Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:55, 26 Қазан 2023

Әуезов кітапханасы

әуезов
Фото: из открытых источников

Жазушы отбасымен 10 жылдай тұрған, Алматының шуақты бір тұсындағы өз үйінің бірінші қабатындағы кең жайда жабдықталған жеке кітапханасы бойынша жазылған Гүлзия Пірәлінің «Мұхтар Әуезовтің кітапханасы» атты зерттеуін Әуезов музейінің 60 жылдығы қарсаңында іздеп жүріп, сұратып тауып, аялдап, кідірістеп, ұзақ-ұзақ ойларға бөгеліп, асықпай қарап шықтым.

576 беттік көлемді жинақта Мұхтар Әуезовтің жеке кітапханасында тұрған, жазушының көзі тірісіндегі жүйе-қалпын бұзбай сақтап келе жатқан бай кітап қоры алғаш рет тізімге алынып, басылым дерегі, белгі қалдырған тұстары тұтас түзіліп берілген.

Айтулы тұлғалардың кітапханасы мен олардың кітап оқу тәсілдері, өзіне ғана мәлім белгімен таңбалап отыру дағдылары бойынша жүргізілетін зерттеулер әлемдік тәжірибеде бар. Сол сияқты Әуезов кітапханасындағы 6 мыңнан астам кітаптың әрбір белгісіне ғылыми түсініктеме жазылып, анықтамалық сипаттама жасалғандығы – атап айтарлық бастама.

Жинақты баспаға әзірлеген әуезовтанушы Г.Пірәлі Мұхтар Әуезов кітапханасы, ондағы түрлі белгі-таңбалар тарихи-мәдени ескерткіш, іргелі зерттеу нысаны екенін орынды атап көрсеткен.

Анықтамалықта 3702 кітаптың басылым дерегі беріліп, әрі қарай жеке кітапханада сақталған 2192 әдеби, ғылыми журнал түзілген. Осы реестрдегі әр басылым жеке тұлға кітапханасын игерудің, кітаптанудың игілігі, сол бағыттағы жұмыс міндеті мәнінде маңызды.

Жазушының өз қалауы бойынша оңнан солға қарай орналасқан кітаптар кітапхана жинақтала бастаған дәуірдің идеологиялық үрдісінде В.И. Лениннің еңбектерінен басталған. Бұл көптомдықтардың ішінде М.О.Әуезов В.И. Лениннің «Философиялық дәптерлер» еңбегіне, ұлт мәселесіне қатысты айтқандарына және Л.Н. Толстой туралы ойларына басым ден қойған.

Одан әрі қарай түзілген «Большая Советская Энциклопедияның» томдарын да бірнеше танымдық, тарихи анықтамаларға кідіріс жасап, белгілер қойып оқиды. Энциклопедияның жеке халықтар тарихы, әдебиеті, жанрлар теориясы туралы бөлімдерін арнайы белгілер түсіріп отырып, ынтамен қарайды. Мәселен, «Индия» тарауында «Кризис Моголской державы», «Завоевание Индии Англией» деген тармақтарын мұқият оқиды.

Анықтамалықты ретімен қарап отырғанда 88-кітап пен 89-кітап арасында берілген бір қысқаша ақпарат кездесті.

««Большая Советская Энциклопедия» томдарының үстінде жәй жатқан кітаптар тізімі алынды. М. Әуезовтің өзі көзі тірісінде осылай қойылған болуы керек. Кейін неше рет реттеліп, жүйеленсе де осы қалпы сақталған».

Осыған қарағанда тізім Мұхтар Әуезовтің нұсқауымен жасалған. Әрі қарай БСЭ томдарынан соң К. Маркс, Ф.Энгельс еңбектері тұр. «Коммунистік партияның манифесін» көп тұста белгі салып оқиды. «М» белгісі, «/», «//», арабша жазылған, «Ясауилар сияқты» деген қысқаша бағалау сөздері түскен. «Ленин и искусство» атты естеліктер жинағының ішінде 32-беттегі «Пролетарская культура...» деген тұсқа «Культура народа» деп жазыпты.

Әрі қарай «БСЭ» 1926, 1929, 1930, т.б. жылдардағы томдары тұр. Бұл тұста да белгіленген парақтар, астын сызып оқыған сөйлемдер бар. «Литературная энциклопедияның» 1929, 1930, 1932, 1934-жылдарғы басылымындағы жеке жанр, шығармашылық тұлға, әдеби даму туралы айтылған тұстары мұқият оқылады.

Енді бір қатарда Сөздіктер орналасады. Анықтамалықтар жалғасады. Саяси, ВКП(б) тарихына қатысты әдебиеттерді де біліп отыру міндетінде зерттеп оқыған.

М.Әуезовтің жеке кітапханасында тұрған 6000-ға жуық дереккөздің елеулі бөлігіне, соның ішінде көркем классикаға белгі түспеген.

Жазушылардың ішінде И.С.Тургенев пен А.П.Чеховтың шығармаларын назарда ұстағаны байқалады. Мәселен, «Отцы и детиге», «Дворянское гнездоға» қатысты таңбалар, белгілеулер бар.

Қазақ қаламгерлерінің ішінде Ә. Әбішев, Т. Ахтанов шығармаларына, Ғ.Сланов пен З.Шашкинді мұқият оқығанын көрсетіп; баға беріп отырғаны бойынша белгі түскен кітап даналары жазушы кітапханасында тұр. Қай тұстары көңілден шықты – көрсетіп отырады. Әуезовтің жедел бағалау машығындағы жұмбақ әдіс-тәсілдер, қос сызық неге қойылды? Қызыл қарындашпен сызып оқу нені білдіреді? Жасыл неге бір-екі жерде ғана қолданылған сынды беймәлім таңба-белгілер біраз «сыр ашады».

«Мұхтар Әуезов кітапханасында» келтіріліп отыратын «Ешқандай белгі қойылмаған» деген нақтылау; берілген әрбір белгі, таңба, әрбір оқылған кітап, көркем туынды маңызды.

Жай ғана бір фактінің ар жағында бой тасалаған ғұмырбаяндық деректердің, зерттеу ұстанымдарының ғылыми айналымға түсуі өзекті.

Мұхтар Әуезовтің Есмағамбет Ысмайыловтан алған Зейін Шашкиннің «Теміртау» романын Мәскеуде ауруханада жатқанда оқығанын, әрі шығарма туралы пікірін авторға хат етіп жазғанын; Кунцевода ота жасатар алдында көңілін сұрап барған З.С.Кедринаның В.Н.Кузьмина-Әуезоваға хатында айтқанынан да білетінбіз.

Кітапхана қорында тұрған, Әуезов түсірген көп белгісімен көлемді мәтін етіп берілген Зейін Шашкиннің «Теміртау» романы, біздіңше, Мұқаң сол Мәскеу ауруханасында оқыған кітап. Кітапта Мұхтар Әуезов мәтін ішінде бірқатар ескертпе айтқанымен, Зейін Шашкинге ұнамдысын басымдау айтып, қанаттандыра жазады.

«2577. Тіркелмеген. Шашкин З. «Теміртау» роман. Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасы. Алматы, 1960» (аталған жинақ, 331-бет). Әрі қарай 332, 333, 334-беттерде шығарма мәтініне түсірілген белгілер беріледі. «Сөйлемді неге қазақша құрмайды?» – 187-бетте, «Пианиносы қайда?» – 227-бетте, «Тағы жиналыс» – 327-бетте, т.б. сөз белгілері 333-бетті көрсетіп, әрі қарай С. Мұқановтың «Жұмбақ жалауын» талдап кетеді. Техникалық жаңсақтықтан екі мәтін кірігіп кеткен сияқты. 2577 ретпен тіркелген бұл кітап сол ауруханада оқылған кітап болуы ықтимал.

«Жұмбақ жалауға» аса көп сын айтылғандығын, қалай, не айтылғанын осы анықтамалықта «Теміртауға» берілген бағаға жалғасып кеткен мәтін көрсетіп тұр. М. Әуезов бұл ескертпенің барлығын көпшілікке жария етпеген, «Жұмбақ жалауға» жалпы, басым тұстарда жинақтап баға берген деп ойлаймыз. Бұл тұрғыда өз алдына деректер жинап, елеп-екшеу қажет көрінді.

Мұхтар Әуезов дерекнамалық басылымдарды қарап отыруға аса ықыласты. Жазушы кітапханасындағы мына бір әдебиеттерді қарауға оқушы да ынтығады.

- 2/5. Чеканинский И.С. «Казахская поэма Козу Курпеш и Баян сулу». Семипалатинск, 1929,

Осы автордың 382. 2/5. ретімен берілген «Бақсылық», 384. 2/5. Сеитов М.Д. «Охота с ловчими птицами у казахов Семипалатинского края», Семипалатинск, 1929, 385. 2/5. Нигмет Сабитов «Мектебы и медресе у казахов», 1950, 386. 2/5. Чеканинский И.А. «Литература по вопросу восстания туземцев Средней Азии в 1916 году», Семипалатинск, 1929 сынды кітаптар ғылыми айналымға түскен бе деген сұрақ та бар.

- 2/6. 1960-1961 жылғы әдебиетке шолу мақала авторы белгісіз екендігі айтылған (аталған Анықтамалық, 86-бет). Кім жазғаны келешекте анықталуы керек бір дерек. Мұхтар Әуезов өзі жазған ба?

Әуезов кітапханасында Шоқан Уәлихановқа қатысты да назар аударарлық фактілер аз емес.

- 2/5. Айдарова Х. «Чокан Валиханов», 1945. Автор қолтаңбасы бар бұл кітапты М. Әуезов бастан-аяқ белгі соғып, астын сызып, ой түртіп отырып оқыпты. Шоқантану тарихында не дұрыс, не бұрыс айтылған екен деген ой түседі осы кітапқа қатысты. Бұл еңбекпен танысу керек деп және бір түйіп қоясың.

«?», «М», «//», астын сызған белгілердің жұмбағын «шешуге» бекінесің.

Негізінде «Мұхтар Әуезов кітапханасындағы» 6000 аталымның барлығын болмаса да басым таңбаланып отырған жинақтармен танысу –әуезовтанудың бір міндеті. Жазушының фольклортануда, әдебиет тарихын түзуде, жеке шығармашылық тұлға мұрасына баға беруде тұтас әлемдік зерттеу бағыттарын соншалықты біліп, танып игергенін, жөні сол ғой деп оқығанының жетегінде кете бермей, жеңіс бермей текетіресіп, төл әдебиеттің нәрі мен сөлін бұзбай, төкпей, бөтеннің ығында рәсуа қылмай сақтап, қорғап, таным түзуде түбегейлі мүддесінен еш кейін шегінбегенін осы кітапхана жәдігерлері және бір тұстан айғақтап, мойындатады. Жалпылап кесіп-пішуді жақтырмаған Мұхтар Әуезов әдетінше бұл бағытта әрбір жинақта тұнған ғылыми, көркемдік ағыстар бойынша арнайы зерттеулер жүргізілуі тиіс.

«Мұхтар Әуезов кітапханасында» Кеңестер Одағының әдеби журналдары сақталған. Қазақ басылымдарынан «Әдебиет майданының» («Жұлдыздың») бірен-саран ғана нөмірлері тіркелген.

Бұл тұрғыда Әуезов қазақша газет-журнал оқыды ма деген сұрақ туындамаса керек. Ілгерідегі қазақ тілді басылымдар «Түркістан уәлаятының газетасы», «Дала уәлаятының газетасы», «Айқап», «Қазақ», «Абай», т.б. қазақ тілді басылымдар жоқ.

Мына бір дерек және бір ізденістерге міндеттейді.

«1214. Тіркелмеген. Жапония, Индия, Америкаға барғанда алған жолсілтемелер, карталар, түрлі альбомдар осы қатардағы кітаптар арасында жүр. Колумбия университетіндегі форум туралы материалдар. 2 жасыл журнал, бір конгресс туралы парақшалар, буклеттер де баршылық. Готвальд қаласы туралы буклеттің орысша нұсқасы бар. 1959 жылы 30 июньдегі газет репортажының қиындысы, өзге басылымдар, барлығы 16 журнал бар осы қатарда. Бір үлкен журналға араб әрпімен көп сөз жазылған» (180-бет).

Бұл деректер әуезовтануда айналымға түсті ме екен? Шет ел сапарларына қатысты беймәлім фактілер, бәлкім, әлі де осы қиынды жазбалар бетінде қалып келеді?

Мұхтар Әуезов қазақ әліпбиі, дұрыс жазу бойынша зерттеу еңбектерді ұдайы назарда ұстап отырған. Бұл жайында да Анықтамалық зерттеуден жеткілікті ақпарат аламыз.

Анықтамалықта арнайы қарауды қажет етіп күтіп жатқан, «сырын ашпаған» кітаптар аз емес. Мәселен, «1856. Тіркелмеген. Араб әрпімен жарияланған кітапша. Казань. Типография торгового дома. 1903. Ешқандай белгі қойылмаған. (255-бет) деген мәлімет.

Жазутанушы мамандар қарауы тиіс. Мұхтар Әуезов кітапханасында «2261. Тіркелмеген. Әуезов М. «Абай» тарихи роман. 1-кітап, 2-басылуы. ҚазБМБ, Алматы, 1948-406-б.» дерегімен сақталған кітапқа автор өте көп жөндеу енгізіпті. Бұл нендей өзгертулер болғандығын «Абай жолы» эпопеясы бойынша өндіріп текстологиялық зерттеу еңбектер жазып жүрген білікті маман Ермек Ханкей ескеріп жүр ме екен?

Абай шығармаларының 1945 жылғы толық жинағының үстінен қайта қараған Мұхтар Әуезов аударма өлеңдерге қатысты бірқатар ескертпелер айтқанын да осы анықтамалық зерттеу еңбектен біліп отырмыз.

«208-бетте «сәл басқа, бірақ жақсы». «Теректің сыйын» – «дәл емес, дәл аударма емес» депті. 1 шумақтың 2-жолына – «жоқ» депті, 2 мен 3-ші шумақтың арасында «пропуск-четверостишие» депті, 209-бетте «қызық», Лермонтовта бұрын келед, құрап жас немесе құрлы жас», 212-бетте «Қазаға ұшыраған қара шекпен» деген тақырыпқа көңілі толмай «дәл емес» депті. 2014-бетте «өзінен», «Жарлы байды» да «дәл емес» дейді. 218-бетте «Есек пен бұлбұлда» 1-шумақты «дәл емес», 2-шумағын «дәл», 3-4-шумағын «дәл», 7-ні «өзінше» депті. 219-бетте «Бүркіт пен қарғаны» – «дәлге жақын», 1-шумақты ұзақ, «500», «ең соңғы», 220-беттегі 2 жолды «аз» дейді. «Үлкен ұры құтылып, ұсақ ұры тұтылып деген Крылов қорытындысы жоқ» дейді. «Құмырсқа мен шегірткені» «дәл», 221-бетте 2-шумағы «бар», 4-5-шумақты «бұл жоқ сияқты» дейді. 7-шумақтың соңғы 2 жолы «жоқ» дейді. 224-беттегі «Ала қойлардың соңғы шумағын «басқаша» депті. 230-бетте «Бақа мен өгіздің» 1-шумағы «жоқ» дейді, ең соңғы «басқаша» дейді, «Піл мен қанденнің» 1-шумағын «дәл» дейді, 232-беттегі «Шайтанның» 3-5 шумағын «жоқ», 6-ны «бар» дейді. 240-беттегі «Жалау. Лермонтов» «жақсы» дейді» (391-бет).

Гүлзия Пірәлі Мұхтар Әуезов кітапханасын тізімдеп, түскен белгілерін сөзбе-сөз оқушыға жеткізіп отырып, жазушы салған шартты белгілердің нендей «құпиясы» бар екендігінен де ой бөліседі. Өте мән беріп оқыған тұстарын қызыл қарындашпен белгілеген дейді.

Сонау бір жылдарда осы «Әуезов үйінде» бір қызметкер бірталай ескі қағаздарды «қоқыр-соқыр» деп өртеп жібергенін де Гүлзия Жайлауқызынан естіп, қанықтым.

1933 жылғы Абайдың тұңғыш толық жинағының Мұхтар Әуезов үстінен 206 қатесін (араб жазуынан латынға көшкен тұстағы типографиядан кеткені бар, басқасы бар, сөз қателері – Қ.М.) түзеткен данасы осы Әуезов үйінде сақталған деп айтылатын.

Гүлзия Пірәлі мұқият түзілімін жасаған кітапхана реестрінде бұл жинақ кездеспеді.

1957 жылы профессор Тұрсынбек Кәкішұлы ҚР ҰҒА ОҒК сирек кітаптар қорынан көрген, Мұхтар Әуезов редакция жасаған 1933 жылғы жинақ пен «Әуезов үйінде» сақталған дейтін жинақ екі кітап емес, бір ғана кітап болуы ықтимал. Бұл бойынша да із кесу міндет.

Тұлғалық айрықшалығы – қаламгердің жеке кітапханасындағы кітаппен жұмыс бағытында да мазмұн ашады. Ол астын сызып оқыған мәтін туралы мәлімет сол мәтіннің мазмұнымен танысуға асықтырса керек.

«465. 2/6. «Записки восточного отделения императорского «Русского археологического общества» под ред. Барона В.Р. Розена. 9-том. Типография императорской наукъ. С. Петербургъ 1896. – 339 с.

153-бетте: «Сату бұғра хан» деген араб әрпінде сөз бар. 87-бетте 1 ғана көк қарындашпен сызылған белгі бар. «Утверждение мусульманъ объ упоминаніи Мухаммеда въ пятикнижіи Моисея» деген тараудың 201-202 беттері және «Двадцатипятилетіе «Туркестанскихъ Водомостей» деген тараудың 244-256, 259-261-беттері сызылып оқылған» (99-бет).

Мына дерек те қызықтырады.

«479. 2/6. Қазақ ССР ҒА-ның «Хабаршысы» №11. Алматы, 1956.
М.П. Русаков, академик АН КазССР «О значении и роли комплексных геолого-структурных, металлогенической и прогнозной карт Центрального Казахстана» деген мақаланың 10, 12, 13, 14-беттері қызғылт қаламмен сызылған (101).

Не жазылған? Осы бағытта зерттеу жүргізілді ме?

Енді бір тұста Сырым Датұлы көтерілісіне мән берілгенін байқамау мүмкін емес. Бұл тұрғыда да сол еңбекті тұтас қарау артық емес.

«427. 2/5. Проспект первого тома «Истории Казахской ССР с древнейших времен до Великой Октябрьской соц. рев.». 1951. 1783-1797 астына 14 жыл деп қызыл қарындашпен қоршап жазыпты. Көк қарындашпен сызуда не мән бар? Көк қарындашпен сызылып оқылған дегенді көзбен көру керек. Қызыл, күлгін, қара, көк қарынд. және «+», «/», «//», «-», «М», т.б. шартты белгілер қойылған мәтін мәнін өзара сабақтастықта алып отырып та бір сырларды ашуға болар. Бәлкім, «М» – менің пікірім де осымен үндеседі дегенді білдіреді. «+» – сөз жоқ, оң баға. «-» – құптамау, терістеу. «/», «//» – әзірге болжау қиындау. Заңдылығын барлап көру керек. «/» – аса риза болу. «?» бұл не байлам дегені. Сызылып оқылуы. Мән бергенін, есте қалдыру үшін белгі соққанын білдірсе керек.

Көркем шығармадан гөрі анықтамалық әдебиет, тарихи-танымдық еңбектерге белгі соғып отырған. Архив материалдарына қызығушылық бар.

«618. 3/3. Архив Горького А.М. ІІІ том. Государственное издательство Художественной литературы. Москва, 1951. – 293.

«О фольклоре» деген мақаласының 233-249-беттеріне дейін қызыл қарындашпен сызып оқыған» (115).

P.S.

Мұхтар Әуезов үйіне соңғы уақыттарда жұмыс ыңғайында сәті түсіп, жиі барып тұрамын. Берекесі шалқыған, құтын сақтаған киелі шаңырақтың ауласындағы алма бағының, Мұхтар аға өз қолымен отырғызып өсірген жаңғақ ағашының жемісінен дәм татамыз. Ұдайы жаратқан жарылқаған адам баласының жұтамайтын игіліктерінен рухтанып қайтамыз. Мұхтар Әуезовтің жалпыадамзаттық құндылықтарды өз қолымен хаттап, жинап кеткен жеке кітапханасы арнайы ғылыми зерттеуді күтеді.

Қанипаш МӘДІБАЕВА

ф.ғ.д., профессор

М.О. Әуезов атындағы

ӘӨИ бас ғылыми қызметкері

Тегтер: