа танымал тұлғалардың деректерін пайдалануда абай болған жөн екенін атап айтқым келеді. Бұл орайда, мен әріптесім Несіпбек Дәутаевты аяғынан шалайын дейтін еш ниетім жоқ. Оның шығармасының Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып отырғанына, иеленуіне шын жүректен тілектеспін.
Кезінде Шерхан ағаның шапағатын көрген жанның бірі менмін. Студент екеніме қарамастан, сол кезде сан салалы өнер тақырыбын көп жазып жүрген мені Ташкент қаласында тұратын КСРО халық суретшісі, бейнелеу өнері бойынша шығыс халықтары арасынан шыққан тұңғыш академик, қазақтың ұлы суретшісі Орал Таңсықбаевқа бір аптаға арнайы іссапарға жіберген еді. Мен академик ағаның үйінде апта бойы жатып, өнер музейлерін аралап, шығармашылығымен толық таныстым. Алматыға келген осы ұлы тұлға туралы көлемді «Тау мен дала жыршысы» атты эссемді «Лениншіл жасқа» Шерхан ағамыз қуана жариялаған еді. «Қазақ әдебиеті» газетінің редакторы болып тұрған кезінде жіберген әңгімелерімнің әдеби қызметкерлердің салғырттығы салдарынан үстел тартпаларында жатып қалғанын айтқан едім. Сонда Шерхан аға: «Тәуір, көркем шығармалар болса, еш жатуы тиіс емес», – деп айтқаны есімде. Қай кезде де сырт аймақта тұратын қаламгерлердің шетқақпай қала беретіні шындық қой. Артынша-ақ менің «Шуақ», біраз уақыт өткеннен кейін «Алтын мүйізді киік» атты әңгімелерім газеттің айқара беттерінде жарияланды.
Ал Несіпбек Дәутаевтың да маған қамқор көңілмен қарағаны ақиқат. Мен ол басқаратын «Жамбыл» журналына ешқандай шығарма ұсынбаған екенмін. 2014 жылы қыркүйекте Несіпбек телефон соғып: «Сен неге үнсіз жүресің? Дереу маған повестеріңді жібер», – деп айтқан болатын. Несіпбекке рақмет. «Жұлдыздар неге жылайды?», «Сол бір асу...» повестерімді қатар жариялады. Ал 75 жылдығыма орай, арнайы бет ашып, «Зертөбе» повесімді тағы басты.
Менің ойымша, Несіпбек болашақта шығатын шығармалар жинағының бір томына осы әдемі естелікті енгізетіні сөзсіз. Мен бұрынырақта да жарияланған осы деректі эссені оқыған соң, жазушының өзіне сыпайылап арнайы хат жіберген едім. Осы жолы сол ескертпемнің елеусіз қалғанына қынжыламын. Сондықтан да жоғарыдағы жазылған қате деректер қаламгердің болашақта жарық көретін жинақтарына немесе басқа да баспасөз беттеріне, естелік кітаптарға еніп кетпеуін естен шығармағаны абзал.