Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:02, 13 Қыркүйек 2024

Әуезовтің оңтүстікке сапары немесе құпия қойын дәптері

Әуезов
Фото: ашық дереккөз

Жазушы Мұхтар Әуезов 1959 және 1960 жылдары Оңтүстік Қазақстанды аралап, халықтың тұрмыс-тіршілігімен танысып, кездесулер өткізіп, жинақтаған зерттеулерінің нәтижесінде дүниеге келген «Өскен өркен» романының жалғасын қазыналы Қаратаудың теріскейіндегі киелі Созақ ауданынан құнды деректермен толықтырғаны тарихтан белгілі.

1960 жылы соңғы сапарында Созақтағы даңқты Сүгір күйшімен кездесіп, шертпе күйлерінің құдыретіне тәнті болып: «Созақтан бір Тәттімбетті таптым, тезірек жеткізіңдер мынаны елге!» деп, бірге жүрген Тәкен Әлімқұловтың тізесінен қағып, масаттанған, аттанып бара жатқанда: «Созаққа барсаң күйшімін деме!» деген тарихи сөзін айтқан екен.

Ұлы жазушының Оңтүстікті аралаған сапарында бірге болған қаламгер Әділбай Омаров «Социалистік Қазақстан» газетінің 1969 жылы тамыздың 30 күнгі нөмірінде Мұхтар Әуезов туралы «Өзгеге өнеге» очеркінде: «Ел аралап, еңбек адамдарымен әңгімелескенде Мұхтар Омарханұлының қолынан қалам, қағаз көрмейміз. Ал бір жерге келіп жайғасқанда дәптері мен авторучкасын алады да, манағы көрген-білгендерін, естеліктерін еске түсіріп, керек дегендерін қысқаша жаза бастайды. Оның үстіне: «Осы дұрыс па?» немесе «Манағы жердің аты қалай еді?, «Әлгі бір кісінің есімі кім еді?» деп қасындағылардан сұрайтын, жөні келгенде ақылдасатын әдеті де бар еді. Мұны Мұхаң, баз біреулер сықылды, ар көрмейді. Ол кісі күн сайын дерлік таңертең кешегі жазғандарына көз жүгіртіп, «малын» бір түгендеп қояды» деп жазады. Ал Мұхаңның Оңтүстік сапарында қасында көп жүрген жазушы, абыз ақсақал Ерінбек Тұрысов өзінің естеліктерінде: «Мұхаң қолы сәл қалт еткенде оңаша отыра қалып, қойын дәптерін тізесіне қойып, күнделікті кездесулерін түртіп алып отыратын еді» дейді.

Кейінгі кезде «Ұлы Мұхаңның сол қойын дәптері қазір қайда, егер болса, қайда сақтаулы тұр, кімнің қолында? Мұхаң Сүгір күйшімен кездескен сәтін ескерусіз қалдыруы, дерек жазып, қалдырмауы мүмкін емес қой?» деген ойға қаласың.

2002 жылы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына бір барғанымда беті әйнектелген сөренің астында: «М.Әуезов. Оңтүстік сапары» деген жазуы бар, Мұхаңның қолымен жазылған қойын дәптердің бір бетін көрген едім. Ұмытпасам, арасы алшақтау 4-5 сөз тіркесі болды, қазір не жазылғаны есімде қалмапты. Сұрастырып көріп едім, ешкім мардымды ештеңе айтпады. Сонда қойын дәптердің қалған беттері қайда кеткен деген ойға қалған едім. Кейін де, талай рет барғанымда мардымды ештеңе таппадым. Бірде Алматыдағы Ұлттық кітапханада жолығып қалған Мұрат Мұхтарұлы Әуезов ағамыздан сұрағанымда, бейтаныс адам болғасын ба, ол кісі бөгелместен: «Бәрін Керімбек Сыздықов біледі, содан сұраңыз!» деді де, өтіп кетті. Ол кезде көзі тірі марқұм К.Сыздықов – Қазақ университетінде оқып жүрген кезінде М.Әуезовтен дәріс алды. Одан соң М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына қызметке тұрып, талай жыл ғылыми қызметкер болып еңбек етіп, аспирантурада оқыды. Ғылым жолын жалғастырып, филология ғылымының докторы, елімізге танымал ғалым атанды. Айтпақшы, К.Сыздықов Сүгір күйші тұрған Созақ ауылында туып-өскен азамат.

Бұл мәселе бойынша нақты біреулерге кінә артуға болмас, әрине. Сүгір күйшінің алдынан талай қысастықтардың кезіккенін ел жақсы біледі. М.Әуезов атындағы Халық университеті ректорының 1983 жылы Сүгірдің күйлерін Төлеген Момбековке телуге белсене кірісіп, жұртшылықтың жағасын ұстатқан, кәсіби музыка мамандарының ашу-ызасын туғызған арнайы сабағы еске оралады. Осындай сорақы оқиғаның куәсі болған, «Алматы ақшамы» газетінің 2017 жылғы 13 шілде күнгі нөмірінде жарияланған «Дүние шіркін...» атты эссе-элегиясында Қазақстанның Еңбек Ері Ілия Жақанов ағамыз: «Мен Сүгірдің «Бозінген» күйі төңірегінде кешегі бір бәтуасыз айтыс-тартысты елестеттім. Күй әлемінен хабары жоқ біреулер «Бозінгенді» Төлеген Момбековке теліп, ол дау-дамайға ұласып, ақырында Композиторлар одағында Ғазиза Жұбанова бас болып өткізілген үш күндік мәжілісте Сүгірдің күйшілік болмысы тиянақты ашылып, «Бозінген» күйі өзіне қайтарылды. Шындық жеңді!» деп жазды.

Бұл әңгімені кезінде Қазақстанның халық әртісі, профессор Алдаберген Мырзабеков те күйіне айтқан болатын. Ал енді осы – Композиторлар одағында өткен, үш күнге созылған мәжіліс хаттамасының сақталмай, жоғалып кетуін қалай түсінуге болады? Мұхаң мен Сүгір кездесуінен кейін жазбаша деректің қалмауын, мәжіліс хаттамасының сақталмай жоғалып кетуін тарихқа жасалған киянат деп қабылдамасқа амал жоқ! Кейбір мүдделі тұлғалардың тарапынан өздерінің сорақы қылықтарын жасыру мақсатында жасаған амал-шарғылары екені даусыз. Сүгір күйші мен ұлы Мұхаңның тарихи кездесуін айғақтайтын құнды деректі көптен бері іздестіріп, мардымды ештеңе таппай, кіндігінен тарамасам да, көзін көрген баласы, жанашыры, іздеушісі ретіндебұл ащы шындық туралы оқырманның өзі таразылай жатар деген оймен осы мақаланы жазған едім.

Мәди БАЙДӘУЛЕТОВ

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың доценті,

экономика ғылымының кандидаты

Тегтер: