Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:30, 01 Қараша 2021

Ауған дәстүрі: бача-пош және бача-бази

None
None

Ауғанстан – дін мен дәстүрді берік ұстанатын елдің бірі. Әсіресе әйелдерге жұмыс істеуге, орамалсыз сыртқа шығуға, білім алуға қатаң тыйым салған.

Жұртын қашанда жұдырықта ұстауға тырысқан ел әдемі орамалдың астарында жатқан қара құпиясын жасырын ұстай алмайды. Бүгін айтқалы отырғанымыз – «бача-бази» мен «бача-пош» дәстүрі жайлы болмақ.

Біріккен Ұлттар Ұйымының зерттеулері бойынша, қыз балалар өмір сүру үшін ең нашар елдің бірі – Ауғанстан. Онда әйел адамдардың білім алуға, өзінің сүйікті ісімен айналысуға  не жұмыс істеуге ешқандай құқықтары мен мүмкіндіктері жоқ. Сондықтан ауған халқының арасында «қыз болу – ұят, ал қыз туу – одан да ұят» деген стереотип қашаннан қалыптасып кеткен. Егер де қарапайым ауған отбасында бірде-бір  ұл бала болмаса, қоғамның мазағына айналады деген сөз. Осыдан кейін халық арасында «бача-пош» дәстүрі қалыптасқан.

                              Бача-пош деген кімдер?

«Бача-пош» сөзі дари тілінен аударғанда «ер бала тәрізді киіну» деген мағына береді, бірақ барлық мәселе тек киім ауыстыруда емес. Бача-пош дегеніміз – ұл балаға айналған нәзік гүл. Айтып өткендей, Ауғанстанда ұлы бар отбасы қадірлі саналған. Сондықтан ұлы жоқ отбасы қыздарын ұл секілді киіндірген. Кейбір отбасында ұл секілді киіндіру әйелге келесі жолы ұл босануға көмектеседі деген сенімге негізделген. Яғни ауған отбасы бастапқыда үйдегі кішкентай қызды ер бала секілді тәрбиелей бастайды, артынан оның шашын қысқартады, ұл балалармен араласуға рұқсат береді және басқа қыздарына қарағанда оларға құрметпен қарайды. Тіпті оларға ер баланың есімін берген. Ал бача-пош өздерін ер-азаматтардың арасында барынша сенімді ұстауға тырысқанда, көпшілік  олардың нәзікжанды екенін аңғармайды да екен.

«Әр жыныс өкілі өз рөлін қатаң атқаруы тиіс қоғамда мұндай дәстүрдің болуы адам сенгісіз нәрсе», – дейді америкалық жазушы Нушин Арбабзада. Ол өзі Ауғанстанда туғанмен, 1979 жылғы Совет Одағының шабуылынан соң, елден кетіп қалған. Оның айтуынша, адам құқығын қорғайтын топтар бұл дәстүрді қанша сынаса да,  аталмыш дәстүр халық қанына әбден сіңіп кеткен. Дәстүр бойынша қыз балиғат жасына келгенше ұлша киініп жүреді де, балиғатқа толған соң, бірден қыздың киімін киіп, қыздарға қойылатын талаптарды орындауға тиісті болады. Бір қызығы, көптеген қыздарға ұл секілді киіну ұнайды екен. Олар осы арқылы көптеген артықшылықтарға ие болып, өздерін еркін ұстай алады. Ал қайта қыз балаға айналу көбінде оларға қиындық туғызады. Бача-пош дәстүрінен соң отбасында ұл бала дүниеге келмесе, ұлша киіну мәртебесі келесі қызға беріледі. 2003 жылы ауған режиссері Сиддик Бармак бача-пош туралы «Усама» драмалық фильмін түсіреді. Осылайша ол ел арасындағы әйелдер құқығының шектелуін күллі ғаламға жеткізген.

                               Бача-бази деген...

Ауғанстандағы гендерлік теңсіздік тек әйелдерде ғана емес, ер адамдарда да кездеседі. Елдегі әйелдерге көпшілік алдында билеуге, артық сөйлеуге тыйым салынған соң, бача-бази деп аталатын дәстүр кеңінен тараған. Яғни кішкентай ұлдар әйел образына еніп, байлардың алдында ән салып, би билейді. Бірақ бача-бази бимен ғана шектелмейтінін ауған халқы өздері де білетін секілді.

 Бача-бази – орта ғасырдан бері келе жатқан жасөспірім ұлдар арасындағы зорлық-зомбылықтың түрі. Парсы тілінен сөзбе-сөз аударғанда бача – «ұл», бази – «ойнау», яғни  «ұлдармен ойнау» деген мағынаны білдіреді. Бача-бази әуесқойлары жасөспірім ұлдарға қыздың киімін кигізіп, бояндырып, әшекей тағып, ақшалы ер адамдардың алдында билеуге мәжбүрлейді. Көбінде бача-базидің құрбандары кедей отбасынан шыққан ұлдар болған. Оларды көбінде көшеде ашық түрде ұрлап әкетсе, кейбір балаларды ата-аналары қомақты қаражатқа  өздері  сатқан. Осылайша ел ішінде кәсіптің бұл түрі дамып, жеңіл ақша әкелудің жолы болды. «Би билейтін ұлдарға» ие болу өте беделді кәсіп болып саналды, сондықтан байлар өз мәртебесін көрсету үшін жиі қойылым ұйымдастыруға тырысқан. Құлдықта ұстаушылар көбінде 10-11 жасар сымбатты ұлдарды таңдап, артынан оларға дәстүрлі биде билеу мен ән айтуды үйретіп, жылтыр көйлек пен тіпті жасанды төс тағуға мәжбүрлеген.

Бача-бази ХІХ ғасырдың соңында Бұхара, Ташкент, Самарқан,   Ауғанстан және Пәкістанда танымал болды. Кейін діндегі  имамдар мұның исламға қайшы екенін айтып, тыйым салған екен. Дегенмен Ауғанстанда бұл тенденция әлі күнге дейін кездеседі.

2010 жылы ауған журналисі Наджибулла Кураиши осы тақырыпта  BBC арнасына деректі фильм түсіріп, Хафиз есімді бача-базимен айналысқан баланың өлімін зерттейді. Зерттеу нәтижесінде баланың бұл кәсіппен айналысқысы келмей, қашып кеткені үшін қожайыны әрі полицей азаматтың оны өлтіргенін біледі. Артынан полицейді қылмысы үшін түрмеге қамаған, бірақ бірнеше айдан соң ол бостандыққа шыққан.

Жасөспірім кезеңнен өтіп, жігіттік кезеңге аяқ басқан ұлдар бача-бази қызметінен босатылған. Осыдан кейін олар өз қалауларынша өмір сүре алатын болды. Кейбіріне бұрынғы қожайындары жұмыс табуға, отбасын құруға көмектесті. Бірақ тек билеуді білетін бачаның көбі жаңа өмір бастауға қиналады екен. Психологиясы бұзылған кей жігіттер басқа кішкентай балаларға би үйретіп, бача-базиді кәсіпке айналдырған.

2007 жылы кішкентай ұлдардың арасындағы зорлық-зомбылық жайлы роман желісінде «Бегущий за ветром» фильмі түсірілген еді. Бұл фильм ащы шындықты ғана емес, ауған дәстүрінің кемшіл тұстарын баяндайды.

Айта кетелік, ауған билігіне келген тәліптер бача-базиға қатаң тыйым салды. Олар Ауғанстан жерінде бача-базимен айналысқан адамды өлім жазасына кесетінін мәлімдеді.

Әлемдегі ең өзекті мәселенің бірі – адам құқықтарының шектелуі. Дәстүр мен адамгершілік бетпе-бет келгенде бірінші адамшылықтан аттамауды ойлау керек.

Тегтер: