Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:15, 19 Шілде 2023

Әуезовтің жазылмаған романы

None
None

«Басы ауырмастың жанында балтырың сыздамасын» дейді қазақ. Қайғыңды түсінбейтін адам алдында қасіретіңді ашпайтының белгілі ғой.

Бір дастарқан басына жиылған 4 ұлт өкілінің де ойында сол мезет осы ұстаным болған шығар. Күрд, түрік, түркімен және қазақ. Анкара қаласының арзан қонақ үйлерінің бірінде жинала қалдық. Шаңырақ иесі түрік жігіт: «Біздің халық надан. Намаз оқығанның бәрін жақсы деп ойлайды. Бүгінгі президентімізді сол надандар қолдап отыр» деді. «Біздің де халықтың оқығаны аз. Тауда жүріп мемлекетке бағынбауын еркіндік санайды» дейді күрд жігіт. Қолына сырасын ұстап, шеткерек тұрған түркімен азаматы: «Ресейде оқуды бітіргелі елге бармадым. Ол менің емес, Бердімұхамедовтердің жеке мемлекеті сияқты. Біздің халықты солар надан етіп отыр». Мен мырс еттім. Олардағы проблеманың бәрі біздің бір қазақтың басынан табылатындай көрінді. 20 мың террорист жайында, олардың надан һәм намаз оқитыны жайында, мемлекет байлығы биліктегілердің меншігі болып кеткені туралы да… Бәрін, бәрін айттым. Егер сол кездесу бүгін болғанда тұтас аэропортты 5 адамның басып алғанын да айтар едім. Және оның біреуі әйел адам екенін алға тартып, қазақ қыздарының қайсарлығын айтып та тәнті етермін.

Біраздан соң түркімен жігіт қыза бастады. Смартфонын ашып: «Қараңдаршы, Ашхабад біздің астанамыз. Ол – әлемдегі ең сұлу қалалардың бірі. Гиннес кітабына енген», – деп тамсанып алды. Күрд жігіті те смартфонынан ән тыңдатты: «Тыңдаңдаршы, біздің әндер қандай ғажап», – дейді. Түрік жігіт: «Біз әлемдегі ең мықты әскері бар елдердің біріміз ғой», – деп сырасын көтерді. Адам туған жерін, халқын жамандыққа қия алмайды екен. Мен де өз елімнен жақсылық іздедім… ұлылық іздедім. Есіме Әуезов түсті.

* * *

М.Әуезовтің Созақ жайлы романы бар деп мақтанады Қаратаудың теріскейі. Бірақ ол романды оқығаны аз шығар. Егер оқыған болса, мақтанбас еді ғой. «Өскен өркен» Мұхаң шығармашылығындағы орны бөлек роман. Бүкіл шығармашылығы бір төбе де, «Өскен өркен» бір төбе. Бұл романды заңғар жазушы сол қолымен жазғандай және жазу барысында қалам ұшы қайта-қайта сына берген сияқты. Әр сынған тұсынан оқырман да сүріне береді. Бұл романның қайта басылмағанынан, халық арасында танылмағанынан-ақ Әуезовке лайықсыз туынды екенін анық біліп отырған шығарсыз. Бірақ осы романды жазу барысында жазушы Қаратау Теріскейіне 2 мәрте келіпті деседі. 1959 және 1961 жылдары. Әрине, қайнаған қазақ ортасынан бір жақсы туынды шығарамын деген ойы болған шығар. Бірақ Сайын Мұратбеков жазған «Үрмізі қарт» атты әңгімеден жазушының жанына жақыны – өзі көрген, қаныққан ескі заман екенін, қазақтың Кеңес өкіметіне дейінгі өміріне жақындығын байқаймыз.

М.Әуезовтің қудалануына себеп болған көп шығармаларының арасында «Хан Кене» пьесасының орны ерек. ХХ ғасырдың 30 жылдары жазылып, сахналанған туынды көп ұзамай репертуардан алынып тасталған болатын. Өйткені бүлік деп танылған көтерілістің ұлтты ұйыстырар идеяға айналуы қызыл өкіметтің қытығына тиді. Қанша қудалау мен қиындықтан өтіп, арада отыз жыл өткенде Мұхаң Кенесарының ұрпағының үйінде қонақта отыр. Иә, Үрмізі қарт хан ұрпағы болатын. Қырғызға аттанарында аз-кем түтін мен өзінің ұрпақтарының біршамасы Созақтағы Үшбас өзенінің сағасында қалған. Сол ұрпақтарынан өнер ұстап, күй қонғаны – Үрмізі еді. Сайын Мұратбеков шығармасында жазушымен әңгіме күй туралы өрбігенімен, шынында қандай сөз болғаны бізге белгісіз болып қала беретін-дей. Ел ішіндегі естеліктерге сүйенер болсақ, ол үйге барарында Мұхаң Үрмізінің күйші екенін білмеген. Оны әңгімеден де байқаймыз. Яғни Ұлы жазушыны ауыл басшылары жай ғана қойшының үйіне апарып отырғандай. Күмәнді емес пе?! Осы тұрғыдан келгенде қазақтың заңғар жазушысы ойында алдағы романының бірнеше нұсқасы болған сияқты көрінеді. Бірақ жазушыға ең көп артылған мін – кеңес өкіметі мен кеңес азаматының өмірі туралы жазбауы болатын. Сондықтан өзін күштеп, осы тақырыпқа байлады. Сондықтан соңғы роман солғын шықты...

Егер «Өскен өркен» романына отырмағанда, М.Әуезов не жазар еді? Кенесары тақырыбына оралуы мүмкін екенін айттық. Тағы бір деректерде жазушы оңтүстікке әртүрлі жолмен сапар шеккені айтылады. Оны Құнанбайдың қажыға барар жолын зерттеуімен байланыстыратындар да бар. Мүмкін, Құнанбай туралы бірдеңе жазуды ойлады ма екен?! Бірақ екі тақырып та үшінші тақырыптың алдында ығыса тұратын сияқты. Ол тақырып – Жапония немесе атом қасіреті. Иә, 21 жасында өзі кітаптар мен газет-журналдарды ақтарып, ойша сапар шегіп, «Абай» журналына жазған мақаласының тақырыбына қайта оралғысы келді. Оған себеп – 1957 жылғы М.Әуезовтің Жапонияға сапары болатын.

Қолымызда жазушының атом мен сутегі бомбасына қарсы ІІІ конгреске Кеңес өкіметі атынан делегат болып барған кездегі күнделігі бар. Ол 1957 жылдың 10 тамызынан басталып, 31 тамызда Мәскеу аэропортына қонуымен аяқталады. Сол аяқталған қалпы қалды және. Қайта ашылмады. Тіпті Жапония сапары туралы очерк те жазбады. Салыстырмалы түрде қарасаңыз, Мұхаң АҚШ-қа 1960 жылы барады. Келе сала «Америка әсерлерін» жазды. 1955 жылы көрген Индия туралы да очеркін сол жылдан кешіктірген жоқ. Осы тұста айтпағымыз, М.Әуезов Жапония туралы очерк, естелік емес, тұтас роман жазғысы келген. Бұл қорытындыға келуімізге бірнеше себеп бар.

Өзге жолжазбаларымен салыстыралық. «Америка әсерлері» жазушы өміріндегі ең саясиланған очерк. Ол АҚШ-тың биік ғимараттары мен архитектуралық ескерткіштеріне тамсана отырып, партияны бір мақтап өтеді. Ой таразысында барған елін бір мақтаса, өз елін екі мақтап, теңестіріп отырған. «Нью-Йоркке барған әрбір біздің Отан адамындай, мен өзім де өзіміздің системаның бүгінгі капиталистік мәдениетпен бүгіннің өзінде-ақ жарысқа салар, жарқырап шығар талай жайларын ойға алдым» дейді. Көрер көзге ұрып тұрған артта қалушылықтың өзін Кеңес өкіметінің жастығымен ақтап алып отырады. Ал тым таңырқап, өз елінен баламасын таба алмаған дүниелерді өзгенің аузымен айтқыза салады. Әсіресе Әуезовтің Маяковский болып сөйлегені қызық. Бруклин көпірі әсерін жазушы: «Мұндағы бір көпір – аспалы Бруклин көпірі жөнінде Маяковский айтқан еді: «Бруклинский мост? Да, это вещь!» — деген. Ол дүниежүзіндегі төменгі тірексіз істелген аспалы көпірлердің ең үлкенінің бірі екен».

Осылай, жазушы АҚШ-тың архитектурасын, жеткен жетістіктерін көптеп жазады. Адамдары туралы жазған тұсы көп емес. Индия сапары туралы очеркте ертегі елінің қиял-ғажайыптары көбірек сөз болады. Ал Жапония жолжазбасында адамдар көп суреттелген. Ол образдарды очеркінде суреттеу немесе сол арқылы бір нәрсе айту мүмкін еместей. Сонымен қатар жазушы кездестірген адамының тәніндегі жараның бәрін суреттеуге тырысқан. Бейнебір барлығын есінде сақтап қалғысы келгендей...

«Қолында таяғы бар, сылти басқан толық, сұлу әйел келеді. Тағы екі-үш жандар. Сол әйелдің тісіне салған алтын сызық тіс түбінен, екі таңдай тіс арасынан жіңішке боп ілінеді (шебер). Бесінші болып менің қасыма беті, қолы, білегі тыртық семіз әйел келді. Төртінші – сары ала көйлекті жас әйел, қолы тыртық, жара...»

«Бірінші семіз әйел (менің көршім) сөйледі. Ин-тың екінші курсында едім. Кеудем, аяғым, қолым – 9 айға емделдім. Жара жазылды. Жүріс қиын, ауыр (өң-ажары таза). Іздері көп қалды. Жыласы сыпайы».

«Екі құлағы шұнақ, беті қисық, өңі қатты жүдеу, желке шашы түсіп қалған Квояне из города Нагасаки, г-жа Квояне.

Бес жас бірге тұр – әйел сөйлеп тұр. Менің бетімнен із өтсе де, қаза табы кетпейді (өзі аппақ, шашы қара). Біздің өмірімізде әлі де қайғы көп. Қаны азайып, ауруы қашан басталады деп қорқудамыз. Төрт нәрсе өтінеміз. Жәрдем ғана сұраймыз. Жалпы, мақсұт таптық, давайте будем бороться за мирные дела. Беті күйген бір жас қыз, тыртық бар. Бар жас осындай жаралы, кем боп қалған уыз жастар. Залда әйелдер жылап отыр. Көп әйел жылап отырды. Бар шетел өкілдеріне алғыс».

Күнделіктің адам келбеті мен жарасы суреттелмеген күні мен беті жоқ деуге болады. Атом бомбасы салған қасірет, оның жапонның бір емес, бірнеше ұрпағын ауру еткені жазушы жүрегіне шын бататын. Өйткені 1949 жылдың 29 тамызынан бері Жапонияға тасталған бомба Семей жерінде де сынақтан өткізіле бастаған. Былайша келгенде, Хиросима-Нагасаки-Семей қасіреті бір еді. Туған топырағындағы қасіреттің салдарына көзі жеткен жазушының ол туралы жазбауы, жазғысы келмеуі мүмкін емес қой.

Яғни М.Әуезовтің атом қасіреті туралы роман жазғысы келгеніне екі болжам бар. Бірі – туған жеріндегі қасіретке үн қату. Екінші – Жапония күнделігіндегі адам образдарының көп суреттелуі. Мұнан біз атом қасіретіне жазушының жапон көзімен қарауға талпынғанын байқаймыз. Өйткені кеңестік азаматтың партияға қарсы шығуына болмайды. Енді роман барысына келейік. Күнделікте көп суреттелетін бір адам бар. Ол – Кикгава.

«Кикгава да бұнда келді. Жаңа жиып берген көп ақшаны ол алмай, құрбандықтар пайдасына деп жөнелтті. Өзі аса қайратты, отты жігіт болса керек. Шашында мүлде ақ жоқ. Түрі ер жүзді. Өте әдемі сөйледі. Сол сағатта мен 500 метрдей жерде бомбаубежищеде едім. Содан аман қалдым. 15 кісі үй жандарым қаза болды. Қазір қара жұмысшы. Үш саусағым, оң қолы да әлі жұмыс істемейді. Бірге алысуымыз керек».

Және тағы Кикгава туралы:

«Кикгава – пластикалық операцияны ең көп көшірген адам.

«Кикгава бір жарым километрде болған. Журналда соның арқасы көрінген. Семьясы 3-еу еді. Әкесі өлді. 6 жылдай больницада болдым. Қайталанбаса деймін, Хиросимаға түскен хал. Даусы ажарлы, өзі жақсы сөйлейді».

Біздіңше, осы Кикгава жазушы романының негізгі кейіпкері болуы мүмкін еді. Өйткені ол жарылыстан 500 метрдей ғана қашықта болып, бәрін анық көрген. Туған-туыстарынан айырылған. Былайша келгенде, атом қасіретінің бәріне жуығын басынан өткерген жан. Бұл роман үшін таптырмас кейіпкер болар еді деп ойлаймыз. Бәлкім, осы роман жазушы шығармашылығындағы ең шоқтығы биік туынды болар ма еді?!

Есіңізде болса, «Абай жолы» романының соңында Семей даласындағы алып бәйтерек құлайтын еді. Ол қазақ үшін үлкен қайғы болды. Ал атом қасіреті туралы романда Семей даласындағы ағаш біткен, өсімдік біткен бір сәтте жойылып кетер. Сонымен бірге ол топырақ бедеу тартар. Ал бедеу топырақта ауру ұрпақтан өзге не туады? Жазушының алып жүрегін толғаған да осы болса керек.

Николай Анастасьев Әуезовтің өлімі туралы:

«В медицинском заключении указана причина смерти: рак желудка. Все же, выходить, рак. Но умер Мухтар Ауэзов на операционном столе – стало быть, не выдержало сердце, на которое как раз он вроде никогда не жаловался. Только ведь другой нож, не хирургический, фатально, в последний раз, повернулся.

Резала Система. Даже лаская, все равно резала», – дейді. Яки жазушы өліміне асқазан рагін емес, жүйені кінәлайды. Оның тұтас өмірі наркозсыз жасалған отаға ұқсайтындай. Қатты ауырсынған шақта ғана басынан сипап отырды. Бірақ жүзі қайтқан пышақпен кесе берді. Қаза үстіне сөйлеген сөздің бәрін Анастасьев «құсқыңды келтіретін сөздер» деп бағалап, ортасынан Ғабеңнің ғана сөзін ойып алады. Расында Әуезов қазасы туралы Мүсіреповтен асырып айтқан ешкім жоқ.

«Ат тұяғын тай басар» дейтін ескі нақыл көркемөнер дүниесіне заң емес. Бір жазушының орнын екінші жазушы баса алмайды, әрбір жазушы өз орнында бағалы. Бұдан былай қақ ортамызда ойылып қалған Мұхтардың орнын өзінен қалған асыл мұрасы ғана толтырады. Мұхтар бізге орнын қалдырған жоқ, Мұхтардай мол, құлашты еңбектер жазу борышын қалдырды, орнын жоқтатпау парызын қалдырды.

… Сенің орныңды сөзбен емес, іспен жоқтатпауға тырысармыз. Бұл уәдені анттай берік ұстармыз!»

Сөз зергері бұл уәдесін орындау үшін не істеді деген сауал туады. «Жапон балладасын» жазды. Осы тұста Мұхаңның күнделігіндегі үш жазбаға назар аудару керек.

Бірінші, атом бомбасынан зәбір көрген, зағип болып немесе мүгедек болған әйелдерді Әуезов көп суреттейді. Оларды біраз жоғарыда жазып өттік. Екінші, күнделікте: «Көлеңке таста – адамнан белгі жоқ» деген сөз бар. Ол Хиросима музейіндегі тас туралы жазып отыр. Бомба түскенде адам көлеңкесі таста мәңгі қалып қойған. Үшінші, заңғар жазушы Кикгаваның арқасындағы жараны айтып, оның журналға шыққанын сөз етеді.

Енді, Ғабеңнің «Жапон балладасына» келейік. «Көздің әңгімесі». Мектеп бітіруіне аз қалған 15 жасар қыздың бомба зардабынан зағип болғаны туралы сөз болады әңгімеде. Сонымен қатар Әуезов сүйсіне суреттеген жапон тазалығы мен нәзік жаны да осы әңгімеде көрініс тапқандай. 

«Тастың әңгімесі». Ғабең атом бомбасының қасіретін, сол сәттегі оқиға тізбектерін тастың көзімен суреттейді. Бұл әңгіме саңырауқұлақ жарылыстан кейінгі 15-20 секундтық уақытты суреттейтін ерекше әңгіме. Ал бұл тастың Әуезов күнделігіндегі тас болмасына кім кепіл?!

«Арқаның әңгімесі». Бұл әңгіменің кейіпкері – Кикгава. Анығында оның қайбір елдің картасына ұқсайтын арқасы.

1957 жылғы Жапония сапарынан оралғаннан кейін Ғабең мен Мұхаң қазіргі Төлебаев көшесін бойлай серуен құра жүріп әңгіме айтпауы мүмкін емес. Сол әңгіме үстінде аға жазушы әсерлерімен бөлісіп, өзіне қызық көрінген дүниелерді сөз етсе керек. Ал Ғабит Мүсірепов 1967 жылы Жапонияға барғанда жазушы айтқан нәрселерге баса назар аударып, осы шығармаларды жазып шықты. Әрине, роман жаза алмады. Бірақ жоғарыда айтып өткеніміздей, атом қасіретін жапон көзімен суреттеді. Осылай Ғабең ағаның алдындағы уәдесіне беріктігін аңғартқандай.

М.Әуезов жапония туралы әңгімеге 1957 жылғы сапардан соң оралған жоқ. Төрт жыл бойы бұл күнделіктің ашылмауы – белгілі бір кедергілердің болғанын айғақтайтындай. Өйткені әр сапары жайлы жазуға құмар жазушы дәл Жапония туралы неге үнсіз қалады?

ХХ ғасыр басында аумалы-төкпелі кезең болды. Бүкіл Алаш зиялылары келген өкіметтің қатыгездігіне ерте көз жеткізді. Осы тұста М.Әуезовті шет елге қашқан жазушы ретінде елестетемін. Ол жақта жатып ол қандай шығармалар жазар еді? Ол бізге жетер ме еді? Бәлкім, Нобель сыйлығын алауы да ғажап емес қой. 1930 жылдары Париж ресторандарының бірінде Хэмингуеймен бірге отырғанын елестетіп көріңізші. Жалпы, қазақ жазушылары ішінде Нобель сыйлығын алған жазушылармен көп аралас болған М.Әуезов еді. 1965 жылы Кеңес өкіметінен Нобель сыйлығын алған М.Шолоховпен пікірлесіп, хат алмасып тұрды. Сол Шолоховпен бірге Нобельдің шорт-листіне өткен К.Паустовскиймен бір үйде тұрған. Бұл туралы орыс жазушысы: «…С большим трудом переехал в Алма-Ата… Город чудесный, весь в густых садах, у подножия снеговых гор, много солнца, жара, но все же тоскливо на сердце… Живем у чудесного человека — казахского писателя Мухтара Ауэзова, он уступил нам одну комнату..» деп жазды хаттарында.

1957 жылғы сапарында М.Әуезов жапон жазушыларымен кездескенін, олардың арасында «Аоно, Хино Асихей, Эгуси Кан, Исидзаки Тахудзо, Ясунари Кавата» сынды қаламгерлер барын күнделігіне түртіп алған. Ал Ясунари Кавабаты 1968 жылы Нобель сыйлығын алды. Иә, қазақ жазушысы осылай болашақ Нобель лауреаттарымен дастарқандас, мұңдас, сырлас болған еді.

1918 жылы Әуезов «Япония» мақаласында мынадай дерек келтірген-ді: «Япония әдебиеті гүлдене қоймаған. Японияның әдебиеті басталғалы талай заман болды. Бұл күнге шейін тұтынып келе жатқан – ескі әдебиеттің жолы.  Өзге жағының ілгерілеуіне қарағанда, солақай, кем қалған нәрсе – Японияның әдебиеті. Бұл турасында Япония жайын жақсы білетіндер: «Япония өзге жағынан сонша бай болып, әдебиетпен айналысуға қолы тимеген» дейді».

Яғни ХХ ғасыр басындағы жапон және қазақ әдебиеттері бір деңгейден басталды. Екеуінде де кәсіби әдебиет жолға қойылмаған болатын. Осы тұста екі әдебиеттегі алғашқы шығармалардың ұқсастығын, сонымен бірге екі әдебиеттің де модернизм бағытында күш ала бастағанына көзіміз жетеді. Б.Майлин, Ж.Аймауытов, М.Әуезовтердің алғашқы әңгімелері модерн әдебиеттің критерийлеріне жауап беретін. Бірақ біздің әдебиет соцреализм деп аталатын қолдан жасалған бағытқа ұрынды. Арада 50 жыл уақыт өткенде жапон жазушысы әлемге әйгілі сыйлықтың лауреаты атанды да, қазақ әдебиеті орыс әдебиетінің көлеңкесінде қалып қойды. Жазушы отадан аман шыққанда, алдағы шығармашылық жол даңғыл еді. Өйткені жылымық кезеңі жақындап келе жатты. Сол уақытқа жеткенде біз Әуезов қаламынан атом қасіреті жайында шығарма оқыр едік. Сенгім келеді...

* * *

Төрт жігіттің әңгімесі көбіне елінің саяси жүйесін сынаудан тұратын. Бірақ тұтас халықты жамандыққа қимай, жиі-жиі ұлы жазушыларын, өнерпаздарын, болмады дегенде ескіден қалған өнер туындыларын мақтан етіп отырған. Мен де Әуезовті айтып мақтанғым келді. Бірақ оны түсіндіру үшін Абайды айтуым керек еді. Тұтас кеңестік билік дегенді түсіндіруім де қажет-тін. Сонда отырып, Мұхаңның атом бомбасы туралы романы жазылған, болу-болмауы неғайбыл басқа дәуір жайында армандап кеттім.

Тегтер: