Әуезовтің «Көк қарышқыр» әңгімесі туралы
Мұхтар Әуезовтің 1928 жылы Фрунзеде латын әрпімен қырғыз тілінде «Көк қарышқыр» деген атпен жеке кітапша болып шыққан әңгімесі жайында ф.ғ.к. Лаура Дәуренбекова «М.Әуезовтің «Көк қасқыр» аудармасы табылды» деген атпен «Егемен Қазақстан» газетінің 2024 жылғы 1 сәуірдегі санына мақала жазып, тың жаңалықтарымен бөлісті.
2023 жылы арнайы ғылыми жоба бойынша іссапармен барып, аталған әңгімені кездестірген ғалымдар (Р.Дәуренбекова, Е.Солтанаева) шығарманың көшірмесін түсіріп алған екен.
Бұл шығарма бұған дейін әуезовтану саласында белгісіз болып келген. Осы беймәлім әңгіме бірқатар сұрақтар тудырды. Мәселен, «Көк қарышқыр» мен «Көксерек» арасында байланыс бар ма? «Көк қарышқыр» (Көк қасқыр) неге қырғыз тілінде жарық көрген? Қазақша нұсқасы (бар болса) қайда? Бұл әңгіме аударма ма, төл шығарма ма? Аударма болса, аудармашысы кім? Төл шығарма десек, қолжазбасы неге қырғыз тілінде (қолжазба латын әрпінде сия қаламмен қырғыз тілінде жазылған). Әңгімені Мұхтар Омарханұлы Әуезов қырғызша жазған ба? Жалпы жазушының шығармашылық өмірбаянында оған мысал бар ма? Қолжазба автордікі деп санауға қандай негіз бар? Сондай-ақ енді-енді латын әліпбиіне көшіп жатқан кезде жазушы латынша әрі қырғызша қалайша жатық жазды? Қолжазбада латыншаны жаңа меңгеріп жүрген жазушының қолтаңбасы біліне ме? Аталған кітап Қазақстанның кітапханалары мен мұрағаттарында неге сақталмаған?
Осындай сұрақтарға жауап іздеп, биылғы жылдың 13-19 мамыр аралығында (М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкерлері: ф.ғ.к. Ермек Ханкей, PhD докторанты Алмас Оралбек) ғылыми іссапармен Қырғызстанға бардық. М. Әуезовтің «Көк қарышқыр» әңгімесінің қолжазбасы мен басылымын өзара салыстырып, ол туралы қосымша нақты мәліметтер іздестіру үшін Бішкектегі мұрағаттар мен кітапханаларда болдық.
1928 жылы Фрунзе (қазіргі Бішкек) қаласында «Киргосиздат» баспасынан 10 000 данамен қырғызша, латын әрпінде «Көк карышкыр» деген атпен жарық көрген бұл балалар әңгімесі жөнінде Ч.Т. Айтматов атындағы тіл және әдебиет институтының қолжазбалар қорында; Қырғыз Республикасының Орталық Мемлекеттік архивінде; Қырғыз Республикасының Орталық Мемлекеттік қоғамдық-саяси құжаттар архивінде; Бішкек қаласының мемлекеттік архивінде; Қырғыз Республикасының Мемлекеттік кітап палатасында; Қырғыз Республикасының Орталық кітапханасында іздестіру жұмыстары жүргізілді.
М. Әуезовтің бұл шығармасының латын әрпіндегі қолжазбасы мен латын әрпіндегі 1928 жылы шыққан кітабына өзара текстологиялық салыстырулар жасалып, кирилл әрпіне түсірілді. Қолжазба мен кітаптың көшірмелері алынды. Сол сияқты М.Әуезовтің қырғыз тіліне аударылып жарыққа шыққан еңбектерін түгелдей қарап, бізге белгісіз басылымдарын жинастырдық.
«Көк қарышқыр» жайындағы құжаттарды, архив катологындағы мәліметтерді, микрофильмдерді институттың қолжазбалар қорына тапсыру және де осы материалдар негізінде ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу нәтижесінде Ч. Айтматов атындағы тіл және әдебиет институтымен бірлесіп, М. Әуезовтің «Көк қасқыр» (балалар әңгімесі) әңгімесінің қырғыз және қазақ тіліндегі басылымын дайындауды жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Біз білетін «Көксерек» 1929 жылы «Жаңа әдебиет» журналының №2-3 сандарында жарияланған («Көксеректің» қолжазбасы сақталмаған). Араб әрпімен терілген. Соңында: «Ташкент. 1929 январь» деген анықтама бар. Ал одан бұрын жазылған жазушының «Көк қарышқыр» атты шығармасы бар екенін және қырғыз тілінде жеке кітап болып басылғаны туралы мәлімет жоқ. Әуезов мұражай-үйінің директоры, әуезовтанушы-ғалым, ф.ғ.к. Диар Асқарұлы Қонаев та бұған дейін ондай дерекке кездеспегенін айтады.
Сөйтіп, жазушы шығармаларының бізге белгілі дереккөздерін түгелдей дерлік қайта қарап шығуға тура келді. М.Әуезовтің қолжазба мұрасы, өмірі мен шығармашылық шежіресі, әр жылдары шыққан көптомдықтары мен библиографиялық көрсеткіштері, шығармаларының елу томдық толық жинағы, Әуезов энциклопедиясы, т.б. еңбектерден «Көк қарышқыр» туралы ешбір дерек кездеспейді. М. Әуезов шығармалары, соның ішінде «Көксерек» қырғыз тіліне аударылған. Жалпы, Әуезов және қырғыз әдебиеті жан-жақты зерттелген сала. Нақты еңбектер бар. Тіпті қырғыз-қазақ әдеби байланысын зерттеуші мамандар да (қырғыз да, қазақ та) ол жайында бұған дейін ешқандай мәлімет бермеген. Біз бұл әңгіме Қырғызстанда әр жылдары шыққан М.Әуезов шығармаларының қырғыз тіліндегі жинақтарына енуі мүмкін деп, солардағы жарияланымдарын да қарап шықтық. Атап айтсақ, «Караш-Караш» деген атпен 1969 жылы Фрунзеде жарыққа шыққан әңгімелер жинағында «Көксерек» бар (аудармашы – Б. Дүйшенов); 1980 жылғы «Көк жал» деген кітапта «Көксерек» – «Көк жал» деп берілген (аудармашы – М.Арыстанбеков). «Көк қарышқыр» (Көк қасқыр) енбеген. Қайталап айтамыз, «Көк қарышқыр» бізде жарыққа шықпаған және де бізге белгісіз әңгіме.
Жалпы, М. Әуезовтің Л.Н. Толстойдан, А.П. Чеховтан, Дж. Лондоннан аударған әңгімелері бар екені мәлім (иттер мен қасқырлар туралы). Бірақ бұлардың жариялануы «Көк қарышқырдан» көп кейін және аударма болады. «Көк қарышқыр» болса, «балалар әңгімесі» деп атап көрсетілген жазушының қасқырлар тақырыбындағы алғашқы шығармасы болып отыр. Осыған дейін біз «Көксеректі» атап келдік. Сондай-ақ жазушы жиырмасыншы жылдардың соңында бірнеше оқулықтар жазған. Міне, солардың ішінде балаларға арнап жазған әңгімелері бар. «Әдебиет тарихы» (1927), «Жеткіншек» (1930), 1929-1933 жылдары жазылған «ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті (6-класс)» еңбектерінде «Көк қарышқыр» туралы мәлімет кездеспейді. Тек қана «Новый аул. Вторая книга для чтения по русскому языку для казахских детей школ І ступени» атты оқулығына «Волчонок», «Нападение волка на стадо» деген қасқырлар әлемі жайында жазылған шағын әңгімелері енген. Бұлардың бәрі де мазмұндас, тақырыптас болғанымен, «Көк қарышқырдан» кейін жазылып, жарыққа шыққанын атап айтамыз. Бір таңғаларлық жайт: 1928 жылы С.Сәдуқасовтың жазушыларға қойған 6 сұрағына берген жауабында осы шығармасы жөнінде М.Әуезов ештеңе жазбайды. «Өз жайымнан мағлұмат» деп аталатын сол мақаласында жоғалған еңбектері туралы дерек береді, бірақ бұл әңгімесі туралы айтпаған (жазғаны, жарық көретіні т.т. туралы да). Және де осы әңгімесінің жазылып, жариялануы кезінде М. Әуезов С. Сәдуақасовпен тығыз қарым-қатынаста болғаны белгілі. Ол 1928 жылы Москвада «Молодой Казахстан» деген атпен шыққан кітапшаның алғысөзін жазып, қырғызша аудармасын редакциялаған (Перевод с киргизского под редакцией С. Садвокасова) кезінде де Әуезовтің «Көк қарышқыр» атты қырғыз тілінде жазған немесе жазып жатқан, бәлкім, баспадан шыққан әңгімесі бар екені жөнінде ешбір дерек бермеген (жинаққа М. Әуезов, Ж. Аймауытов, Б. Майлиннің әңгімелері енген).
Алайда осы жылдардағы М.Әуезовтің Жетісуға сапары кезі «Көк қасқыр» әңгімесінің жазылуымен біршама сәйкес келеді. 1927 жылдың шілде айының бас кезінде Әуезовтің Алматыға келгені туралы «Тілші» газеті ғана жазып қойған жоқ, сол газетте істейтін «өзіміздің Рахым» ертіп келіп, алғаш таныстырған еді деп еске алады «Мұхтармен алғашқы кездесуім» деген естелігінде Фатима Ғабитова. Естелік авторы: «Мұхтар өзінің Алматыға бүгін келгенін, мүмкін болса біздікіне барғысы келетінін білдірді. Ол күндерде «Түркістен-Сібір» жолы Алматыға жетпеген уақ. Фрунзеден Алматыға шейін ат арбамен жүрілетін. Мұхтар да ат арбамен Фрунзеден келіп, төмен базардағы шайханаға тоқтапты да, «Тілші» басқармасына барыпты. «Тілшіден» біздің үйді білетін Рахымды ертіп, біздікіне келіпті» деп жазады. Жетісу сапарына көңілі толып, «Ол ырза болып, августің аяғында Алматыдан аттанды» дейді. Жазушы Пішпекке, Қызылордаға соғып, 17-18 күндей жол жүріп, Ленинградқа жеткен соң 7/ІХ – 27 Фатимаға жазған хатында: «Алматыдан 21-күні жақсы компанияны тастап, бір күнді болса да олжа көріп, асығып кетсем де, Пішпекте Ғибат хазірет қуып жетті, Қызылордаға шейін бірге келдік.
Бұнда әлі сабақ басталған жоқ. Бір айсыз басталмайтын да шығар. Осы уақытты пайдаланып, өз бетіммен бір азырақ жұмыс істемекші болып отырмын. Ненің жайы, не істеп шыққанымды келесі хатта жазамын» деген.
Мұндағы Фрунзе арқылы келгені мен кеткені туралы мәліметке қарағанда, жазушының жол-жөнекей, асығыс-үсігіс жүрді деуге дәлеліміз жоқ. Онда қырғыз достарымен, қаламгерлермен әңгіме-дүкен құрып, тіпті нақты жоспарлар жасалған сияқты. Және де «Қилы заман», «Қараш-Қараш оқиғасына» дерек жинап, Жетісуда болған кезінде Қарқара жағынан жақын жатқан қырғыздарға да барып қайтуы әбден мүмкін. Осы барыс-келіс кезінде «Көк қасқыр» әңгімесін жазу мәселесі қырғыздар тарапынан ұсынылған деп санауға негіз бар. Оған төмендегі «Киргосиздаттың» 1927 жылғы жоспары дәлел бола алады. Сонымен қатар тап осы жылдары қырғыздар мектеп оқулықтарын жазу мәселесін қолға алып жатты, демек оның хрестоматиясын қоса дайындау да жоспарланған деп есептейміз. Қалай болғанда да «Көк қасқыр» 1927 жылдың соңына таман жазылып қойған. Ал оның 1928 жылы кітап болып шыққанын жазушы білді ме, жоқ па, ол жағы белгісіз. «Әдебиет тарихы» (1927), «Қилы заман» (1928), «Хан Кене» (1929) сияқты жазушыға қатер төндірген шығармаларының жазылуы мен жариялану жолындағы машақат – Әуезовті әбден титықтатты. Еңбектері солақай сынға ұшырады, тәркіленді, жиырмасыншы жылдардағы шығармаларынан бас тартқызды, қайта жарық көруіне тыйым салынды. «Көк қасқыр» да солардың тағдырын басынан кешкендей. Ақыры, жазушының 1930 жылы тұтқындалуымен аяқталды...
Сонымен, «Көк қарышқырдың» бір данасы Қырғыз Республикасының Орталық Мемлекеттік архивінде сақтаулы тұр (Фонд 656, опис 2, Ед.хр. 153, дело 4). Либерман. «Хлопковое семеноводство» деген сарғыш түсті картон мұқабамен қапталған папкіде көк сиялы қаламмен жазылған 36 беттік қолжазба және 32 беттік «Көк қарышқыр» кітабы бірге түптелген. Кітаптың мұқабасы жоқ, титулдық беттен басталып, 32-ші бетпен аяқталған. Басылымда шығарманың редакторы, аудармашысы жайында жазылмаған. Сақталуы жақсы. Ал қолжазбада түзетулер кездеседі. Кейбір сөздер мен сөйлемдер сызылған. Ал кітапты бөгде біреу сия қаламмен кей сөздерді жөндеген (редактор ма, автор ма, ол туралы нақты мәлімет жоқ). Папкіде газет қиындылары кездесті, бірақ олар қолжазба мен кітапқа, атап айтқанда, «Көк қарышқыр» әңгімесіне қатысы жоқ. Қолжазбаның бірінші бетіне сол кездегі жауапты адамның кирилл әрпімен баспаға рұқсат берген қолы және «10.000» деген цифр жазылған. «Сведения об изданиях новом алфавите Киргосиздата начиная с 1927 г. по 1930 г.» деген баспаның есебіндегі 1927 жылдың жоспарында «Серый волк» – саны 1, тиражы 10.000, бағасы 16 деп көрсетілген мәлімет кездесті. Ал 1928 жылдың жоспарында басқа еңбектер тұр (ф. 656, оп. 2, д. 4).
1928 жылғы кітаптың 1-ші бетінің жоғарғы жағында кирилл әрпімен М.Ауэзов (қолмен) Детский рассказ (баспа әрпімен) Серый волк (қолмен, кирилл әрпі) На Киргиз. яз. (баспа әрпімен), ал төменде Фрунзе. тип. Киргосиздата. Тираж 10.000 деп жазылған. Архив беттеуіндегі қолжазбаның екінші бетінде avezuulu muqtar деп жазылып, v-ны u-ға түзеткен, auezuulu болып, ал кітапта avez uulu (міне, осы екінші беттегі түзету мен әңгіменің аты, жанры туралы жазған жерлері ғана жазушының қолтаңбасына ұқсайды, ал қалған бөлігі тұтастай басқа адамдікі сияқты...). Осы беттің бұрышында рим цифрымен VІІІ және латын әрпімен «басылысын сатып алды» деген сөзге келетін қолмен жазған жазу бар. Анық емес, әріптер беттеген кезде қиылып кеткен.
Расын айтқанда, қолжазбаны автордікі деуге толықтай дәлеліміз жоқ. Өзге біреудің көшірмесі немесе аудармашыныкі болу мүмкін деген мәселеге де нақты дерек табылмай отыр. Бішкектегі мемлекеттік мұрағаттарда бұл әңгіменің тағы басқа данасы, оған қатысты мәліметтер және де қазақша нұсқасы (жазушының) кездесе ме деп, іздестіру жұмыстары жүргізілді. Болуға тиіс Қырғыз Республикасының Мемлекеттік кітап палатасында кітап сақталмаған екен, бірақ катологта картотекасы тұр. Бұның себебін кітап палатасының басшылығы – мекеме 1939 жылдан бастап жұмыс істей бастағандықтан, оған дейін шыққан еңбектер мұнда болмайды деген үзілді-кесілді уәж айтты.
Белгілі болған жайт: Қырғыз Республикасының Орталық Мемлекеттік архивінде сақталған кітаптың бұл жалғыз данасы (қолжазбасымен бірге) – сигнал нұсқа болып шықты. Осы мәселенің анықталуына жақында біздің институттың ғылыми қызметкерлері: Д. Жақан мен Н. Набиолла ғылыми іссапармен Бішкекке барып, «Көк қарышқырдың» екі данасын кездестіргені себеп болды. Мұнда мұқабасы бар. Міне, бұл кітаптардан жоғарыдағы редакторлық түзетулер (сигнальный экземпляр) түгел салынып, баспадан шыққаны анықталды. Өзара салыстырғанда, 3, 8, 11, 12, 13, 14, 16, 18, 19, 20, 22, 23, 26, 27, 29, 30, 31-ші беттердегі әріп қателер, кейбір жөнделген сөздер, жалпы корректорлық жұмыстың жөнделгенін көрдік. Басқа айырмашылық жоқ. Ең негізгі нәрсе – бұл соңғы нұсқадағы кітапта аудармашы да, редактор да көрсетілмеген. Кітап – 32 бетпен бітеді.
Және де Қырғыз Республикасының Орталық кітапханасында кітаптың микрофильмі сақталған. Фильм Қырғызстанда жасалған. Қырғыз КСР-нің Н.Г. Чернышевский атындағы Мемлекеттік кітапханасының қабылдап алған мөрінде – 1970 жыл көрсетілген. Тапсырыс – №244. Оператор – Гусамутдинов Н.Г. Инвентар №1941. Сақталуы жақсы.
Кітаптың мұқабасында дөң үстінде айналаға қарап тұрған қасқыр, алыста тау мен айдың бейнесі салынған сурет бар. Микрофильм мен аталған кітаптардың мәтінінде ешбір айырмашылық жоқ. Өзара салыстырылды. Демек, Қырғыз Республикасының Орталық Мемлекеттік архивінде сақталған бір дана кітап – титул беттерімен тігілген болып шығады. Мұқабалар жоқ (басы мен соңы). Бір ескеретін нәрсе – қазақ жазушыларының сол уақыттары Қырғызстанда шыққан кітаптарында «қырғызшаға қоторған» немесе «қырғызшалаған» деп олардың аты-жөндері толық жазылған, ал мына кітапта жоқ екенін айттық.
Шығарманы қазақшалап, қысқаша мазмұндасақ, М. Әуезовтің бұл «Көк қасқыр» әңгімесі төрт бөліктен тұрады: 1 Қозыға қасқыр тиді; 2 Қасқырдың ұйығында; 3 Бөлтірік ер жетті; 4 Көк қасқырдың ажалы.
Мұнда тақырып «Көк қасқыр» болып аталғанымен, әңгіме Ұялас туралы. Шығарманы оқып отырғанда, оқиға желісі екеу болып шығады: көк қасқыр және Ұялас. Көк қасқыр аңдып жүріп, балалар (Асылбек, Мұқаш, Ахмат) ойынға айналғанда, олар жайып жүрген қозылардың ішінен қара қозыны алып кетеді. Оны Жақсылық көріп қалады. Айқайлайды. Қуады. Бірақ айырып алып қала алмайды. Көк қасқыр қозыны інінде күшіктеп жатқан қаншығына апарады. Екеуі жейді. Ол тағы да аңға кеткенде, Жақсылық, Асылбек, Мұқаш бар, төрт адам көк қасқырдың ұйығына келеді. Жақсылық көзін ашқан күшіктерді (мұнда жеті-сегіз күшік деп жазылған) тасқа ұрып өлтіреді де, ал көзін ашпаған бір күшіктің тірсегін қияды, екіншісін – Асылбек жалынып, асыраймын деген соң алып кетеді. Міне, осыған Қали деген қойшының айтуы бойынша Ұялас деп ат қояды. Ұялас өседі, ер жетеді, бір күні екі қасқырды (баяғы көк қасқыр мен қаншығы) көріп қалады. Оларға еріп кеткісі келеді. Ақыры, бір күні біржолата кетеді. Қыс түсіп, көк қасқырдың лаңы тоқтамай кеткен соң аңшылар оларды аңдуға шығады. Екі тайғаны бар 10 шақты кісі. Иттердің (тайған) аты – Аққасқа деп аталады. Ішінде қысқы демалысқа келген шәкірт бала Асылбек бар. Сөйтіп, көк қасқырды, яғни Ұяласқа Аққасқалар жабылып, аңшылыр сойылдап өлтіреді. Сонда ғана, қасқырдың құлағына қарап отырып, өзі ен салған Ұялас екенін Жақсылық таниды. Әңгіме: «Ошол энден башка, мурунку Асылбектин койнунда жата турган Уялаштан эми эч бир белги калбаган. Жат, жоо. Адамдын миңде бир касы ачуулу мыкты көк карышкыр болуп кеткен экен.
Бөрү баласы ит болбой жүрүп, ушуну менен келип ажал тапты» – деп бітеді.
Ал «Көксеректе»: «Ес жиған соң, жұрт көк шолақтың құлағына қарап отырып, бұрынғы кеткен Көксерек атты күшікті таныды. Құрмашты ойлап, кейбіреулердің көздерінен жас та шықты. Ауылға әкелгенде, Құрмаштың әжесі боздап келіп:
– Қураған-ай, неңді алып ем?!.. Не жазып едім?.. Баурына салып өсіргеннен басқа не қып еді менің құлыным?! – деп елді тегіс еңіретіп, Көксеректі басқа тепті» – болып аяқталады.
Ұялас – баланы (Асылбекті) өлтірмейді. Оқиға (мекен) – Асаналының ауылында, Талдысай, Бұғылы жайлауында өтеді. Мезгіл – көктем, жаз, күз, қыс. Негізгі кейіпкерлер: Асылбек, атасы, кәрі әжесі, достары: Мұқаш пен Ахмат және ауыл ақсақалы Жақсылық, аңшы – Үсөйун, қойшы – Қали. Барлығы – 8.
«Көк қасқыр» әңгімесінен «Көксерек» повесінің көлемі үлкен және 8 бөліктен тұрады. Оқиғаны қысқаша мазмұндасақ, екі қасқырдың іні айтылады. Онда – Ақ қасқыр деп аталатын қаншығы мен Көк шолақ деген – арланы мекендейді. Жеті күшігі бар. Адамдар бесеуін өлтіріп, көзін ашпаған екеуін қалдырады. Бірінің – тірсегі қиылып, апанда қалса, екіншісін – асырап алады. Құрмаш оған – «Көксерек» деп ат қояды. Мұнда аты аталатын кейіпкерлер: бала Құрмаш, аңшы Қасен және жылқышы Бейсембай, Жұмаш, сосын әжесі бар. Оқиғалық мекендер: Қараадыр, Тастыбұлақ, Ақсораң. Оқиға жылдың төрт мезгілінде өтеді.
Жалпы, шығарманың мазмұны ғылыми көпшілік, қалың оқырманға жақсы таныс, сондықтан түгел мазмұндап жатудан гөрі, оқиғалар мен құрылымдық ұқсастықтарға осылай қысқаша мысал келтіріп отырмыз. Енді, екі шығарманың мәтіндерінен сөздер мен сөйлемдер (дәлел) алып көрсетейік. Ондағы мақсатымыз: бұлар М.О. Әуезовтің шығармашылық өмірбаянындағы беймәлім беттер екенін дәлелдеп, ғылыми айналымға енгізу болып табылады.
Уюгуна жетип калып бир таштан ыргып секире берди эле, нак таманынын астынан бир деме «арс» этип атып туруп көз илээшкенче жанынан сызып өтө берди. Көк карышкыр чукулунан катуу чочуп кетип, бурула секирип кеткенде оозундагы козу шылк этип жерге түштү.
Алдыңкы ыргып турган көк карышкырдын канчыгы экен. Ол чукул чыккан дүбүрттү угуп чочуп аткыганда боорунан ичеги-карыны аңтарылгандай болуп көп карайган эме төгүлүп калды эле. Ол күчүктөрү экен. Жаңы гана тууган жети-сегиз кичинекей, кара кочкул, көкчүл алсыз күчүктөр. Көк карышкыр ошолор менен уюкта калган канчыгы үчүн жортуп барып кара козуну жебей алып келген экен.
Канчык чочуп калса да артынан экөө эки жактан «ыр-ыр» этишип, күрүлдөшүп келип, эси ооңгурап калган кара козуга кайтадан тап беришти.
Көз ачып жумганча кара козу орто жеринен как айрылды. Ичеги-карыны кызарып, жошоруп аңтарылып калды. Тери, эт, сөөк бары да бырчаланып сынып айрылып жатты. Курк-курк этип ачыгып жаткан кекиртектин тоошу угулат. Анда-санда шак-шак эткен болоттой мыкты бычактай курч тиштер кыйчылдап тыбыш берет.
Жаш күчүктөр этке умтулган жок; түк билбейт. Алар үчүн энеси жеди; эмчегинен сүт берет.
«Көксеректен»:
Бір мезгілде бас жағынан сатыр-сұтыр, сырт-сырт сынған ши, тобылғы, қу шөпшектер дыбысы келді де, есін жиғанша бірдеме қасына тасырлатып келіп қалды. Атып тұрды... Баурындағы көп күшік шашылып-төгіліп, ұмар-жұмар домалап қалды. Тұрғанда «арс» етіп, азу тістері ақсиып, ырылдай түрегелді.
Дәл сол кезде түп қарағаннан аса бере, алдына жас, қызыл қозы топ ете түсті. Соның артынан секіріп шыққан – көк шолақ. Ентіккен, көбік аққан тұмсығымен ақ қасқырды айнала иіскеп, әр жерін жалап алды. Содан соң жерде үйелеп қалып, тыпырлап жатқан қозыны көре сала – «ырр» етіп бас салды.
Қозы екі қомағай ауыздың кергісінде қан жоса болып дар-дар айрылды. Сырт-сырт етіп жас сүйек сынды. Қапаш-құпаш қорқ-қорқ етіп қомағай қанды ауыздар асайды. Тұмсығы мен бастары, мойын жүндері қып-қызыл болған қасқырдың жасыл көздері от шашады...
Алдымен туған, көзі ашылған күшіктер жемденіп жатыр. Ең соңғы туған екі күшік бауырын көтере алмай, тырбаңдап жатыр еді; енді оларды бауырына алып, емізе бастады.
«Көк қарышқырдан» (Көк қасқыр):
Айтканындай ошол жерге өңгөлөрүнүн көбүн өлтүрүп, бирөөнүн гана тирсегин кесип ордуна таштап, көзүн ачпаган күчүктү Асылбектерге беришти.
«Көксеректен»:
Жеті күшіктің бесеуін көздеріне қарап отырып өлтірді де, екі кішкенесін тірі қалдырды. Кетерде бұның біреуінің тірсегін қиып қалдырды да, екінші біреуін – ең кенжесін алып жүріп кетті.
«Көк қарышқырдан» (Көк қасқыр):
Энесинин жанынан кетип, жалгыз жатмак болуп, бөлтүрүгүн алып жатты. Аяк жагындагы жууркандын арасындагы жылуу жерге Уялаш жайланып жатып алды.
«Көксеректен»:
Сол үшін кәрі әжесінің қойнынан да шығып кетті. Бөлек жатады. Қасында не аяқ жағында көрпенің астында Көксерек жатады.
«Көк қарышқырдан» (Көк қасқыр):
Акматтын карала күчүгү өлтүрөт, деди.
«Көксеректен»:
Қара ала төбеттің иесі Жұмаш бала жаз бойы Құрмашқа:
«Көк қарышқырдан» (Көк қасқыр):
Ошонтүп мезгилден мезгил өткөн сайын Уялаш чоңоюп эр жете баштады.
Уялаш эми өлүм ойлонбой турган болду. Чоңоюп эр жетип алды, бул күндө үйүнө жеткен иттей кыскалоо тыкырчык тээнеси бар, далысы күдүрөйгөн мыкты көкчолок карышкыр болду.
Жакшылык тышта турган экен. Уялашты көрүп жиберди да:
– О ботом, мынабу капырдын көзү жап-жашыл болуп кетиптир го. Мунун түрү бузулган экен. Заатын тааныйт экен ээ, заатың менен кургур, деди.
Айткандарындай үчүнчү күнү түштө Уялаш кайтып келди. Бирок түрү түр эмес. Өзү ачыккан, буралган. Үстү башы баткак, булганган. Жоошуп жашып калган. Айыбын мойнуна алаган сыяктуу. Балдардын кубанычы койндарына сыйбады. Келип мойнунан кучактап сүйрөйүн дешти эле; ырылдады. Бирок ошондо да багынды. Үйгө ээрчип келди. Тамактандырып кайтадан күүлөндүрүп алды...
Чоңдор: эми муну эскерип байлоо керек; эми дагы бир күнү кетип калат. Күз болгондо өлтүрүп терисин алуу керек. Же болбосо базарга алып барып сатуу керек, деди.
Асылбектер ол сөзгө көнгөн жок.
«Көксеректен»:
Осы оқиғаның ертеңінде кешке жақын ауыл жанында жатқан қойға қасқыр шапты...
Сам жақтағы алыстағы сары жотадан ереуілдеп, екі зор қарайған асты. Ол екі қасқыр еді. Солардың артында тұмсығын жерге салып тоқталмай ағызып, Көксерек кетіп бара жатты. Бір кезде жотадан о да асты. Артынан Құрмаш пен өзге балалар бірі артынан бірі: «Кө-ө-к-ө-к-се-ре-к! Кө-ө-с-е-ре-к!» деп, шақырып айқайлап жүгірді.
Әбден қас қараюға айналған уақытта Көксерек жалғыз өзі баяулап басып ауылға келді. Бірақ үйге кірген жоқ, анадай тұрып қайта-қайта шаңдатып, жер тырнайды. Сары жотаға қарап-қарап қойып, әрлі-берлі жүріп жер иіскелейді. Тыныштала алмағандай.
Көксеректің бұл жайын байқап Құрмаштың әкесі:
– Түу, мына кәпірдің екі көзі жап-жасыл боп кетіпті-ау, тұқымын сезген екен мына жүзіқара; қой, балам, енді мұны өлтіріп, терісін алайық, – деп еді.
Құрмаш бұл сөзге көнбеді. Бірақ осы кештен екі күн өткен соң, Көксерек бір түн ішінде жоқ болды. Құрмаш қашып кетті деуге қимай, айналадағы ши-қарағанды, жар-жыраларды тегіс арылтты. Таба алмады. Осымен жұрттың бәрі кеттіге есептеп қойып еді, үш күн өткенде бір күні таңертең ойда-жоқта Көксерек өз-өзінен сап ете түсті. Құрмаш пен әжесі қасқырдың бұл мінезіне сүйсініп, қуана қарсы алды. Бұл келгенде Көксерек екі бүйірі суалып ашыққан. Өзінің үсті-басы батпақ болып сыбағысқан собалақ жүдеу пішінмен келді. Қайта тұрып қалды. Тағы да бұрынғысынша күйленіп, нық семіріп, енді орасан боп өсе бастады.
«Көксеректен»:
Кісіден қорықпайды. Әсіресе бір көк шолақ бар. Қойды алып соғып жарып жатқанда, қасына сойыл салым жерге келгенше қашпайды.
Даладағы қойға тигенде, әуелі біреуі келіп шабады, соған қойшы алданып жүргенде, бір жақтан келіп екіншісі шабады – десетін болды.
Маңайламайтын жерден, алыстан мылтық атып қорқытпақ болғандар да бар еді. Одан да жасқанбайды. У салғандардың уларын да жемеді. Ол улардан иттер жеп, қырылып қалған уақыттар да болды.
«Көк қарышқырдан» (Көк қасқыр):
Артыкча бир карышкыр бар. Кишиден да жазганып койбойт. Ушу чөйрөдөкү элден күздөн бери талай-талай козу койду жеди. Кырар болду, эми ошого бир айла табуу керек деп жүрүшкөн экен. Бир канча ирет ошол эки карышкыр жүрө турган жолуна уу салган экен. Анын да эми болбоптур жыттап айландырып жебей таштап кетет дейт.
«Көксеректен»:
Ақсораңның етегіне таман келгенде, Қасен он бір, он екі кісілік жиынды төрт бөлді. Өзі Аққсақаны алып Ақсораңның дәл биігінің басына шығатын болды. Өзгелерді тау мен ұсақ адыр, қалың шұбарды айнала қоршап алып, жан-жағынан саумалап, Ақсораңның биігіне қарай қағып шық деп, таратып-таратып жіберді.
«Көк қарышқырдан» (Көк қасқыр):
Карышкырга чыккан ончакты киши эле. Ичинде Жакшылык да Асылбектин атасы да бар. Уучу жигит Үсөйүн. Анын жанында үч-төрт киши бар.
Карышкырлар азырда бой салып качпайт. Тайгандар жакындап калды.
Осы тайғандармен (Көксерек пен Аққасқа) Көк қарышқырдың (Ұялас) ақырғы шайқасы – екі шығармада да өзара мағыналас сөздер, сөйлемдермен суреттеледі. «Көксерек» көлемді шығарма (кейбір ғалымдар көтерген тақырыбы мен көркемдік қуатына сай повесть деп атап жүр) болғандықтан әрі оның күйлеу кезеңдері мен аңшылық жорықтары туралы айтылатын тұстарда осы соңғы айқастағы суреттеулер бөлшектеніп кеткен. Айталық, Көксеректің қара ала төбетпен, сосын көк шолақ қасқырмен, ақырында Аққасқамен айқасы – «Көк қарышқырда» екі тайғанмен шайқасатын соңғы эпизодқа жинақталған. Және, «Көк қарышқыр» балалар әңгімесі, «Көксерек» классикалық шығарма. Біріншісі – жас ерекшелігіне сай және балалардың ойындары мен ойлау жүйелеріне (онда тай үйрету, қозы жаю, түрлі ойындармен ойнау сәттері суреттеледі) сәйкес, екіншісі – әлемдік әдебиеттің үздік үлгілерін үлгі тұту мұратымен жазылған шығарма. Бұл – балалар әдебиетіне жатпайды...
Сондай-ақ жазушының дара стилін танытатын сөз тіркестерін «Көк қарышқырдан» көптеп келтіруге болады. Мысалға, булгуп калганда көк карышкыр майышып барып кулап түштү; Карышкырдын башын кайырып чалкасынан салып алды; бири алкымдан, бири чапдан алып керип салды; көптен көп; бой салып качпайт, т.б.
«Көк қарышқырдың» архив беттеуіндегі 36 беттік қолжазбасы мен 1928 жылғы басылымы арасында текстологиялық салыстыру жүргізілді. Мына төмендегі мысалдардан кейбір сөздердің қысқаруы, өзгеруі, мағыналық айырмашылықтар мен автордың тілдік ерекшеліктері әрі орфографиялық қателер (болуы мүмкін) көрінеді деп санаймыз. Сондықтан сөйлемді тұтас беруді жөн көрдік. Тағы да ескертетін нәрсе: сарғыш түсті ені қысқа, есесіне, ұзындау параққа көк қаламмен таза жазылған автордың (аудармашыныкі деуге де нақты дәлеліміз жоқ) қолтаңбасы (почеркі) әдемі әрі жазушының өз қолтаңбасына ұқсамайды. Әйтсе де, қолжазба автордікі екенін алдағы уақытта нақты деректермен анықталуына мүдделіміз.
1 Қолжазбадағы: «Үйүндөкү кары энеси, өгөй энеси, атасы бардыгы да эркелете турган» дейтін сөйлем кітапта (1928): «Үйүндөкү кары энеси, атасы бардыгы да эркелете турган» болып берілген.
2 Қолжазбадағы: «Кулагы узун, буту алсыз кичинекей, сүйгүнчүктүү кулун энесинин жанында сандырактап жүрсө, үчөө бирдей кубанып жүрүп келип көрөт» дейтін сөйлем кітапта (1928): «Кулагы узун, буту алсыз кичинекей, сүйгүнчүктүү кулун энесинин жанында сандырактап жүрсө, үчөө бирдей кубанып жүгурүп келип көрөт» болып жазылған.
3 Қолжазбадағы: «Жанындагы кичинекей жашак козуларга карганда, бул күрпөң аттай көрүндү» дейтін сөйлем кітапта (1928): «Жанындагы кичинекей жаш козуларга карганда, бул күрпөң аттай көрүндү» деп жазылған.
4 Қолжазбадағы: «ΙΙ. Карышкырдын уюгунда» деген екінші бөлім кітапта (1928): «ΙΙ. Карышкырдын жатағында» болып жазылған.
5 Қолжазбадағы: «Балдар бирин түрткүлөп күлүп, кубанышып келе жатты эле» дейтін сөйлем кітапта (1928): «Балдар бирин бири түрткүлөп күлүп, кубанышып келе жатты эле» деп кездесті.
6 Қолжазбадағы: «Эми бу бөлтүрүк эркек болсо Уялаш коюңар атын. Неге десең өзү бөлтүрүк болсо да, күчүктөй болуп колдо асыралып жатпайбы, деди» дейтін екі сөйлем кітапта (1928): «Эми бу бөлтүрүк эркек болсо атын Уялаш коюңар неге десең өзү бөлтүрүк болсо да, күчүктөй болуп колдо асыралып жатпайбы, деди» болып бір сөйлеммен берілген.
7 Қолжазбадағы: «Көбунө есе иттерден жеке жүрөт» дейтін сөйлем кітапта (1928): «Көбунө иттерден жеке жүрөт» деп берілген.
8 Қолжазбадағы: «Балдар койчуну ээрчитип алып иттердин аркасынан көп убак кыдырып чыкырып келе жатты» дейтін сөйлем кітапта (1928): «Балдар койчуну ээрчитип алып иттердин аркасынан көп убак қиқырып чыкырып келе жатты» болып кездесті.
9 Қолжазбадағы: «Акмат чоңдордон уккан сөз боюнча:» дейтін сөйлем кітапта (1928): «Акмат чоңдордон уккан сөзү боюнча:» деп берілген.
10 Қолжазбадағы: «Жондун берки бетине келгенде өздөрүнө карай киялап келе жаткан карышларкырды көрдү» дейтін сөйлем кітапта (1928): «Жондун берки бетине келгенде өздөрүнө карай киялап келе жаткан карышкырды көрдү» болып кездесті.
Ермек Ханкей
М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және
өнер институты «Әуезов үйі» ғмо-ның қызметкері, ф.ғ.к